Көктем – жаңару мен шүкіршіліктің мезгілі

Көктем мезгілінің келуі адам баласына көптеген ғибрат пен құнды тағылым үйрететіні сөзсіз. Қыстың қатаң суығы артта қалып, табиғаттың қайта оянып, тіршіліктің жаңаруы – Жаратушының құдіретін айқын көрсететін ұлы белгілердің бірі. Адам баласы табиғаттағы осы өзгерістерге назар салу арқылы өмірдің мәнін, тіршіліктің уақытша екенін және ақыретке дайындықтың маңызын тереңірек түсіне бастайды.

Қасиетті Құранда Алла Тағала табиғаттағы осы құбылыстарды адамзатқа үлкен ғибрат ретінде баяндайды. Жаратушы Иеміз көктен жауын жаудырып, өліп жатқан жерді қайта тірілтетінін, сол арқылы сан алуан өсімдіктер мен шөптердің өсіп шығатынын айтады. Бұл – Алланың шексіз құдіретінің айқын дәлелі әрі адамдарға ақыреттегі қайта тірілудің шынайы болатынын еске салатын ғажайып мысал.

Адам баласы жердің көктемде қайта жанданып, тіршіліктің қайта басталғанын көргенде, бұл құбылысты ақырет күні адамдардың да қайта тірілетінінің белгісі ретінде қабылдауы керек. Табиғаттың жаңаруы – адамның да рухани жаңарып, жүрегін тазартып, Раббысына жақындауына шақыратын үндеу іспетті.

Қазақ халқы да табиғатпен етене өмір сүрген дана халық ретінде көктем мезгіліне ерекше мән берген. Ұлтымыздың дәстүрінде көктемнің келуі – жаңару мен берекенің белгісі саналған. Сондықтан халқымыз «Көк мол болсын, сүт көп болсын» деп тілек айтып, табиғаттың жаңаруын береке мен молшылықтың нышаны ретінде қабылдаған. Бұл сөздер халықтың тіршілікке деген үмітін, Жаратқаннан береке сұраған шынайы тілегін білдіреді.

Қазақ халқы үшін Наурыз – тек табиғаттың жаңаруын білдіретін мереке ғана емес, қыстың ауыртпалығынан аман шығып, көктемге жеткеніне Аллаға шүкіршілік етудің де бір көрінісі. Мал-жаны аман болып, ел тыныштықта жаңа жылды қарсы алу – халқымыздың санасына терең сіңген дәстүр.

Ислам шариғаты да адамның Жаратушы берген нығметтеріне шүкіршілік етуін, табиғаттағы ғибратты белгілерге ой жүгіртуін құптайды. Сондықтан көктемнің келуін, табиғаттың жаңаруын Алланың құдіретін еске алып, шүкіршілікпен қарсы алу – мұсылман адам үшін үлкен рухани мәнге ие.

Ендеше, көктемнің келуі мен Наурыз мерекесін халқымыздың ізгі дәстүрімен ұштастыра отырып, оны татулық пен бірліктің, жақсылық пен шүкіршіліктің мерекесі ретінде қарсы алу – қоғамымыздың рухани құндылықтарын нығайтатын игі амалдардың бірі.

Алла Тағала елімізге тыныштық, жерімізге береке, халқымызға бірлік нәсіп етсін! Көктемнің әрбір күні жақсылық пен игілікке толы болғай.

Ержан Төлепов, Түркістан облысының бас имамы.

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts

Экология департаменті қызметкерлеріне АТТ жұмыстары жүргізілді Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында «Деструктивті діни ағым алдын алу» тақырыбында жалпы кездесу өткізілді. Кездесуге Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім маманы Дүйсен Асхат Өмірзақұлы қатысты. Іс-шара барысында мамандар еліміздегі діни жағдай, діни экстремизм мен терроризм қаупі, деструктивті діни ағымдардың қоғамға зияны, дәстүрлі исламның қазіргі кездегі пайда болып жатырған теріс діни ағымдардан айырмашылығын туралы мәлімет бере отырып, қатысушыларға өзін және жақындарын теріс діни ағымдар шырмауынан алшақ болу үшін сыни ойлау қабілетін дамыту және дұрыс тәрбие бере білу керектігі түсіндірілді. Кездесу соңында сұрақтар қойылып, дінтанушы мамандар тарапынан толыққанды жауап берілді.

Түркістан облысы бойынша экология департаменті қызметкерлеріне АТТ жұмыстары жүргізілді. Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында «Деструктивті діни ағым…