«Түркістан облысы аумағында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 6-16 қараша аралығында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде» деп хабпарлайды habarlike.kz. Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осыған орай Ордабасы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары полиция полковнигі Бақытжан Маханбетов, сондай-ақ Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспекторлары Қараспан ауыл округіндегі Б.Оңтаев атындағы жалпы орта мектептің оқушыларымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында оқушыларға құқық бұзушылықтың қоғам мен жеке тұлғаға тигізетін зияны түсіндіріліп, заң талаптарын сақтау және кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта көшеде жүру ережелері кеңінен айтылды.
Сондай-ақ буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыбында бейнероликтер көрсетіліп, анонимді сауалнама жүргізілді.
Мектеп ұжымымен бірлесе ұйымдастырылған бұл түсіндіру жұмыстарының басты мақсаты – әрбір оқушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың саналы азамат болып қалыптасуына ықпал ету.
Ордабасы ауданының тәртіп сақшылары мұндай алдын алу және тәрбиелік бағыттағы шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатынын атап өтті.