Сайрамда атқарылған тірлік көп

Сайрам ауданы бойынша 42 елді мекеннің 37-сі  (88 пайыз) табиғи газбен қамтамасыз етілген. Биыл осы мақсатқа облыстық бюджет есебінен 1,9 млрд. теңге қарастырылған. Қазіргі таңда екі ауылда –Ақарыс және Оймауытта құрылыс жұмыстары аяқталды. Ал, Құтарыс, Көлкент, Қызылжар және Қарабұлақ елді мекендерін «көгілдір отынмен» жабдықтау жұмысы жүргізілуде. Атап айтқанда, Көлкенттегі нысанға 1 287,6 млн. теңге, Қарабұлаққа екі кезең бойынша 550 млн. теңге, Қожақорған ауылындағы 34 гектар газ аумағының табиғи газ құрылысына 50 млн. теңге, Құтарыс және Қызылжар елді мекендеріне 65,6 млн. теңге бөлінген. Жоғарыда үш ауылда құрылыс жұмыстарын биыл толық аяқтау жоспарланып отыр. Осы елді мекендерге орталықтандырылған «көгілдір отын» қосылса, аудан табиғи газбен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Бұған, қала, ауданда, жаңа құрылыс аумақтары да бар. Солардың бірі  Қарабұлақтағы жаңа тұрғын алабында да газдандыру жұмыстары басталды. Арыс ауылдық округіндегі Қожақорған елді мекеніне қарасты 34 гектар жерде жаңа құрылыс қарқын алды. Бұл нысандар 2026 жылға өтпелі. Әрине, газдандыру жұмысына облыстық бюджеттен бөлек, республикалық, аудандық қазынадан тиісінше қаражат қарастырылғанын айтуға тиіспіз. Қазір құрылысы аяқтаған елді мекендерде сығымдау жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада бес ауылда «көгілдір отын» пайдалануға берілмек.

Ал, енді ауызсу ресурстарын пайдалану бойынша айтарым, аудандағы 42 елді мекен түгел орталықтандырылған жүйеге қосылған. Алайда, кеңестік дәуірде іске қосылған су құбырлары бүгінде әбден тозған. Тіпті, жарамайды. Сол себепті Қарабұлақ ауылында өте ауқымды құрылыс жүріп жатқанын аңғару қиын емес. Жобаның құны 9 млрд. теңгені құрайды. Ол жерде бұрынғы колхоз кезінде «Қайтпас су» мекемесі қызмет еткен. Сондықтан біз ауыз су жүйесінің жаңа жобасын дайындадық. Қазір құрылыс сол жоба бойынша жүргізілуде. Арыс ауылдық округіне қарасты екі елді мекен – Нұржанқорған және Қожақорғанда да құбырлардың тозығы жеткен. Оны ауыстыру үшін жаңа жоба әзірленді. Жоба құны 3 млрд. теңгеден асады. Бүгінгі таңда жоба бойынша да құрылыс қарқынды жүргізілуде.

Жалпы, бізде тұрғындар ауыз суды тәулік бойы пайдаланады. Мысалы, шілде айында ағын су тапшы болғандықтан жекелеген азаматтар бау-бақшасын ауыз сумен суарды. Әрине, обал! Соның салдарынан су қысымы төмендеп, биікте орналасқан тұрғын үйлерге сағаттап су жетпей қалу жәйттері кездесті.

Ауданда электр қуатына деген қажеттілік жоқ емес. Оның тапшылығы, әсіресе, қыс мезгілінде қатты сезіледі. Бізге электр қуаты үш жақтан – Шымкенттен, Састөбеден және ТЭЦ-3-тен келеді. Сайрам ауданында 16 қосалқы станса бар. Олардың барлығы ауыр жүктемемен жұмыс істеп отырғанын баса айтуымыз керек. Яғни, энергия қуатының жағдайы әзірге өте өзекті. Мысалы, бізге көптеген инвесторлар келеді. Әрине, оларға кәсібін жүргізіп, ісін бастауға жер табылғанымен электр қуатына қосылу үшін техникалық шарт алу қажет. Жасыратыны жоқ, электр қуаты бізде тапшы.

