«Гоганың» көзін жойған қазақ

Орыс империясының озбыр саясатынан қаншама асылдарымыздың тағдыры тәлкекке түсіп, итжеккенге айдалып, азап шекті десеңізші. Қара табан халықты ұршықша иіріп, көнбегендеріне тізе батырып, «халық жауына» айналдырып азап шектіргені тағы бар. Кеңестік саясаттың жымысқы ойын түсінген ойлы азаматтар қарсы тұруға шамасы келмей, үндемей жүре берейін десе тағы болмай, әрі-сәрі күй кешіп кетті. Әйтсе де ел ішінде қара халықты қырғыннан алып қалу үшін жанын саудаға салғандары да аз болған жоқ. Біздің әңгімемізге арқау болып отырған Малтай баһадүр де сол ат төбеліндей аз ғана ержүрек жанның бірі еді.
Малтай баһадүрдің Сібір жерінде айдауда жүргенде басынан кешірген оқиғасы сыни көзбен қараған жанға үлгі аларлықтай оқиға болмауы мүмкін. Дегенмен коммунистік саясаттың Малтай секілді қаншама қазақты қолдан қылмыскер жасағанына осы көрініс дәлел болмақ.
***
Малтай Өтеуліұлы 1900 жылы туылған. Әкесі Өтеулі өз шаруасына пысық, малын бағып, отбасын асырап, өз тіршілігін тербетіп өткен адам болған деседі.
1930 жылдары ен далада мал бағып күн көрген қазақ қолдағы төрт түлігінен айырылған соң басқа табыс көзі болмай тарыға бастайды. Сырдың бойын жағалай отырған баһадүр Малтайдың отырған жері ауылы да жұтқа ұшыраудың алдында тұрды. Малтай ел арасында беделі зор, сөзі өтімді болса да, қарапайымдылығынан бір танбаған, әлдекімдер секілді қолымда билігім бар, сөзім өтеді деп асыра сілтеушілікке, үстемдікке бармаған кісі. Шаруа отбасында туған ол қолынан келгенше көрші-қолаңға қарасып, ауыл-елдің жағдайын жасап жүреді. Қызыл империяның басшылары қарапайым халықтың қолындағы малын да, еккен егіндерін де жинап алып, өздерін аш қалдырған соң, әділетсіздікке төзбеген Малтай қамбадағы азын-аулақ бидайды «өзім жауап беремін, ала беріңдер» деп елге таратып береді. Осы әрекетінен кейін шолақ белсенділер оны біраз әуреге салады. Тынышынан айрылғанымен қоймай, алапат апаттың келе жатқанын сезген көкірегі ояу ел-жұрт бұл зобалаңнан құтылудың жолын іздейді. Ақыры Малтай бастаған азаматтар 1931 жылдың ерте көктемінде ауыл ақсақалдарымен ақылдасып, «аштан өлгенше шет елге асайық» деп қолдағы азын-аулақ азық-түлікті алып, тәуекел деп көшіп кетеді. Олар арып-ашып, ауру жұқтырып, жол-жөнекей шығынға ұшырап, бірнеше күн жол жүріп бір елдің шекарасына жетеді. Аштықтан жүруге жарамай, отбасымен қалып кеткендер де болыпты. Шекараға жеткен соң «Бүгін кеш болып қалды, осында демалып, таңертең өтейік» деп, жүктерін түсіріп жайғасады. Ертесіне шекара күзеткен қызыл армияның солдаттары «қайтыңдар, шекарадан өткізбейміз» деп жолын бөгейді. Ауылға қайтарып алып келген соң Серік есімді басқарма басшысын, Малтайды, ауыл советтің бастығы Әшірбайды, охотсоюз бастығы Анарбайды, ауыл ақсақалы Балғынбайды «елді сендер бастап жүрсіңдер» деп итжеккенге айдап, он жылға соттайды.
