1930 жылдың 1 мамырында Түркістан-Сібір теміржолының ашылу салтанаты өтті. Шойын жолмен ең алғашқы болып құрылыс заттарын артқан Э-1441 паровозы жүріп өтті. Ұзындығы 1452 шақырымды құрайтын бұл теміржол Орта Азия мен Сібірдің, Семей мен Алматының арасын жалғап Жамбыл облысының Луговой бекетіне дейінгі аралықта созылып жатты. 1927 жылы басталып, 1931 жылы толығымен аяқталған бұл теміржолдың құрылыс инженері қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері Мұхамеджан Тынышбаев болатын.
Тарихшы-ғалым, тұңғыш темір жол инженері, қоғам қайраткері Мұхамеджан Тынышбаев 1879 жылы 12 мамырда Жетісу облысы, Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысында (қазір Алматы облысы Қабанбай ауданы) дүниеге келген. Верный ерлер гимназиясын, император I Александр атындағы Петербор темір жол транспорты институтын бітірген.
XX ғасырдың басында саяси күрестің әліппесін тез меңгерген Мұхамеджан Тынышбаев қазақ халқының келешегі үшін Патшалық ресейге қарсы шырылдап қарсы шыққан алғашқы қарлығаштардың бірі болды. Ол автономияшылардың бірінші сиезінде жасаған «Қазақтар және азаттық қозғалысы» атты баяндамасында: «Үкіметтің нені көздегені белгілі: біріншіден, жабайы да тағылық репрессияларымен және тіл, салт-сана, дін һәм руханият атаулыны орыстандырмақ; екіншіден, түрлі әкімшілік шаралармен, әкімдермен, ережелермен қазақты құқықсыз, заңнан тыс етпек; үшіншіден, оларды қаны сіңген, сүйегі көмілген өз жері пен айырып, шөл-шөлейт жерге қуып, өлім құшағына тапсырмақ. Міне, қазақ бұрынғы дербестігі мен еркіндігінің орнына, орыс бодандығына қантөгіссіз кіргендігінің ақысына жалғандығы» деп ащы шындықтың бетін ашты.
Сондай-ақ, «Қазақтың қазіргі жағдайы мен өмірге қажетті сұранымының жалпы сипаттамасы» деп аталатын мақаласында қазақ халқының ауыр жағдайға тап болу себебін және одан құтылудың жөн-жобасын ұсынады. Осындай ашық пікірінен соң, патша тыңшылары Мұхамеджанның артынан аңду қояды.
***
Қысымға ұшыраған соң, М.Тынышбаев 1906 жылы елге келіп, біраз уақыт Жетісу теміржолын жобалау ісіне қатысады. Сонымен бірге қоғамдық-саяси жұмысымен айналысып, небәрі 28 жасында Жетісу облысының атынан II Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланды. Алайда II Думаны патша қуғындап таратып, қазақ секілді өзге ұлттарды Думаға сайлану құқынан айырады. Дума таратылған соң Түркістан генерал-губернаторлығы қарамағындағы аймақтағы теміржолдың, Әмудәрия үстіне салынған көпірдің, Ұрсат (Урсатьевск) – Әндіжан теміржолының құрылыстарына атсалысты.
М.Тынышбаев 1916-1917 жылдары Қытайға кетуге мәжбүр болған қандастарымызды елге қайтару үшін бел жазбай еңбек етті. Бұл әрі қиын әрі азапты науқан еді. Кезінде Жетісу өлкесін мекендеген 44 болыста 47 мың 759 түтін болған. Соның 40 мың 250-ы босып кетіп, 95200 адам көз жұмған. Бұл да алапат қырғын Мұхамеджан Тынышбаевтың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде белгілі болды.
Ол 1917 жылы қазан айында Том қаласында өткен Жалпы Сібірлік съезге өзге алаш қайраткерлерімен бірге қатысып, Сібір кеңесінің құрамына кірді. Сол жылғы желтоқсанда өткен Жалпықазақтық съезде Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланып, кейін Алашорда үкіметінің төрағасының орынбасары ретінде көптеген заң актілеріне қол қояды.
Тынышбаевтың тағы бір елеулі еңбегін айта кетелік. Бірде А.П.Чулошниковтың қазақ халқының тарихына қатысты жазған кітабын оқып отырып, ұлттың намысына тиетін пікірлерді байқайды. Сол жерде Чулошниковтың оспадар ойларына қарсы сын жазып, академик В.В.Бартольдке жібереді. Бартольд оған қазақ халқының тарихын зерттеп, болашақ зерттеушілер үшін тарихи деректер мен материалдар жазып қалдыруға ақыл қосады. Осы қамшылаудан кейін Мұхаметжан Тынышбайұлы: «Материалы по истории киргиз-казахского народа», «Киргиз-казахи в XVII-XVIII веках», «Ақтабан шұбырынды» секілді құнды жазбаларын қалдырды.
Өкінішке қарай Сталиннің қанды шеңгелі Тынышбаевты да тыныш қалдырмады. Ол 1930 жылы 3 тамызда тұтқындалып, бес жылға сотталып Воронежге бес жылға жер аударылады. 1933–1937 жылдары айдауда жүріп Мәскеу-Донбас темір жол құрылысында жұмыс істеді. Ақыры 1937 жылы Ташкент түрмесінде «Халық жауы» деген желеумен атылады.
1959 жылдың 29-қыркүйегінде Мұхаметжан Тынышбаев Қазақ КСР-сы Жоғарғы сотының және де 1970 жылы КСРО прокуратурасы мен Түркістан әскери округының прокурорының шешімімен ақталып шықты.
Әзірлеген П. САПАР.