Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылау және түсіндіру мақсатында облыс активінің жиыны өтті.
Жиын барысында облыстық мәслихаттың төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Нұралы Әбішов комиссия отырыстарында қаралған Негізгі заңның жаңа нұсқасын әзірлеу және қабылдау барысы туралы кеңінен мағлұмат берді.
Сондай-ақ, «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев пен облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов талқылауға ұсынылған Ата заңның жаңа жобасы жөнінде өз пікірлерін білдіріп, оның ел болашағы мен әрбір азамат үшін маңыздылығына тоқталды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров жаңа Конституция жобасын талқылау үдерісін ашық түрде жүргізудің маңызын атап өтіп, елде жүзеге асырылып жатқан өзгерістер туралы халыққа тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге облыс активін белсене қатысуға шақырды.
Аталған жиынға мен де қатыстым. Жаңа Конституция жобасы жастар үшін үлкен мүмкіндік деп есептеймін. Құжатта азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін кеңейтуге, жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына, олардың бастамаларын қолдауға бағытталған маңызды нормалар қамтылған. Бұл өзгерістер жас буынның ел дамуына үлес қосуына, өз әлеуетін толық іске асыруына жол ашады деп сенемін.
Хасантаев Нодиржон Акмалжанович, «Ассамблея жастары» РҚБ-ның Түркістан облыстық төрағасы.