***
Түрмеде қайбір жағдай болсын, күн суық. Қамалған адамның қарасы көп, одақ көлеміндегі барлық ұлттың өкілі бар. Түрме ауласына бір мезгіл шығарып тұрады екен. Барғанына көп болмаған кез, бір күні аулаға шығарған кезде тосын жағдай болады. Қасында он шақты нөкері бар шомбал қара біреуге аулада жүргеннің бәрі иіліп құрмет көрсетіп жатады. Түр-әлпеті адам шошырлықтай қап-қара екен, шамасы таулық болса керек, қауға сақалы қалың болып сұс көрсетіп тұрады. Малтай барған кезде-ақ: «Гога дейтін атаман бар, түрменің бәрін алақанында ұстайды, айтқанына көнбеген адамды ұрып, оған да көнбесе өлтіріп жібереді» деп естіген екен. Шамасы мынау сол болса керек. Ә дегеннен аман-саулық жоқ: «Маған не әкелдіңдер, алып келгендеріңді көрсетіңдер» деп бұйрық беріп тұр. Өзінің қолы ауыр болса керек, анадайда тұрған адамдардың бірін қабырғалықтан нұқып қалып еді, артқа тәлтіріктеп кетті. Бұған дер кезінде жауап бермесе көп ұзамай өзі де сол мүсәпірдің күйін кешетінін сезген Малтай шомбал қараға қарсы шығып: «Тиме оған» деп араша түседі. Өзіне сенімді болып тұрған Малтай да осал емес, ауылда жүргенде талай төбелесті көрген тіпті бір көкпарда көрші ауылдың атақты палуанымен ерегісіп қалып, ат үстінде тұрған жерінен бір ұрып қалпақтай ұшырғаны бар. Шомбал қара өзіне қарсы келіп тұрған қазаққа жақтырмай қарап: «Сен мықтысың-ау деймін, менің кім екенімді білгің келсе, жекпе-жекке шығайық» деп ұсыныс тастайды. Артынша сөзін жалғап: «Неге үндемейсің? Қорқып тұрсың ба?» деп тағы намысына тиеді. Малтай жекпе-жекке шығуға дайын екенін айтқанда, шомбал қара: «Онда кешкісін котельныйде кездесейік, ол жерде ешкім болмайды» деп сөзді қысқа қайырады. Қасындағылар: «Бекерге тәжікелесіп тұрсың, одан енді құтылуың қиын» дегендей аяушылық танытады. Соған қарағанда түрмедегілерді әбден ұрып, мезі еткен болса керек. Малтайдың жайын ойлап, жанашырлық танытқан қасындағы жігіттер кешірім сұрап құтылуға кеңес береді. Бірақ, кінәсіз бола тұра кешірім сұрауға оның ары жібермейді. Не де болса тағдырға жазғанын көремін деген ол «пахан зонамен» жекпе-жекке шығуға тәуекел етеді. Содан Малтай кешкісін котельныйға келсе, шомбал қара күтіп отыр екен. От жағушы екі жігітке қараларыңды батырыңдар деп бұйрық беріп еді, екеуі алды-артына қарамай зытып берді. Оңаша қалған екеуі бір-біріне қарап біраз үнсіз тұрады. Сәлден соң: «Сен шынында да батыр екенсің, келмей қала ма деп отыр едім. Бірақ сен мынаны түсін, бір қазанға екі қошқардың басы сыймайды, сол үшін біреуіміздің басымыз бүгін осы жерде мына жанып жатқан отқа үйітілетін болады» деп есікті іштен іліп қояды. Көзі қанталаған дәу қараның бұл сөзі өзінің сорына айналатынын қайдан білсін, бірақ ол өзіне барынша сенімді еді. Үстіндегі қалың киімдерін шешіп Малтайға жақындай берді. Бұл кезде Малтай да шешініп дайын тұрған еді. Дуалға жақын тұрған Малтайды ары-бері кете алмайды деді ме, екпіндеп келіп Малтайдың жағасына жармаса бергенде сытылып шығып аяғын шала