Соңғы жылдары еліміздегі ең өзекті проблемалардың бірі – нашақорлық пен есірткі саудасы болып отыр. Оны Ішкі істер министрлігі де, денсаулық сақтау органдары да, басқа құзырлы орындар да жоққа шығара алмайды. Қала берді, халық арасында жүргізілген сауалнама да осыны айғақтайды. Сауалнамаға қатысқан адамдардың 80 пайыздан астамы бүгінгі күннің ең өткір мәселесі ретінде нашақорлық пен есірткі саудасын алға тартады. Сондықтан мұны ұлтқа төнген тажал демеске лажымыз жоқ.
Ал, есірткімен нәтижелі күрес жүргізе алмай отырғанымызға не себеп? Бір тарап «бұған басты себеп – нашақорлықпен күрестегі жазаның жеңілдігі» деген пікірді алға тартады. Олардың сөзіне сенсек, «көршілес Қытай, Таиланд, Иран секілді елдердегідей ең жоғары жаза түрін қолданбайынша, есірткі тасымалына тосқауыл қоямыз деу бекершілік. Мәселен, Иранда есірткі саудасымен айналысқандарды бірден дарға асатын көрінеді. Есесіне, есірткіге еліткен қаншама адам есін жияды. Мұндай жағдайда кімнің де болса бойын үрей билейтіні өтірік емес. Сондықтан есірткімен айналысатындарды түрмеге қамаумен ғана шектелу бұл дертпен күресте ел күткендегідей нәтиже бермейді» деген ойларын ортаға салады. Әрине, оларды да түсінуге болады. Өйткені, нашақорлықтың жасарып бара жатқаны жасырын емес. Ал, екінші тарап жазаны күшейту қажет деп санайды. «Қазір елімізде есірткі саудасымен айналысатындарға тағылатын айып пен жаза күшейіп келеді. Кешегі Кеңес Одағы тұсында есірткімен айналысқандар айыппұл төлеумен құтылатын. Кейін 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болды. Қазіргі Қылмыстық Кодекстің 297-бабына сәйкес, есірткіні сақтау, тасымалдау, өткізу ісімен айналысқандар заңға сәйкес 20 жылға дейін темір торға тоғытылады. Ал, 297-1-бабында есірткіні заңсыз дайындау, өңдеу, өндірумен айналысқандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл да болса жазаның қатайып келе жатқанын байқатпай ма? Осының өзі де ауыр жаза емес пе?
Ең өкініштісі, есірткі саудасының құрығына әлі оң-солын танып үлгермеген жастар түсіп жатады. «Шауып кел, алып келге» жарап қалған олар осы жолда есірткінің дәмін татып үлгереді. Әрі осы арқылы «жүйелі маркетингтік» схема іске қосылады. Өйткені, жастар «тауар» жайлы жарнама жасап, оны өз достары мен ортасына жеткізуге асығады. Бұл кімдер үшін тиімді екенін ішіңіз сезіп отырған шығар. Өрімдей жастардың көпшілігі осы әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылып та жатыр. Сосын есірткі саудасының нағыз қызатын жері – көңіл көтеру орындары. Бұл жерге көбіне жастардың жиналатыны тағы белгілі. «Жасыратыны жоқ, біз соңғы уақытта ойын-сауық, көңіл көтеру орындарын жиі тексеріп жатырмыз. Соған қарамастан, есірткімен әуестенушілердің қатары сиремей отыр. Жастар көбінесе осындай жерлерде есірткі сатып пайда табуды қолайлы көреді. Жастар арасында осындай жағымсыз құбылысты болдырмау мақсатында арнайы рейдтер де өткізіп келеміз» дейді есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері. Одан бөлек, нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған акциялар жиі өтіп жатады. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында да жаппай жазылып жатады. Бірақ, ол «қоғамда нашақорлықтың жолы кесілді» дегенді білдірмесі анық. Сондықтан көпшілік орындарда, білім ошақтарында нашақорлыққа қарсы шараларды жандандырған жөн. Аталған кеселдің қауіп-қатері туралы оқулықтарды көптеп шығарып, деректі фильмдер түсірілуін қолға алған артықтық етпейді.
Әрине, қылмыстың аты – қылмыс. Ал, оның артында қасіретке апарар қатер тұрса, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында: «Наркотизм – заманның дерті, қоғам үшін аса қауіпті. Ол жастардың болашағына балта шабады. Ұлт саулығына қатер төндіреді. Нашақорлық пен есірткі бизнесіндегі әлемдік үрдіс алаңдатарлық сипатқа ие болды. Көптеген елдің үкіметтері аталған проблеманы физикалық және психикалық тәуелділік қана емес, ауқымды қоғамдық, экономикалық және құқықтық құбылыс ретінде қарастыра бастады. Сондықтан кез келген есірткі түрінің өндірісі мен сатылымына қатаң тыйым салынып, мемлекеттің жіті бақылауында болуы керек» дегенді қадап айтты. Байқап отырсаңыз, бұл дертке тосқауыл қою мәселесі Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Ендеше, нашақорлыққа қарсы күрес мәселесі ешқашан күн тәртібінен түспеуі керек. Өйткені, есірткінің артында ел тұр. Ал, ел болу үшін есірткіден ертерек ес жию маңызды.
Дәулет Тұрсынұлы
okg.kz