Тарихи нысандар туризмді дамытады

Қай кезде болмасын туризм саласы елдің экономикасын дамытуда зор үлес қосады. Өңірімізде бұл салада қыруар тірліктер атқарылып келеді. Жалпы Түркістан өңірі тарихи мұраларға бай өлке. Біз шетелдіктердің қызықтыратын бірнеше нысандарды сөз етуді жөн көрдік.

Бәйдібек ауданындағы Домалақ ана кесенесі – Қаратаудың күнгей бетінде, Балабөген өзенінің аңғарында орналасқан. Халық арасында Домалақ ана атанған Нұрила 1378-1456 жылдары өмір сүрген, Түркістандағы Яссы қыстағында туған. Мақтым Ағзымның жалғыз ұлы, Ақсақ Темірдің қарамағында әскер басқарған Әли Сыланханның қызы. Шешесінің есімі Нұрбике – Уәйіс ханның апасы еді. Домалақ ананың әкесі Әли Сыланхан 1388 жылы Ақсақ Темір әскерінің құрамында Алтын Ордаға аттанарда әйелі Нұрбике мен Нұриланы (Домала ана) Түркістандағы әкесі Мақтым Ағзам қожаның үйінде қалдырады.

Бірде Түркістан маңындағы Қарашық өзенінде суға түсіп жатқанда Нұрбикені жылан шағып өлтіреді. Анасынан айырылған, әкесі әскерден келмеген Нұрила бабасы Мақтым Ағзамның тәрбиесінде өседі. Мақтым Ағзам Қожа Ахмет Ясауидің қызы – Гауһар бибінің ұрпағы еді. Нұрила – араб сөзі, қазақша «Алланың нұры» деген ұғым береді. Парсы тілінен аударғанда «Дихнат мама», яғни Әулие ана мағынасын білдіреді. Кейіннен Дихнат деген сөз Домалақ деп ауыстырылған.

ххх

Бәйдібек Қарашаұлы кесенесі — Қасиетті бес ана тарихи ескерткіштер кешенінің құрамдас бөлігі. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, Бәйдібек ата ауылының аймағында орналасқан. Бәйдібек ата жайында деректер халық ішінде таралған шығармалар мен аңыз әңгімелерден жиналған. Бәйдібек баба 1356-1419 жылдары Шығыс Қаратау өлкесінде өмір сүріп, осы ауданның қазіргі Бәйдібек ата елді мекені жерінде дүниеден өткен. Сүйегі Балабөген өзенінің жағасында жерленген.

ххх

Қос Ана архитектуралық және мемориалды кесенесі – Бәйдібек ауданында, Бәйдібек ата елді-мекені аумағындағы кешен. Ол Қаратау Мемлекеттік табиғи қорығында, Шымкент қаласынан солтүстікке қарай 120 шақырым жерде орналасқан. Аңыз бойынша, үйсін Бәйдібек Қарашаұлының ежелгі бірлестігінің Бия үйсін келіні мен күйеу баласы (Зеріп Сыланды) жерленген. Құрылыс ғимаратының ішінен адамдар Бәйдібек бидің әр баласының аты жазылған он сегіз стеланы көре алады.

ххх

Ақмешіт әулие үңгірі – Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында орналасқан, әктасты жыныстар қабатында пайда болған ойық жарқабақ үңгір. Ұзындығы 254, ал ені 65, биіктігі 25 метр. Жарқабақ саңылауларынан мезгіл- мезгіл су тамып тұрады. Ішінен қарағанда ернеуі киіз үйдің шаңырағы секілді көрінеді. Ел арасында бір кездері онда бір әулие әулетімен киіз үй тігіп, сатымен шығып-түсіп жүрген деген де аңыз айтылады. Үңгірге перзент көрмеген кейбір ерлі-зайыптылар, ауру адамдар әлі күнге дейін түнеп, мінәжат етеді. ххх

Екпінді ауылындағы Бөген өзеніне салынған, жұрт аузында «Қызыл көпір» аталатын көпірдің өзіндік тарихы бар. Осы кезге дейін көпірдің тірегі өзеннің табанынан өрілген қыштары еш үгітілмей сол қалпында (қыштың мұрты бұзылмай) сақталған. Көпірдің қаңқа бөлшектері болат темірден жасалған. Бір ғажабы оны құрастыруда бірде-бір болт немесе гайка пайдаланылмаған. Ыстық, суыққа есептеліп салынған күрделі инженерлік құрылыс.

ххх

Аппақ ишан күмбезі — 19 ғасырдың ақырындағы архитектуралық ескерткіш. Түркістан облысы Шаян ауылында күйдірілген кірпіштен шаршы жобада салынған. Аппақ Ишан медресесі діни оқу орыны ретінде 1927 жылға дейін, Қазақстанда ірі байларды конфискациялауға дейін өмір сүреді. 1926 жылы мешітте діни мектеппен қатар тұңғыш рет қазақ бастауыш мектебі ашылған. Мектептер 1933 жылы бастауыш, 1934 жылы жеті жылдық, 1937 жылдан орта мектепке айналып, кейін жаңа жайға көшіріледі. Ал, мешіт- медіресе Шаян ауылындағы тарихи жәдігер ретінде бүгінгі күнге жетті.

ххх

Республикалық маңызы бар қорықша Боралдай – 1967 жылы Түркістан облысының Бәйдібек және Түлкібас аудандарында ұйымдастырылған. Табиғаты көркем қорықша Батыс Тянь-Шань өңіріндегі өсімдіктер мен жануарлардың эндемик түрлерін қорғау мақсатында ашылған. Қазақстан жерінде өте сирек кездесетін өсімдіктерінен Түркістан аршасы, согдиан шағаны, алша және т.б. түрі кездеседі.

ххх

Тұттыбұлақ үңгірі – 48 000 жыл бұрын алғашқы тіршілік иелері мекендеген көне үңгір. Тұттыбұлақ үңгіріндегі зерттеу жұмысы 1959 жылы басталған. Қазақстандағы тас дәуірі археологиясының негізін қалаушы, алғашқы қазақ археологтарының бірі, ғалым Хасан Алпысбаев бұл үңгірді тапқанымен жалғыз өзі қаза алмайды. 2018 жылы «Palaesilkroad» жобасы аясында Тұттыбұлақ үңгірінде жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде күлдің қалдығы, тас құралдар және адамның жақ сүйегі табылды. Жақ сүйек алғашқы адамға тиесілі болуы да мүмкін. Қазіргі таңда жақ сүйек Германиядағы зертханада анықталуда.

ххх

Боралдай петроглифтері – Түркістаннан 170 шақырым жерде, Бәйдібек ауданының аумағындағы үңгір бейнелері. Алғаш рет 1905 жылы П.А. Комаров ашқан. Арқарды, бұғыны, қасқырды, тау ешкісін, сондай-ақ қолында садақ ұстаған аңшыларды қуып келе жатқан шабандоздар бейнеленген. Орхон жазуларына ұқсас белгілер бар.

Несібелі ПОШАН,

Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жетекшісі.

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

ШЕРТЕР АСПАБЫ

Сазды аспаптар, оның ішінде әсіресе көне аспаптар халықтың рухани қорын байытуда, музыка деген мәдениет әлемінде ерекше орын алады.…