қос қолдап желкеден ұрып еді, дәу қара дуалды сүзе құлады. Одан кейін тұрғызбай төпелеп тастауға да болар еді, бірақ Малтай ондай нәмәрттік жасамады, Гоганың орнынан тұрғанын күтті. Бірақ ол орнынан әрең тұрды. Әлден соң әл жинап алып, қайта шабуылға шықты. Бұл жолы бар пәрменімен шайқасып-ақ жатыр. Малтай артқа шегіншектеп, Гоганың соққысын дарытпай жүр. Гога оң қолымен құлаштап сермеген кезде Малтай сол жаққа сытылып шығып, оның қолы ауа қармап қалды. Осылайша өз екпінімен етбеттеп бара жатқан оның құлақ шекесінен бір ұрып тағы да сұлатып салды. Жаны сірі екен, сәлден соң тағы тұрып, енді күрес тәсіліне көшті. Екеуі бір-бірін жыға алмай біраз жүрді. Байқаса, Гога мұны жанып жатқан отқа қарай ыңғайлап барады. Сәл осалдық танытса бағана өзі айтқандай басын үйітуден де тайынар емес. Қарап отырып біреудің қолында өліп кетуден сақтанған Малтай енді бар күшін сарқа жұмсамаса өміріне қауіп төніп тұрғанын сезді. Осы сәт өзіне қарай айбат шегіп жүгіріп келе жатқан Гогадан сақтану үшін сәл артқа шегіншектеп барып кілт тоқтады. Гоганың аяғы әлденеге сүрінді-ау деймін, осы мүмкіндікті қалт жібермеген Малтай оның тұмсығынан тағы бір соққы берді. Дөп тиген соққыдан есеңгіреп қалған Гога артындағы бетон дуалға басымен соғылып сұлық түсті. Демалып алсын деген Малтай оған мән бермей біраз отырды. Сәлден соң барып тұрғызайын десе, жаңа ғана өзімен айдаһарша арпалысып жатқан Гогада үн жоқ. Тамырын ұстап көріп еді, тіршіліктің нышаны білінбеді. Соңғы демі үзілген екен. Қапелімде адам өлтіріп қоямын деп ойламаған Малтай енді не істерін білмей састы. «Енді не істеймін, бұны көрсе бәлеге қалармын» деген ол анадайда алаулап жанып жатқан отқа қарап жаңа ғана «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деп пәлсапа соғып отырған Гоганың сол сөзі өзінің басына көрінгенін білді. Егер ғайыптан тайып Гогадан таяқ жеп қалғанда сол отта өзінің басы үйітіліп жатқанын көз алдына елестетті. Соңғы серті бойынша да осылай болуы керек деген ол көп ойланып отырмастан дәу қараны пештің апандай аузына қарай ыңғайлай берді. Жалын шашқан от жаңа ғана бүкіл түрмеге билігі жүріп тұрған Гоганы әп-сәтте күлге айналдырып үлгерді…
***
Бұл оқиғадан кейін де талай теперішті бастан өткеріп, талай мәрте ажал аузынан қайтқан Малтайдың көрер жарығы бар екен. Түрмедегі мерзімін өтеп шыққан соң еліне оралды. Жұмыр жердің әр қиырына тарыдай шашылған дәм-тұзын теріп жеп, 1980 жылы бақиға аттанған Малтай бабамыздың артында екі ұлы мен бір қызы қалды. Үлкен ұлы Мамыр мен екінші ұлы Тәуір және қызы Әминадан немере сүйіп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, жасы сексенге қараған шағында елдің ортасында өмірден өтті.
Камалбек ОРТАЕВ.
Түркістан облыстық журналистер одағының мүшесі.

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Өкініш

Болған оқиғаның ізімен Әшейінде жай қимылдайтын Бәкір бүгін тым ширақ. Үйінің айналасын тазалап, балаларына «Ағаларың келе жатыр, танысасыңдар»…