Тәуелсіздігімізді алып, егемен ел болғалы ұзақ жылдар бойы отаршылдықтың тұтқынына түскен санамыз қайта жанданды, жаңаша даму үрдісіне ойыстық. Кеңес өкіметі кезіндегі айтылмаған, айтылуға тыйым салынған көптеген тарихи құнды деректерімізді зерттеуге бет бұрып жатырмыз. Соның бір жарқын көрінісі ретінде ұлттық демографиямыздағы оң өзгерістерді айтуға болады. Демографиялық мәліметтерді білуге деген қызығушылық артты. Қазақ ұлты өз жерінде қалай азшылыққа ұшырады деген сауал әркімді-ақ ойландырады.
Тарихқа көз жүгіртсек, ХХ ғасыр Қазақстанда ірі тарихи оқиғалармен ерекшеленеді. Өткен ғасырдың алғашқы жартысы қазақ халқының өмірінде аласапыран кезең саналады. Бұл кезеңде Әсіресе 20–30 жылдардағы ашаршылық апатты «Ұлы жұт» – қазақ тарихының қасіретті беттері деуге болады. Зерттеуші ғалымдар ашаршылықты үш кезеңге бөліп қарастырады: 1919-1922 жылдардағы аштық (1,5 млн. адам); 1931-1933 жылдардағы аштық (2,5 млн. адам); 1946 жылдары болған аштық.
Әрине, бірінші – 1919-1922 жылдарғы ашаршылық сұмдық болды. Ол негізінен елдің оңтүстік аймақтарын қамтыды. Екінші ашаршылық, әртүрлі мәліметтер бойынша, 1930 жылдары болды. Ал, үшінші ашаршылық соғыстан кейінгі еліміздегі экономикалық ахуалға байланысты туындады. Бірақ, бұл ашаршылықтарды сол жылдары халықтан жасырын ұстады. Осылайша, қазақтар іс жүзінде 15–20 жылдың ішінде халқының жартысына жуығынан айырылды. Әлемдік тарих мұндай кең ауқымды ашаршылықты білмеген. Сондықтан, осы қасіретті әрбір қазақ білуге міндетті және есте сақтап, ұмытпауы тиіс.
Қазақ жерінде ашаршылық салдарынан демографиялық ахуал күрт төмендеп кетті. Соның айқын көрінісі ретінде тарих беттерінде қалған 1931–1933 жылдарғы қазақ халқының басына төнген ең бір қасіретті «Ұлы жұт» кесірінен күні бүгінге дейін халқының демография жағынан әлі де азшылыққа ұшырап келеді.
Батыстық немесе ресейлік ғалымдар ашаршылықтың себебін ауа-райының қолайсыздығынан, құрғақшылық салдарынан егіннің шықпай қалғанынан көреді. Кейін жұқпалы аурулардың таралуынан деген сияқты себептерден іздейді. Ашаршылық кезінде қаншама қазақ қыршынынан қиылды. Оған мұрағат қойнауында сақталған көптеген ресми құжаттар дәлел.
Ұлт зиялысы М.Тынышбаевтың есебі бойынша, «Қазақстанда 1917 жылы 2 910 000 қазақ өмір сүрген болса, ал, М.Сириустың 1924 жылғы жүргізген санағында қазақтар саны 1 965 443-ке әрең жетіп жығылған» деген мәліметтер көрсетілген. Ал, белгілі демограф-ғалым М.Тәтімовтің есептеуіндегі «1931-1933 ж.ж. ашаршылық Қазақстанда өмір сүрген 2,5 млн. адамның, соның ішінде 2,3 млн. қазақтың және 200 мың келімсектің қайтыс болғаны анықталды. Отырықшы келімсектер арасында аштықтан өлгендер 10%-ға жетсе, көшпенді қазақтар арасында бұл көрсеткіш 52-53%-дан асып кеткен. Осыдан 17-18% жергілікті тұрғын елден біржола көшіп кеткен» деген мәліметтерді есепке алсақ, қазақ халқы өз жерінде осы кезеңде 70%-ға дейін кемігені байқалады. Бұл деректер осыған дейін жарияланған мәліметтердің орташа есебімен сәйкес келеді. Тағы бір естелікте М.Тәтімов: «1879, 1926, 1939 жылдардағы халық санағының нәтижелері жөніндегі мәліметтерді қолға түсіргенмін. Көзімнің жеткені – 1939 жылғы санақта қазақ халқының санын айтарлықтай асырып жазғандығын аңғардым. Сонда, озбыр саясат «орыстан басқасын аяусыз қырып-жойғандығын жасырып қалғысы келген» деп пайымдаған болатын.
