Қоғамның мүддесін ойлайтын Қабылбаев

Сәлеметсіздер ме, құрметті редакция ұжымы! Менің есімім — Нұрбол Тәжібаев. Қарапайым ғана такси жүргізушісі болып жұмыс істейтін Қазақстанның азаматымын. Сіздерге басымнан өткен оқиғаны баяндап, полиция қызметкері Жұмаділлә Қабылбаевқа алғыс айту мақсатында хат жолдап отырмын.

Үстіміздегі жылы жұбайым Ақмаралмен бірге қала орталығындағы базарға барған болатынбыз. Әйелім қажетті заттарын алуға ішке кіріп кеткен кезде, көлігіме бейтаныс екі жігіт келіп, қаланың екінші шетіндегі әлдебір мекен-жайға жеткізіп тастауын өтінді. Мен қарсы болмадым. Жігіттерді межелі жерге жеткізіп, кері қайтып келе жатқан кезімде әйелім хабарласып, ақшасы, құжаттары мен алтындары салынған сөмкесінің көліктің артқы орындығында қалып кеткенін жеткізді. Бағалы заттардың құны қомақты қаржыны құрайтын еді. Бір өкініштісі сөмке орнында болмады. Оны әлгінде ғана отырған екі жігіттің алғаны анық еді. Біз Алматы қаласы Түрксіб ауданының полиция басқармасына арыздандық. Бізді мұқият тыңдап алған подполковник Жұмаділла Қабылбаев істі өз қолына алды.

Жігіттер жол бойындағы аялдамадан түсіп қалған болатын. Олар жайында ешқандай мәліметім болған жоқ. Түр-сипатын айнадан ғана көргенмін. Миллионнан аса тұрғыны бар қалада оларды табу шөптен ине іздегенмен бірдей еді. Әйтсе де менің «бетпе-бет көрсем танып қалуым мүмкін» деген бір ауыз сөзімді жерге тастамаған Жұмаділлә Қабылбаев үш күн бойы (!) жігіттер түсіп қалған аялдаманың төңірегін таң бозынан бастап, күн батып қараңғылық түсіп, адам аяғы сирегенше аралап жүрді.

Үшінші тәулікте, жоғымыздың табыларына үмітіміз үзіле бастаған шақта, кенеттен, әлгі екі жігіттің бірі жаяулатып бізге қарсы келе жатты. Мен оны бірден таныдым. Жұмекеңнің кәсіби шеберлігінің арқасында жоғымыз табылды.

Ашығын айтайын, осы жасыма дейін мамандығын жетік меңгерген, өз ісіне адал, азаматтардың арызына бел шеше кірісіп, қашан нәтиже шыққанша тыным таппайтын полиция қызметкерінің бар екенін білмеуші едім. «Жақсының жақсылығын айт, мерейі тасысын» дегендей, подполковник Жұмаділлә Қабылбаевқа деген алғысымды баспасөз арқылы жеткізуді жөн көріп отырмын.

Нұрбол Тәжібаев,

Алматы қаласы.

Редакциямызға келген оқырманның хатын оқып шыққан соң, Жұмаділлә Қабылбаевтың өзімен тілдесуді жөн көргенбіз.

Қазақ, орыс тілдерінде еркін сөйлейтін кейіпкеріміз 1984 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған қаласында дүниеге келіпті. Отбасылық жағдайына байланысты Алматы қаласында  №59 А.Құнанбаев атындағы қазақ орта мектебін бітірген.

«Әкем Серікбай Қабылбаев Жаңақорған қаласындағы су қорғау секторында, Тынымкүл Әбсаттарқызы салық басқармасында жұмыс істеген, бес қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірген қарапайым жандар. Ата-анам біздерді бала кезімізден үнемі ізденісте жүруге, талпынуға, білімге, ұқыптылыққа, адал болуға тәрбиеледі» дейді Жұмаділлә.

Еліміз Егемендігін алған тоқырау жылдар кейіпкеріміздің балалық шағымен тұспа тұс келді. Ол жылдары азаматтардың жинақ кассасына сақтаған қомақты қаражаты құнсызданып, жұмыссыздық белең алып, экономикамыз құлдырап тұрды. Жалпы елдің басына түскен қиыншылық Қабылбаевтардың отбасын да айналып өтпеді. Жұмаділлә бала күнінен-ақ ата-анасына қолғабыс ету үшін түрлі жұмыстар істеді. Әйтсе де, қиыншылықтарға қарамастан халықтың болашаққа деген үміті зор болатын. Қазақстанның осынау өтпелі кезеңнен жол тауып шығатынына сенімді болды.

