Жасыратыны жоқ, кейбір жүргізушілер полиция қызметкерін байқаған кезде, апыл-ғұпыл қауіпсіздік белдігін тағып жатады. Әйтеуір, айыппұл алмасақ болды деген ойлары саналарына құйып алған сияқты. Ал, шын мәнінде қауіпсіздік белдігін көлікке отырған сәттен тағып алуды, әрбір жүргізуші жадыларында сақтағаны жөн, яғни әдетке айналдырғандары абзал. Себебі, атам қазақта «Сақтансаң, сақтайды» деген сөз бар. Қай кезде де әрбір әрекетіміз үшін ойланып қадам жасағанымыз құп болар.
Осыдан шамасы 9 сағат бұрын Түркістан Облысының Полиция Департаментінің бастығы полиция генерал- майоры Мұрат Талапұлы фейсбук әлеуметтік желіге төмендегіше:
“Құрметті тұрғындар!
18–23 қараша аралығында елімізде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Биыл адам өлімімен аяқталған жол апаттарының 31%-ға артуы жолдағы бақылауды күшейтуге себеп болды.
Полиция патрульдеу бағыттарын ұлғайтып, жылдамдық режимін, басып озу ережесін, қарсы жолаққа шығуды және заңсыз тасымалдауды қатаң қадағалап жатыр. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылуда.
Баршаңызды жол ережесін сақтап, жолда қырағы болуға шақырамын. Әр азаматтың амандығы біздің басты міндетіміз.”,- деген жазба қалдырды. Өңір тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау мақсатында, генералдың, аудандық полицейлердің бірнеше ескертпе жазбалары шығып жатады.
Хош, кешегі күн таңғы 8:00- де басталған Қарабұлақ Ауылдық Округі әкімдігінің аппараты және Сайрам Ауданының Полиция Басқармасы «Қарабұлақ» полиция бөлімшесімен бірлескен рейдтік іс шараға өзімде қатыстым. Әрине, рейдтік іс шараның басты мақсаты, әкімшілік тарапынан көлік салығы берешегі бар азаматтарға салықтарын төлету, түсіндіру, үгіт насихат жұмыстарын жүргізу болса, ал полиция құқықбұзушылықтарды анықтау, жол жүру ережелерін сақтау бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізді. Екі сағатқа жуық уақыт арасында, салыққа берешегі бар 4 азамат анықталып, олар дер кезінде берешек салықтарын төледі. Жергілікті полиция бөлімшесінің тәртіп сақшылары жол жүру ережесі бойынша, қауіпсіздік белдігін тақпаған 12 көлік басқарушыға әкімшілік хаттама толтырды. Сонымен қатар, мал ұрлығы бойынша заңсыз мал тасымалдаған 8 адам анықталып, заңды шешім қабылдау үшін Сайрам аудандық ветеренарияға жолданды.
Өзипа Алтаева.