Түркістан облысы кәсіподақтар орталығының еңбек адамының құқығын қорғаудағы нәтижелері

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен 2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Бұл бастама еңбек адамының қоғамдағы орны мен беделін арттыруға, жұмысшы мамандықтарының маңызын айқындауға және олардың әлеуметтік-құқықтық қорғалуын күшейтуге бағытталған маңызды қадам болды.

Осы стратегиялық бастама аясында Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы өз қызметін еңбек адамының мүддесін қорғауға, қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыруға және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға бағыттады.

Аталған жыл шеңберінде кәсіподақ қозғалысының басты басымдықтары төмендегідей айқындалды:

— Жұмысшы мамандықтарының қоғамдық және әлеуметтік маңызын арттыру;

— Еңбек жағдайларын жақсарту және жазатайым оқиғалардың алдын алу;

— Еңбекті қорғау талаптарының сақталуына қоғамдық бақылауды күшейту;

— Әділетті еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктердің сақталуын қамтамасыз ету;

— Жас жұмысшыларды қолдау, кәсіби даярлау мен біліктілікті арттыруға жағдай жасау.

Бұл бағыттар еңбек адамының өмірі мен денсаулығын қорғауға, өндірістегі тұрақтылық пен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге негіз болды.

Жыл бойы Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы еңбек қатынастарындағы заңдылықтың сақталуына ерекше көңіл бөлді. Есепті кезеңде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері кәсіподақ жұмысының негізгі бағыттарының бірі болды. Жалпы 2025 жылы Түркістан облысында өндірісте болған жазатайым оқиғалардың саны — 40 құрады. Аталған оқиғалар нәтижесінде 46 адам зардап шеккен. Бұл өндірістік жарақаттану деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 4,8%-ға төмендеген. Өндірісте орын алған жазатайым оқиғалар кәсіподақтың қатысуымен жан-жақты қаралып, арнайы тексеру жұмыстарына кәсіподақ өкілдері тартылды.

Осы ретте жергілікті атқарушы органдармен, жұмыс берушілер бірлестіктерімен және қоғамдық ұйымдармен тығыз әріптестік орнатып жыл басынан бері әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссияның — 3 отырысы өтті.

Онда аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің тарапынан еңбек қауіпсіздігі, жазатайым оқиғалар және жалақы қарыздары бойынша шиеленістердің алдын алу үшін кәсіпорындармен семинар өткізу жұмыстарын ұйымдастыру, барлық меншік нысанындағы кәсіпорындарда, ұйымдарда және мекемелерде ұжымдық шарттар жасасуды қамтамасыз ету, жасалған ұжымдық шарттарды мониторингтеу мәселелері тұрақты түрде қаралды. Бұл өз кезегінде өзара іс-қимыл еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға және жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етті.

Сонымен қатар, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлін арттыру және жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы әлеуметтік әріптестікті нығайту мақсатында «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен 61 кездесу өткізілді.

Бұдан бөлек, еңбек адамдарының құқықтық сауаттылығы мен кәсіби білімін арттыру мақсатында жыл басынан бері барлығы — 31 семинар өткізілді. Оның ішінде «Еңбек қауіпсіздігі» бойынша — 20 семинар, «Еңбек консультациясы» тақырыбында — 6 семинар, «Жалпыға бірдей құқықтық оқыту» атты кәсіподақ жобасы аясында — 5 оқыту семинары ұйымдастырылып, оған 1000-нан астам адам қатысты.

Осы жүргізілген түсіндіру және оқыту жұмыстарының жалғасы ретінде еңбек адамына тікелей құқықтық көмек көрсету мақсатында аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жанынан құрылған Заң клиникасының жұмысы жүйелі түрде ұйымдастырылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Заң клиникасына 331 өтініш түсіп, қаралды. Оның ішінде 298 өтініш кәсіподақ мүшелерінен, 33 өтініш кәсіподақ мүшелігінде жоқ азаматтардан келіп түсті. Қаралған өтініштердің барлығы оң шешімін тапты. Сонымен қатар, 21 өтініш тиісті шаралар қабылдау үшін мемлекеттік органдарға жолданып, 7 өтініш сот тәртібімен қарауға берілді.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ақпараттық жұмысы аясында ағымдағы жылдың 12 айында барлығы 2617 материал жарық көрді. Оның ішінде жергілікті телеканалдарда — 5 сюжет, әкімдік сайтында — 7 ақпарат, Facebook пен Instagram әлеуметтік желілерінде — 2598 жарияланым, сондай-ақ жергілікті баспасөз ақпарат құралдарында — 7 мақала жарияланды.

Аталған ақпараттық материалдар кәсіподақ қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге, еңбек адамының құқықтарын қорғау бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен насихаттауға және қоғамда кәсіподақ қозғалысының оң имиджін қалыптастыруға бағытталды.

Осы ретте, «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында еңбек адамдарының еңбегін дәріптеу және жұмысшы мамандықтарының маңызын арттыру мақсатында «Еңбек адамы» айдары бойынша 101 мақала жарияланып, қарапайым еңбек адамдарының жетістіктері мен кәсіби тәжірибесі көпшілікке кеңінен таныстырылды.

Сонымен қатар халықтың кәсіподақтарға деген сенімін нығайту мақсатында кәсіподақтар жүйесінің қызметі туралы кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жаңа кәсіподақ ұйымын құру бойынша жүйелі шаралар іске асырылуда. Аталған жұмыстар еңбек ұжымдары арасында кәсіподақтың рөлі мен маңызын күшейтуге ықпал етуде.

Бүгінде еліміздегі кәсіподақ ұйымдарына деген қоғамдық көзқарастың оң бағытта өзгеруі байқалады. Соның айқын дәлелі ретінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында 63 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, 3437 азамат кәсіподақ мүшелігіне қабылданды.

Қазіргі таңда Түркістан облысы кәсіподақтар орталығының құрамында 6 салалық және 6 жергілікті кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Жалпы облыс аумағында 1281 бастауыш кәсіподақ ұйымы қызмет атқарып, олардың құрамында 64 941 кәсіподақ мүшесі бар. Бұл көрсеткіштер кәсіподақ қозғалысының өңірдегі орнының нығайғанын және еңбек адамдарының ұйымға деген сенімінің күшейгенін айқын көрсетеді.

Ал 2025 жылдың басты іс-шарасы — Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығы болды. Бұл тарихи мерейтой аясында Түркістан облысында конференциялар, дөңгелек үстелдер, кәсіби шеберлік байқаулары, жастарға арналған семинарлар, көрмелер, ақпараттық науқандар мен спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, еңбек адамының қоғамдағы рөлі дәріптелді. Мұндай іс-шаралар кәсіподақ ұйымдарының тарихын еске салып қана қоймай, қазіргі таңда олардың қоғамдағы орны мен беделін арттыруға, жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.

Алдағы кезеңде де Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамаларын қолдай отырып, еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруды, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлін арттыруды және қарапайым еңбек адамдарының құқықтарын қорғауды басты міндет ретінде жалғастыра береді.

 Түркістан Облысы Кәсіподақтар Орталығы

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Теміржолшылар ағаш отырғызды

Арыс қаласында теміржол саласы қызметкерлері «Тaza Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында кең көлемді іс-шара өткізді. Табиғатты қорғау мен қаланы…