Түркістан — достықтың мекені. Толерантты елімізде қазақ тілін еркін меңгерген этностары көп шоғырланған шуақты өлке. “Достық үйі” алдында елге, тілге құрмет еткен жиын өтті. Оған ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбіш және басқа да Тіл жанашырлары қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жиынға қатысып, бірқатар Тіл жанашырлары мен қоғам белсенділерін марапаттады.
— Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында облыстық «Өзбек этномәдени бірлестігінің тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күніне» арналған мерекелік іс-шараға қатыстық. 30 жылда Ассамблея елдегі түрлі этностардың бірлігін нығайтуға елеулі үлес қосты. Яғни, еліміздегі бірлік пен тұрақтылықтың символына айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның маңызына тоқталып, ел бірлігі ең үлкен құндылық екенін ерекше атап өтті. Түркістан облысы түрлі этностардың тығыз шоғырлануымен ерекшеленеді. Қазіргі таңда облысымызда 2 миллилннан астам адам тұрады.
Өңір тұрғындарының 25%-ға жуығын құрайтын 50-ден аса этностың өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Оның ішінде Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуде ауқымды еңбек етіп отыр. Достығымызды сақтай білу және мұны жас ұрпаққа үйрету бұл — біздің ортақ міндетіміз.
Сондықтан бүгінгі іс-шара ел бірлігін нығайтып, достықты дәріптейтіні анық.
Мемлекет басшысы «Достық үйлерін» еліміздің бірнеше қаласы мен ауданында ашуды тапсырған болатын. Осыған орай, өңіріміздегі Сайрам және Сарыағаш аудандарында «Достық үйлерін» ашу жоспарланып отыр.
Бірлік пен ынтымақ еліміздің тұрақты дамуына жол бастайды. Елдегі бірлікті сақтай отырып, әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрақтылыққа қол жеткізудеміз. Халқымыз «Игілік басы – ынтымақ, ынтымақты елде – күншуақ» дейді. Сондықтан да болашағымыз жарқын болсын десек, барлығымыз жұдырықтай жұмылып, бірлікпен еңбек етуіміз қажет”-дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев.