Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы Дәурен Кемеров брифингке қатысып, республикалық «Учаске» іс-шарасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды БАҚ өкілдеріне жеткізді.
Полиция подполковнигі Д.Кемеров өз баяндамасында: «Аталған профилактикалық шара 1 қыркүйек пен 1 желтоқсан аралығында өткізілуде. Оған 1000-нан астам полиция қызметкері мен мемлекеттік орган, қоғамдық құрылымның 76 мүшесі жұмылдырылды. Шараның 2 айында жұмыс тобы 300 мыңға жуық қөпқабатты тұрғын үйлер мен жеке үйлерді тексерді. Сондай-ақ 812 саяжай алқаптары, 2316 шаруа қожалықтары мен қыстақтар бақылауға алынды. Нәтижесінде бірқатар тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалар анықталып, ІІО-ның қабылдап тарату орнына орналастырылды»-деп атап өтті.
Сонымен қатар полицейлер ІІО-ның есебінде тұратын мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған 242, әкімшілік қадағалауда тұратын 46, ерекше талап белгіленген 198, қорғау нұсқамасы шығарылған 414, пробация бақылауында тұратын 1687 тұлғаға тексеру жүргізілді. Азаматтық қаруды сақтау ережесін бұзған және рұқсат мерзімдері бұзылған 124 тұрғынға әкімшілік шара көрді.
Сондай ақ іс-шара барысында есірткі жарнамалайтын 83 граффити жазбалары анықталып, жойылды. Облыс тәртіп сақшыларымен барлығы 46 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, заң талабын сақтамағандар жауапқа тартылды.
Осы ретте облыс полициясы жергілікті тұрғындарға «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстанып, теріс қылық жасамауға шақырады.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі