Өкініш

Болған оқиғаның ізімен

Әшейінде жай қимылдайтын Бәкір бүгін тым ширақ. Үйінің айналасын тазалап, балаларына «Ағаларың келе жатыр, танысасыңдар» деп, ең арысы малдың тезегіне дейін егістікке тасытып, ширақ жүр. Әйелінің «е, қунақсың ғой жүдә. Бұрын бұндай жұмыс істемейтін едің, балаң келетін болған соң, жан-жақтың бәрін жинап, қоятын емессің ғой» деген шымшыма сөзін де елең қылмайтын сыңайлы. Тек «Ол да перзентім, бұлар да менің балаларым, бір-бірінен кем көрмеймін ғой» дейді шын көңілімен. Дегенмен әйелінің сол сөзі өткен өмірін есіне түсіріп кетті де, үздік-үздік суреттер көз алдына көлбеңдеп кеп, тұра қалды. «Тағдыр солай болды, амал қанша» деп күрсініп қалған Бәкір бір сәтке алыста қалған жылдарына ой жүгірткен.

***

Ол Манзурамен сауда техникумында оқып жүргенде танысты. Екеуі де сауда саласының болашақ мамандары еді. Манзура салмақты, бойшаң, бір көрген адам қызығатындай келбетті болатын. Бәкір үйдің үлкені, ізінен ерген екі інісі жас, әке-шешесі зейнеткерлік жасына жақындап қалған егде кісілер. Сондықтан «Оқуды бітірген соң, ауылда қалып, ата-анамның бейнетін жеңілдетіп, інілерімді аяқтандырсам» деп жүретін. Алғашында Манзура да бұл ойын қоштағандай еді. Тілегі бір жерден шыққан екі жас, техникумды бітірген соң, бас қосып, отау көтерді.

Екеуі ауылдағы аралас дүкенге жұмысқа тұрып, ауыз толтырып айтарлықтай жалақыға, аз-маз табысқа ілінді. Тынымсыз еңбектің арқасында киімдері бүтінделіп, үйлеріне береке кіріп, азды көпті дүние жинала бастады. Әке-шешесі ұлы мен келіндерінің осынау жетістігіне шүкірлік айтып, қатарларынан қалмай, жиын-тойда төрден орын алатын деңгейге жетіп қалған.

Ал Манзура перзентханада жатқандағы қос қарияның қуанышын тілмен жеткізу мүмкін емес еді. Әкесі марқұм келінінің құрсағы кеңейгеннен-ақ төрт-бес қошқарын жемге қойған еді. Тұңғыш немересі дүниеге келгенде солардың бірін сүйіншіге беріп, бірін қалжаға әзірлеп, бірін тойға сойып, шама-шарқынша шашылып еді. Көрші-қолаңнан бастап, ағайын-туысқа дейін қуанышымен бөлісіп, бақытты, ырысты болсын деген ырыммен немересін «Ырысбек» деп атады.

***

Осылай бақытты ғұмыр кешіп жүрген отбасының шырқы күтпеген жерден бұзыла бастады. Бәкір  алғашында Манзураның өзгере бастағанына, күліп жүретін ашықтығын жоғалтып, қабағының қатулана бастағанына мән бермеді. Тек әзілдеп айтқан сөзіне шарт кетіп, ашумен жауап беретін кездері жиіленіп кеткен соң, оңашада сыр тартып көрген. Екеуі ғана қалғанда Бәкірдің: «Саған не болған, қабағың қатулы, өзгеріп кеттің ғой, бір жерің ауырып жүр ме?» деген сауалына, Манзура: «Мен енді ауылда тұрмаймын. Қалаға кетейік, осы жұмыс қаладан да табылады, үйге де қарасып тұрамыз» деп ашығын айтты. Бәкірдің: «Мен қалаға бармаймын, үйдің үлкенімін. Әке шешеме қарап, інілерімді оқытуым керек. Мен кетсем, кәрі әке-шешем мен буыны қатпаған інілерім қалай күн көреді?» деген жауабы әйеліне ұнамады. Келіннің қабағы қатуланып кеткен соң, әке-шешесі де алаңдай бастаған. Аңғал жандар алғашында «Келін дүкеніне қарыз болып қалмады ма екен?» деп уайымдап жүрді. Тек Бәкірдің «Манзураның қалаға кеткісі келеді» деген жауабынан кейін мәселенің мән-жайын түсінді. Әкесі: «Келін шырағым, үйде не қиыншылық көріп жүрсің? Алғашқы келінімізсің, немере сыйлап шаттыққа бөледің. Қуанышымызды көпсінбе айналайын, бұл күнге жете алмай жүргендер де бар, бақытты өмірлеріңді бұзбаңдар» деп басу айтып та көрді. Шешесі де майдан қыл суырғандай етіп, азды-көпті шаттығынан айырмауды өтінді. Бірақ Манзура тыңдаған жоқ. Тыңдамағаны былай тұрсын, баласын алып төркініне кетіп қалды. Әкесі ауылдың ақсақалдарын ертіп барып, қайтадан алып келді де, жөн сөзге мойын бұрмайтынын білген соң, екеуіне ақ батасын беріп, еншілерін бөлектеді.

***

Олар қалада пәтер жалдап тұрды. Ойын іске асырған Манзура аса көңілді еді. Бірақ небәрі үш-төрт айдан соң сөзге келу, айтыс-тартыс көбейді. Қаланың шығыны көп, бірде бар, бірде жоқ мардымсыз табыс қарақан бастарынан артылмады. Кезекті бір ұрыстың кезінде Манзура «Қалаға келмейтін болып жатыр едің, иттей болып еріп келдің ғой» деді көкбеттеніп. Әйелінің сөзі сүйегінен өтіп кеткен Бәкір баласын қанша қимаса да, намысқа булығып ауылына қайта кетті.

***

Тірі адам тіршілігін жасамай тұра ма, Бәкір ауылға келген соң қайтадан саудасын дөңгелетіп әкетті. Інілерін оқытты, үйлендіріп, жеке үй етіп шығарды. Ол тіпті тоқырау замандағы халықты нарық қыспағы қысып тұрған жылдары да сауданың арқасында отбасын тарықтырған жоқ. Өзі Манзура кеткен соң, екі жылдан кейін көрші ауылдың өзі құралпы қызымен сөз байласып, шаңырақ көтерген. Ол әйелінен бес перзент сүйді. Әке-шешесі қартайып, балаларының үйлі-жайлы, бала-шағалы болғанын көріп, немерелерін иіскеп, Бәкірге ризашылығын білдіріп, келмеске аттанды. Жылдар жылжып өтіп, Бәкір де егде тартты. Үлкен баласы жоғарғы оқу орнын бітіріп, үйленді, Бәкір де ата атанып, немере сүйді. Сырт көзге ол өте бақытты көрінетін, шынында да солай еді.

***

Дегенмен ол кейінгі кездері Манзурада кеткен Ырысбекті жиі есіне алатын. «Ырысбегім де үйленіп, бала-шағалы болған шығар. Тәрбиесі қалай болды екен, Манзура басқа күйеуге тисе, бөтеннің қолында жалтақтап өсті-ау шырағым» деп іштей қынжылатын. Осылай ішінен егіліп жүргенде Ырысбектен «Қонаққа бара жатырмын» деген хабар ойда-жоқта келіп, Бәкірді әбігерге салып кетті. Бүгін таң атар-атпастан төсегінен суырып алып, есіктің алдын сыпыртып жіберген осы ақжолтай хабар еді. Бәкір әрі қуанып, әрі толқып, алабұртып жүрген.

***

Шетелдік әдемі машина дарбазаның алдына сырғып кеп тоқтады да, рульден бір жігіт, артқы есіктен бір келіншек пен 5-6 жастағы қыз түсіп жатты. Бәкір баласын бірден таныды. Реңі, бой басы өзіне ұқсайтынын байқап, көңілі босап, көзін шылаған. Ырысбек те әкесін ұзақ құшақтап тұрды. Бәкір «Балам, амансың ба?» деген бір ауыз сөзді кемсеңдеп зорға айтты. Айнала жиналған көпшілік даудырап басу айтып, сабасына түсірген соң, Ырысбектің балағына жабысып тұрған немересін көріп көтеріп алды. Келінінің маңдайынан сүйіп: «Айналайын, бақытты болыңдар» деп, қайта-қайта күбірлеп жүр. Сол күні ағайын-туыс, көрші-қолаң жиналып, таң қылаң бергенше дуылдасып отырды.

***

Кісі аяғы басылып, келіндер мен бала-шағаның басы жастыққа тиген соң әкелі-балалы екеуі оңаша қалған. Ырысбек бір сәттік мүмкіндікті пайдаланып, анасы жайлы айтты. Ол бұл кездесуге бала күнінен бастап-ақ дайындалғандай еді. Ішкі толқынысын, мұңы мен ренішін салмақты сабырға ауыстырып, байсалды сөйлеп отыр. Бәкір басын изеп тыңдай берген.

