Түркістан облысындағы шалғай елді мекендер тұрғындарына құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында «AMANAT» партиясы кезекті мобильді көшпелі қоғамдық қабылдауын Шардара ауданында өткізді. Бұл іс-шара партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында ұйымдастырылып, тұрғындармен ашық диалог орнатуға бағытталды. Көшпелі қабылдау алдымен Жаушықұм ауылдық мәдениет үйінде, кейін Шардара қаласындағы аудандық мәдениет үйінде өтті.
Қоғамдық қабылдауға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, облыстық мәслихат депутаты Бақытжан Серманизов және партияның Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет, аудандық мәслихат төрағасы Бұлтпай Мүтәлиев қатысты.
Қабылдауға сонымен қатар облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, прокуратура, департамент, басқарма қызметкерлері, жеке сот орындаушылар, заңгерлер мен адвокаттар, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысып, тұрғындардың әрбір өтініші жеке тыңдалып, жергілікті және облыстық деңгейдегі тиісті мемлекеттік органдарға бағытталды.
Полат Тұрсынбаев партияның ең шалғай елді мекендерге дейін жетуді мақсат тұтатынын, шалғайдағы тұрғындар облыс орталығына келіп сабылмасын, мәселені өз ауылында шешсін деген ұстанымы бар екенін жеткізді. «Сондықтан көшпелі қоғамдық қабылдауларды жүйелі түрде өткізіп келеміз. Біздің басты мақсат халықтың мұңын есту, мәселесін шешу. Әрбір өтініш назарда болады, ешбір сұрақ жауапсыз қалмайды», — деген облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары партияның өңірлік жұмысындағы жетістіктерді де жеткізді.
Көшпелі қабылдау кезінде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер сан алуан болды. Мәселен, Жаушықұм ауылынан келген Мүслім Жолдыбаев ауылды ағын сумен қамтамасыз етуге арналған канал құрылысының тоқтап қалғанын айтты. Бұл мәселе бойынша Қазсушар РМК-не хат жолданып, жұмыстардың қайта жандануы бақылауға алынды.
Ал ауыл тұрғыны Раушан Сахова ауызсудың тапшылығы мен су насосының істен шығуы жайлы шағымданды. Тиісті сала өкілдері бұл мәселенің алдағы сессияда қаралатынын және қысқа мерзімде оңтайлы шешілетінін айтты. Шардара қаласының тұрғындары интернет желісінің әлсіздігі, байланыс сапасының төмендігі, жайылым жер мәселесі, ит-мысықтарды жою, сондай-ақ балалар алаңшасы мен тұрғын үйге қатысты түйткілдер туралы да өз ұсыныстарын білдірді.
Басқарма мен департамент өкілдері әрбір мәселе бойынша нақты түсініктеме беріп, кей өтініштер сол жерде шешімін тапса, ал күрделі мәселелер жеке бақылауға алынды. Қабылдау барысында тұрғындарға заңгерлік, әлеуметтік және құқықтық кеңес берілді. Осылайша бұған дейін азаматтар мұндай мәселелер бойынша облыс орталығына баруға мәжбүр болса, енді өз ауылында-ақ тиісті жауап алып, шешімін табуға мүмкіндік алды.
Шардарадағы көшпелі қоғамдық қабылдау тағы бір мәрте партия мен халықтың байланысы нығайып келе жатқанын, ал нақты әрекеттердің жергілікті деңгейде тиімді нәтиже беріп жатқанын көрсетті. «AMANAT» партиясы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, құқықтық мәдениетті арттыруға және әлеуметтік әділдік орнатуға бағытталған бастамаларын жалғастыра бермек.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі