Рух Аллаға бет бұрған сайын адам жеңілдей түседі.
Адам баласы бұл дүниеде сан түрлі күйді бастан өткереді: уайым мен күдік, қорқыныш пен үміт, қиындық пен жауапкершілік… Кейде тіршіліктің сан алуан ауыртпалығы жүректі қажытып, жан дүниені тарылтып жіберетіндей көрінеді. Дүниенің қамы, отбасының жауапкершілігі, болашаққа деген алаңдаушылық – мұның бәрі адамға салмақ салатыны анық.
Алайда адам жүрегін Алла Тағалаға байлап, Оған тәуекел етіп, Жаратушысына шынайы бет бұрған сәтте жүрек жеңілдеп, рух кең тыныс ала бастайды. Өйткені жүректің шынайы тыныштығы мен рухтың шынайы азығы – Раббысына жақындау, Оны еске алу, Оған құлшылық ету.
Қасиетті Құранда Алла Тағала:
«Біліңдер! Жүректер тек Алланы еске алумен ғана тыныштық табады»
(«Рағд» сүресі, 28-аят) – деп баяндайды.
Адам рухы – Жаратушы тарапынан берілген аманат. Сол себепті ол әрдайым өзінің шыққан мекеніне, яғни Раббысына жақын болуды аңсайды. Аллаға жақындаған сайын жүрек тазарып, сана айқындалып, адам өмірдің мәнін тереңірек түсіне бастайды. Уайым мен ауыртпалықтың өзі адамды күйзелту үшін емес, Раббысына қайта оралуына себеп болу үшін берілген сынақ екенін ұғынады.
Сондықтан адам баласы қандай жағдайда болмасын жүрегін Алламен байланыстырып, дұға мен зікірді көбейтіп, шүкіршілік пен сабырды серік еткенде ғана шынайы рухани тыныштыққа қол жеткізеді. Бұл – иманның ләззаты, жүректің шипасы, рухтың кеңдігі.
Алла Тағала баршамыздың жүрегімізге тыныштық, жан дүниемізге кеңдік, өмірімізге береке нәсіп етсін!
Ержан Толепов, Түркістан облысының бас имамы.