«Бала күнімізде  «Лос-Анджелес құпиясы», «Қалқан», «Чикаго полициясы», «Кэперкейли»,  «Карпов», «Майор» секілді фильмдерді көп көретін едім. Бәлкім сол фильмдердің әсері болар, «ержеткен соң заң саласында жұмыс істеймін» деген мақсатым болды. Ең бастысы әкемнің: «Тәуелсіз мемлекетімізді дамыған елдердің қатарына қосу үшін  саясаттанушы, экономист, инженер, дәрігер мамандықтарымен қатар білікті заңгердің болуы да маңызды. Егеменді еліміздің Конституциясы келешегі кемел, барша әлем санасатын күшті мемлекет құруға көмектеседі. Сол үшін жастарымыз білімді заңгер болуы керек» деген ақылы маған үлкен ой салды.

Нәтижесінде  2001 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің  «Құқықтану» факультетіне өз біліміммен оқуға қабылдандым. Университеттегі екі жылдық әскери кафедрадан «запастағы лейтенант» шенін алып шықтым» дейді кейіпкеріміз.

Жұмаділләнің бала кезінен еңбекқор болып өскені студент кезінде көп пайдасын тигізген. Ата-анасына салмақ түсірмеу үшін өзіне қажетті қаражатты адал еңбегімен тауып жүрген. Таңертеңнен түске дейін аудиторияда білім алып, бос уақытында темір жол вокзалында қара жұмыс істеген. Әкесінен алға тәрбиесі бала жігітті еңбексіз отырғызбаған. Көпшілікпен араласу, үлкенге құрмет, кішіге ізетті болу, әрбір ісіне жауапкершілікпен қарау кейіпкеріміздің бала күнінен-ақ бойына сіңген қасиет еді.

Жұмаділлә Қабылбаев еңбек жолын Алматы қаласы, Түрксіб аудандық ішкі істер басқармасының анықтау бөлімінің тергеушісі болып бастаған. Қызметке жаңа тағайындалған жас лейтенант уақытпен санаспай жұмыс істеді. Арыз бойынша тексеру, оқиға болған жерді қарау, ұрлық, алаяқтық, бұзақылық, ауыр қылмыстық істер бойынша тергеу жүргізу секілді шым-шытырық  істердің бел ортасында жүрді. Сондай-ақ өзіне тапсырылған міндетті дер кезінде үздік нәтижемен орындап жүрді.

«Ата-анам біздің жарқын болашағымыз үшін барлық күш-жігерін жұмсады. Олардың тынымсыз еңбегі мен жақсы тәрбиесі менің өмірлік бағытыма шырақ бола білді. «Жетістікке жетемін десең жамандықтан алыс бол. Жаңашылдық іздеуден,  үйренуден, ізденуден, білім алудан ешқашан бас тартпаңдар» деп үйретті. Солардың ақылын алып өскендіктен бала күнімнен-ақ «қоғамға пайдалы болу үшін не істей аламын?» деп ойланатын едім. Осыған дейінгі өмірімде қоғамға аз да болса пайдамды тигізіп үлгердім. Бірақ, осы қалпымда тоқтап қалмаймын. Жетістікке тоқмейілсіп қалу табиғатыма жат» дейді кейіпкеріміз.

Өз қызметін лейтенант шенімен бастаған Жұмаділлә Қабылбаев 2009 жылы аға лейтенант, 2012 жылы капитан, 2016 жылы майор, 2010 жылы подполковник шенін алды. Бірақ кейіпкеріміз шен үшін емес, қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін аттан түспек емес.

П. Сапар.

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Енді елімізде құқығы сақталмаған мүмкіндігі шектеулі адамдар БҰҰ-ға шағым түсіре алады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңына қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.…
Толығырақ

ЖАЛҒАН ЖАҢАЛЫҚПЕН КҮРЕСУ ЖОЛДАРЫ

     Жaңалықтар мақалаларының жанры терең журналистік зерттеулерден бастап қарапайым парақшаларға дейін ауқымды кеңістікті құрайды. Әр түрлі типтегі…