Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Қарағанды облысы өңірінің су тасқыны кезеңіне дайындығын тексерді. Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарламасына сүйенсек, Қанат Бозымбаев су басу қаупі бар Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет және Абай аудандарындағы негізгі гидротехникалық құрылыстар мен елді мекендердің жағдайын, Көкпекті, Байқадам, Петровка, Сарытөбе, Ботақара, Шешенқара ауылдарын, сондай-ақ «Байқадам» және «Миньковская» су бөгеттерін және Ащысу су қоймасын қарап шыққан. Шерубай-Нұра өзені бойында Қарашоқы, Бесоба, Ақсу-Аюлы, Қайрақты, Нұраталды, Ақсу және Шопа елді мекендерін тексеріп, Красная Поляна ауылындағы қорғаныс бөгеттірінің жай-күйін қараған.
Абай ауданында Южный, Құлаайғыр және Тасзаемка ауылдары, сондай-ақ «Шерубай-Нұра» және «Жартас» су қоймаларының жағдайын зерделеп, Самарқанд су қоймасы гидроторабының жұмысымен танысып, Чкалов ауылындағы қорғаныс бөгеттерін тексерген.
«Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметінше, өңірде негізгі су тасқынына қарсы іс-шаралар аяқталған, жұмыстар Теміртау қаласында жүріп жатыр. 25 шақырым қорғаныс дамбалары мен бөгеттер салынды және нығайтылды, өзен арналарының 28 шақырымнан астам су тасқыны қаупі бар учаскелеріне санация жүргізілді, 21 шақырым дренаж және су бұру жүйелері тазартылды. 54 автожол учаскесінде су өткізу қабілеті арттырылды, төрт гидротехникалық нысанға жөндеу жүргізілді» делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
1 наурыздан бастап төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің барлық күштері мен құралдары жоғары дайындық режиміне көшіріледі. Жауап беру шараларына 3 579 адам және 1 047 техника бірлігі жұмылдырылған.
Қазіргі уақытта өңірдегі су тасқыны жағдайы тұрақты. Негізгі су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларынан санитарлық су жіберу жүргізіліп жатыр.
habarlike.kz