«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау алаңында облыстық мәслихат депутаттары, партиялық фракция мүшелері Бекарыс Шойбек пен Еркебұлан Хандиллаев тұрғындардың өтінішін тыңдады» деп хабарлайды habarlike.kz «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қабылдау барысында облыстық партия филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев қатысып, азаматтардың өтініштерін мұқият зерделеді.
Қабылдауға келген түркістандық Кенжегүл Ақтаева 9-сыныпта оқитын I топтағы мүмкіндігі шектеулі ұлына қатысты педагогтердің жұмысына ренішін білдірген. Балаға арнайы бекітілген мұғалім кестеге сәйкес үйіне уақытында келіп, сабақ өткізуі тиіс. Алайда, мұғалім кестеден жиі ауытқиды, ал мектеп басшылығы мен дефектолог маманнан тиісті бақылау және хабарласу жоқ. Сонымен бірге, үш баланың анасы мемлекеттік медицина ұйымдарының жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Ол ұлына мемлекеттік жеңілдіктер арқылы бірнеше жылдан бері ем алғанымен, еш нәтиже болмағанын, ал ақылы жекеменшік клиникалардан баласының сауығуына үміт бар екенін жеткізді.
Депутаттар бұл мәселелерді мұқият тыңдап, жеке бақылауға алатынын мәлімдеді. Алтынсары Үмбетәлиев жедел түрде облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орыновқа хабарласып, жағдайды баяндап, тікелей бақылауға алуды ұсынды.
Түркістан тұрғыны Мұрат Бейсембеков тұрақты жұмыспен қамтуға көмек сұрап келді. Сондай-ақ, ол несие проблемаларын шешу мақсатында «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысқан, енді осы мәселенің ертерек шешілуіне үмітті. Облыстық мәслихат депутаты Бекарыс Шойбек өтініш иесінің мәселесімен бұған дейін де таныс болғанын айтып, оны тұрақты жұмысқа орналастыруға барынша ықпал ететінін атап өтті. Несиеге қатысты проблемалар «Қарызсыз қоғам» жобасының үйлестірушісімен байланысу арқылы шешілетін болды.
Еркебұлан Ержұманов автогаз тапшылығы мәселесін көтеріп, Түркістан қалалық кәсіпкерлік бөлімі қызметкерлерінің жұмысын сынға алды. Ол өзінің көлігі тек газбен жүретінін, бензин құю мүмкіндігі жоқ екенін айта келіп, әкімдік қызметкерлері ең алдымен балама отын құю мүмкіндігі жоқ автокөліктердің мәселесіне басымдық беруі керектігін жеткізді.
Депутат Еркебұлан Хандиллаев қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшылығына хабарласып, барлық деңгейдегі автокөліктерге тең жағдай қарастырылғаны туралы жауап алды. Дегенмен, бұл мәселе назарда ұсталып, алдағы уақытта ортақ шешім шығаруға ықпал етілетінін мәлімдеді.
Филиал төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев қоғамдық қабылдау тұрғындардың әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, медициналық қызмет көрсету және тұрмыстық қажеттіліктер бойынша өзекті мәселелерін шешуге бағытталған тиімді алаң болып отырғанын атап өтті. Мұнда көтерілген әрбір сұрақ бақылауда болып, олардың оң шешілуіне назар аударылады.