–Мен бастауыш мектепке баратын жылы анам Сұлтан деген кісіге тұрмысқа шықты. Ол өзінен он жас үлкен, ажырасқан, бұрынғы әйелінен бір қыз, бір ұлы бар кексе кісі екен. Өзі бұрын мектепте ұстаздық етіп, денсаулығына байланысты зейнетке шыққан.  Бізді қаладағы екі бөлмелі пәтеріне көшіріп алды. Жүре келе байқадық, өзінің аздап ішетіні де бар екен. Анам өгей әкемнен екі ұл, бір қыз сүйді. Бүгінде олар үйлі-жайлы болып кеткен.

Менің бала кезімде өгей әкем руымды айтып, үнемі бөлектеп отыратын. Осы түрткіге шыдай алмаған соң, ес білген шағымда-ақ бөлек кеткенмін. Әкем ішіп алған сайын руымды айтып, шетқақпай қылатын. Анам: «Неге руын айта бересің, ол да менің балам ғой» деп жылайтын. Әкем әр ішіп келген сайын бөлектей берген соң, інілерім мен қарындасымның да маған деген көзқарасы бөлек болды. Қай кезде де менің бөтендігім білініп тұрды. Анам: «Ол да менің балам, сендер де менің перзентімсіңдер. Мен үшін бәрің бірдейсіңдер» деп шыр-пыры шығатын. Анам екі рулы елдің баласын өзі туғанмен, біріктіре алмады. Кейде өз өміріне налып жылап та алады. Менің оған жаным ашиды. Бірақ бәрібір балаларының ой-өрісі өзгермеді. Әкем ішіп келгенде менің руымды айтып шетке қаққанымен қоймай: «Мен алғанша да етегіңе намаз оқып жүрген жоқ шығарсың» деп бетіне таңба басқандай болатын.

Бір жолы әдеттегідей «қойыңыз, жыламаңыз» деп анамды жұбатып отырғанмын, сол жолы шын сырын ақтарып салды.

«Мен өз бақытымды өзім бұздым. Сенің әкең Бәкірмен бақытты өмір сүріп жатыр едік, ата-енем де «алғашқы келініміз» деп көңіліме қарап әлек болатын. «Не істедің, не істемедің» деп жатпайтын. Қайныларым да «жеңеше-жеңеше» деп баламды көтеріп жұмсасам, айтқанымды істеп жүретін. Мен одан да жеңіл өмірді іздеп, «бөлек шықсақ қалада бақытты өмір сүреміз» деп ойладым. Бәкір «қалада тұрмаймын, әке-шешеммен бірге тұрамын» деп кетіп қалды. Мен «Бір күні иттей болып өзі келеді» деген оймен қалып кеттім. Бірақ Бәкір қайтып келмеді. «Бірінші бақ — бақ» деген рас екен, мен сол күндердің қадірін түсінбеппін. Ендігі өмірім мынау, қартайған шағымда жылаумен өтіп барады. Екі күйеуден, екі бөлек рудан туған балаларым қанша өбектесем де бөлектеніп тұрады екен. Қазақ атамыздың «екі қатынның баласы екі рулы ел» дегені текке айтылмаған екен. Менің Бәкірмен бірге тұрып, ата-енемнің айтқанын істеп, отын жағып, күлін шығарып жүрген күндерім ең бақытты, жақсы күндерім екен. «Адам бақыттың келгенін білмейді, кеткенін біледі» деген рас екен. Жеңіл өмір, оңай бақыт іздеген желөкпелігімнің кесірінен өмірім өкінішпен өтіп барады. Сен де ащы өксікке тұншығып жүріп ержеттің.

Сен әкеңе барып сәлем бер. Менің өкінішімді жеткіз, кешіре алса, кешсін деп шешем ақыл берді. Өзімнің де сіздерді бір көру арманым ғой. Қанша дегенмен сүйегім осы жақта болған соң, бүгін анамның аманатын арқалап арнайы келдім.

Ырысбек сөзін бітіріп үнсіз қалды. Бәкір ауыр күрсінді. Ол Манзураны кінәламақ емес-тін. Тек осы күнге дейін «Манзура теңін тауып бақытты ғұмыр кешіп жүрген болар» деген үмітінің шорт үзілгеніне қынжылғандай еді.

Камалбек ОРТАЕВ

Ақын, ҚР журналистер одағының мүшесі.

 

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts

ЖОҒАЛҒАН РУХТЫ АҢСАУ

Над страной моей родною, Встала Смерть. Андрей Белый Аяулым! Біз құл болып бара жатқан халықпыз. Алтын Орда ыдырағаннан…
Толығырақ

Менің анам

Әлемде қанша керемет болса, біріншісі және бірегейі әркімнің өз Анасы дер едім. Ең қасиетті Жан, жаныңа жақыны, жүрегіңе…