1879 жылғы санақта қазақтар 5 млн. болса, арада 42 жыл өткен соң 1939 жылғы санақта 2 млн. 300 мың болды, яғни екі есеге азайды. Осыған қарап 42 жылда қазақтар азамат соғысы, байларды кәмпескелеу, жаппай колхоздастыру, 1932–33 жылдардағы аштық, 1937–38 жылдардағы репрессия салдарынан миллиондаған адамынан айрылған деуге әбден болады. Осы екі санақ арасында орыстар – 30, өзбектер – 24, қырғыздар – 16 пайызға көбейсе, қазақтар – 22 пайызға, украиндықтар – 21 пайызға кеміген.
Тарихшы А.Алексеенконың еңбектері Қазақстандағы ауыл тұрғындарының табиғи және көші-қон қозғалысын, халық санының өсу динамикасын зерттеуге арналған. Ғалымның зерттеуі бойынша әртүрлі есептеулер мен түзетулерге сүйенгенде, 1930-шы жылдардағы қазақ халқының аштан қырылуы 1 миллион 840 мың немесе қазақтың 47,3 пайызын құрайды. Бүкілодақтық халық санақтары бойынша әртүрлі авторлардың зерттеулерінде қазақ халқының сан жағынан кему көрсеткішінде шамалы айырмашылықтар байқалады. Мәселен, А.Алексеенконың мәліметтерінде 1939 жылғы қазақтың саны 2 млн. 328 адам делінген. Оны төмендегі кестеден көре аламыз (1 кесте):
1926 — 1939 жж. Қазақстанның халық саны, 1 кесте
1926 ж. | 1939 ж. | |||
Халық саны, мың адам | Үлес салмағы, % | Халық саны, мың адам | Үлес салмағы, % | |
Жалпы халық саны
Қазақтар Орыстар Украиндар Немістер Басқа ұлттар |
6 230
3 628 1 275 860 59 408 |
100
58,2 20,5 13,8 1,0 6,5 |
6 395
2 328 2 636 677 85 669 |
100
36,4 41,2 10,6 1,3 10,5 |
ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы сол бір нәубет ашаршылықты жасаған, жаппай ұжымдастыру идеологиясының негізін салушы, сонымен қатар Қазақстандағы «Кіші Қазан» төңкерісінің негіздеушісі, Сталиннің ұртоқпағы Ф.Голощекин болатын. Келе сала жаппай кеңестендіру жүйесін енгізді. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі шаруашылығын өзгертті. Күштеп ұжымдастыру тәсілдері астық, ет дайындау науқанын артығымен орындау қажеттігіне қарамастан, қазақтың көшпелі өмір салтын отырықшыға айналдыру стратегиясы 1929 жылдан бастап Қоныстандыру басқармасының әзірлеген шаралары негізінде жүзеге асырыла бастады. Қазақ қоғамы кеңестендіру саясатына мойынсұна қоймады. Себебі ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі халықтың ұлттық дәстүрлі шаруашылығы жаңа таптық жүйені жылдам қабылдауға дайын емес еді.
Жұман Досыбайұлы 1889 жылы қазіргі Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Ақжол елді-мекенінде дүние есігін ашқан. ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында Патша өкіметінің отарлау саясаты, кеңес үкіметінің сұрқия саясатының қиыншылығын басынан өткізген. Оның ішінде 1914-1918 жылдардағы бірінші дүниежүзілік соғыс және 1916 жылғы Ұлт азаттық көтерілісі де бар. Одан өзге 1931-1933 жылдардағы жаппай белең алған ашаршылық, қанды қырғын мен 1937-1938 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін жылдарында отбасын аман алып қалу үшін қазіргі Өзбекстан жеріндегі Ташкент облысына қоныс аударады. 1942 жылы өзінің кіндік қаны тамған жеріне қайта оралып, тылда жұмыс атқарады.
1954-1957 жылдардағы тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде аянбай еңбек еткен атамыз Жұман Досыбайұлының бізге қалдырған аманаты қаруының жартысын, облыстық өлкетану мұражайына тапсырмақпын. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда жұмыс атқарғанда берілген кеңестік қорғаныс әскерінің қаруы. Бұл қару 1859 жылы кеңестік әскерлердің тапсырысы бойынша жасалған. Оны маған әжем Ізет Досыбай аманат етіп тапсырған болатын.
Ал, атамыз 1976 жылы өмірден өтті. Мамандардың айтуынша, ашаршылық басталған 1932 жылы әрбір 10 қазақтың біреуі ғана аман қалған. Біз ашаршылық құрбандарын ұмытпауымыз керек. Өткен тарихтың ақиқатын халыққа жеткізу арқылы сабақ алып отыруға тиіспіз.
Н.ДОСЫБАЙ, облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері.
М.ЖАНДАРБЕК, экспозициялық көрмелік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі.