Арманы асқақ, рухы қайсар Қазақстан  

Бүгінде қазақ елінің асқақ арманы орындалып, қайсар рухты ел ретінде әлемге танылды. Елімізде қыруар істер атқарылды. Тарихи жеріміздің шекарасы халықаралық шарттарға сай бекітілген, Мемлекеттік рәміздеріміз, Ата заңымыз, ұлттық валютамыз және Сарыарқаның кең жазық даласында жаңа Астанамыз дүниеге келді. Әлемдік қауымдастық алдында «Қазақстан Республикасы» деген асқақ рухты ел екенімізді мойындаттық. Ел экономикасы да жылдан-жылға нығайып, мәдени, рухани даму деңгейі белеске көтерілуде. Қазақстанды мекендеген әрбір азаматтың азаматтық құқығы конституциямызбен қорғалған. Өзіне тән барлық институттары бар, әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын тәуелсіз мемлекетпіз.

«Егемен Қазақстанда» жарық көрген президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «…Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді…» деп тарихымыздың ақтаңдақтарын есіне алды.

Тағы да қағыс қалдырмауға тиіс бір жәйт, президент кеңес өкіметінің ұлтсыздандыру саясатын айта келе: «…Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ, ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек…» деп  ой түйді.

«…Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы…». Мемлекет басшысының мірдің оғындай бұл сөздері қазір жүзеге асырылу үстінде.

Егемендігіміздің үш тағаны – кең байтақ жеріміз, қасиетті тіліміз бен тәуелсіздігімізді тұғырлы етер береке-бірлігіміз екені белгілі.

Тәуелсіздік – азаттықтың алтын діңгегі, ұлттық өрлеудің ұлы күші. Тәуелсіз елдің қызы – өжет, ұлы – қайратты, халқы – қаһарман болуы керек. Қараның да, ханның да рухани өзегі – тәуелсіздік. Ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі де – тәуелсіздік! Халқының тәуелсізігі үшін Жәнібек пен Керейден бастап Кеңесарыға дейінгі қазақ хандары қарап жатпады. Барлығы да елдің тәуелсіздігі мен халқының тыныштығы үшін қажымай-талмай күресті. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі, шын мәнінде, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін болған ең соңғы күресі еді.

Күн сәулетті Ұлы дала, Мәңгілік ел – Қазақ Елі бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен, сан түрлі ұлттардан құралған халқының ауызбірлігімен жұмыр жер бетіне мәшһүр болды. Бүгінгі Қазақстан – өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың пікіріне әлем саясаткерлері құлақ түріп, ынта қоятын болды. Егемендік алған жылдар ішінде ел қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі қамтамасыз етілді. Конституциялық жолмен мемлекеттік және саяси билік құрылымдарын жаңарту негізінде елдің демократиялық жолмен дамуының берік іргетасы қаланды. Елдің ішкі экономикалық жүйесі түбірімен өзгеріп, дамыған, өркениетті елдердің ешқайсысынан кем түспейтін нарықтық қатынастар мен институттар құрылды. Соның өзегінде Қазақстан дүниежүзілік экономикада айшықты орны бар мемлекетке айналды.

Біз айтып отырған осынау бедерлі жылдар ішінде бары мен жоғын түгендеген халықтың тамыры тереңге кеткен ұлы шежіресінің қайнарынан сусындаған тарихи санасы да қайта жаңғырды. Оянған сананың көзімен қарады: азаттық дейтін қасиетті ұғымның тағдыры талай мәрте сынға түсіпті, қылыш жүзінде тұрыпты, нысанаға ілінген, көкірекке шер боп байланған, көз жасы боп төгілген. Бірақ, бағзы бабалардан бастау алған өршіл рухтың туы біржола құламаған. Жалғасқан: ұжданды ұлдың ерлігімен, найза ұстаған білектің қуатымен, қастерлі халықтың киелі батасымен, өршіл өнерімен. Сынбаған. Біріне-бірі іштей үндесіп жататын қасиетті күрестер – соның куәсі.

Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған ызғарлы Желтоқсан көтерілісі қазақ халқының қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды. Иә, Желтоқсан көтерілісі қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. Желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің таңын әкелді.

Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданған сол бір тарихи күн – 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан келді.

Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп, дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарды бастан өткерсе де, тастай берік төзімділіктің арқасында жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген ұмтылысын мойындатты… Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз һәм құндылықтарымыз тек қазақ рухының асқақтығымен ғана сақталып қалды.

Қазақстан Республикасының тарихындағы барлық жетістіктер – қазақ халқының егемен ел ретіндегі жаңаша, ерекше сипатта өрлеуі, өркендеуі, рухани-экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, дәулетті елдермен бірдей қарым-қатынас жасау жетістіктеріміздің барлығының алтын арқау, бұлақ бастауы – Қазақ Елінің Тәуелсіздігінде екені ақиқат.

Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген шексіз сыйы, бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Ендеше, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, баянды болсын! Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен ел ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!

Қайрат АХМЕТОВ, Арыс қалалық мәслихатының төрағасы.

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

СТАМБҰЛДАҒЫ АРАСТА БАЗАРЫ

Сұлтанахмет мешітінің алаңына жақын маңда орналасқан Араста базарының тағы бір атауы – Атты әскерлер базары. Осман империясы кезінде…