«Қоғамдық келісім» КММ-сі Сайрам аудандық филиалының жылдық жоспары негізінде «Адал азамат» жобасы аясында Е.Сарманов атындағы агроэкономикалық колледжінің мәжіліс залында «Таза сессия» тақырыбында этнос жастарының қатысуымен мазмұнды кездесу өтті. Бұл туралы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалы хабарлады.
Жастар арасында адалдық, академиялық тазалық қағидаттарын насихаттау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткен іс-шараға «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Айтбаев Базарбай Мамадиярұлы, Жастар ресурстық орталығының психолог маманы Кенжебек Гүлмира Бердиярқызы, Ақсукент ауыл округі әкімі аппаратының бас маманы Ештаев Сейдуалы Абдуллаұлы, «AMANAT» партиясы Ақсукент ауылдық бастауыш партиясының төрағасы Құдайбергенов Берік Тұрарұлы қатысып, студент жастармен ашық форматта пікір алмасты.
Кездесу барысында Базарбай Мамадиярұлы: «Жемқорлық», «Пара», «Сыбайлас» деген сөздерді естігенде құлағымыз елең ете қалатын еді, алайда, қазір оған құлағымыз үйреніп кеткендей. Адамдар осындай жайттарды көре тұра бір-біріне сенімсіздікпен, күдікпен қарайды. Кішкене қиындыққа тап бола қалсақ, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен өткіміз келетіні ащы да болса шындық. Әйтсе де, бұл дертпен қоғам болып күресіп жатқанымыз белгілі.
«Кез келген тұлға біреуге сыйақы ұсынып жатқанында өзінің сыбайлас жемқорлыққа барғанын сезінбейді. Ол үшін ең маңыздысы өз ісінің оң шешімін тапқаны болып табылады. Адал еңбек, таза білім, әділ бағалау – жарқын болашақтың берік негізі! -деп жастарға сәттілік тіледі.
Кездесу соңында студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өз ой-пікірлерімен бөлісті» дейді филиал хабарламасында.
habarlike.kz