Дегенмен, бұл мәселе де  жақын арада шешіледі. Ауданымыздағы «Түркістан БГҚ» ЖШС-нің маневрлік генерациялау режимі бар бу-газ қондырғысы базасында салынып жатқан электр стансасы бұл тығырықтан алып шығады деген сенімдеміз. 10000 МВт электр қуатын өндіретін станса Қарамұрт елді мекенінде салынып жатыр. Оның аяқталуына орай облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Ақсукент елді мекенінде 220 КВ қосалқы стансасының жобасын әзірлеу үстінде. Ол «Түркістан БГҚ» ЖШС-не қосылатын қосалқы станса. Егер осы жоба іске асса, ауданда энергия тапшылығы болмайды.

Рас, ауданда электр бағаналары мен сымдары 50 пайызға дейін ескірген. Өткен жылдан бастап оларды кезең-кезеңімен жаңартып жатырмыз. Аудан әкімінің тапсырмасымен бұл бағытта 8 жоба әзірленген. Атап айтқанда, 7 елді мекеннің (Ақбай, Аққала, Қарамұрт, Манкент, Қарасу, Көлкент, Қарабұлақ) біздің бөлім теңгеріміндегі күтімсіздіктен әбден тозған бағаналарды темір-бетон бағаналарға, алюминий сымдарын СИП кабельдеріне ауыстырдық.  Биыл  Нұржанқорған, Қожақорған, Ақсукент елді мекендерінде  осы бағытта құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ол келесі жылға өтпелі болуы мүмкін. Бұл – біздің тарапымыздан жүргізіліп жатқан жұмыстар.  Ал, электр энергиясын таратушы мекеме «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-інің де арнайы инвест-жобалары бар. Соған сәйкес Ақсукентте және Қарамұртта, Көлкентте және біраз елді мекендерде біздің теңгерімдегі жарамсыз трансформаторлар мен бағаналар алмастырылуда.

Биыл тағы бірнеше елді мекенде электр қуатымен қамту мақсатында облыстық бюджеттен 9 нысанға 1,8 млрд. теңге қарастырылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қарамұрт, Көлкент, Қарабұлақ, Низамабад, Қожақорған және Нұржанқорған елді мекендерінде 34 гектар аумақтың құрылысы биыл бітеді. Ақсуабад елді мекеніндегі қосалқы станса және Ақсукенттегі құрылыс жұмыстары келесі жылға өтпелі.

Сонымен қатар, коммуналдық меншіктегі 144 электр трансформаторының 39-ы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-іне берілмек. Бюджет қаржысына қойылған 26 электр трансформаторы  да сенімгерлік басқару үшін өткізілді.

Бүгінгі таңда біздің бөлімнің теңгерімінде қалған 79 трансформатордың 25-і «Сайрам тазалық» ЖШС-нің су ұңғыларына арналған. Ал, 54-іне құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.  Мұндай тапсырма ауыл әкімдеріне де берілді.

Қарамұрт елді мекенінің электр бағаналары мен сымдарын ауыстыруға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Қазір бұл жұмыстар толық қарқынмен жүруде. Қазан айында нысан пайдалануға беріліп, тұрғындар сапалы жарықпен қамтамасыз етіледі.

Иә, ауданда электр қуатына және ауыз суға байланысты шешімін күткен мәселе жоқ емес. Жоғарыда айтып өткенімдей, Ақсукент елді мекенінен қуаттылығы 16 мың киловаттық қосалқы станса салуды бастағанбыз. Биыл оған 100 миллион теңге бөлінді. Енді облыстық, республикалық бюджеттерден қалған қаржысы толық түссе, нысан құрылысын уақтылы аяқтауға мүмкіндік туады. Оған 1 млрд. 400 млн. теңге қаражат керек. Ұсыныс облыстық мәслихат тарапынан қолдау тапқан жағдайда, құрылысқа жан бітеді. Бұл нысан пайдалануға берілсе, электр қуатына деген тапшылық жойылар еді. Одан бөлек, ауыз су жүйесінің де ағымдағы жөндеу жұмыстары күтіп тұр.

 Шыңғыс ЖАМАНҚҰЛОВ, Сайрам аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары. 

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Тұңғыш теміржолшының тағдыры

1930 жылдың 1 мамырында Түркістан-Сібір теміржолының ашылу салтанаты өтті. Шойын жолмен ең алғашқы болып құрылыс заттарын артқан Э-1441 паровозы…