Бабай Батыр

(Дастан)

Күн артынан күн өтіп,

Түн артынан түн өтіп,

Жер танабын қуырып,

Соңына шаңды суырып,

Кледі Батыр гулетіп…

Асқарда асқар бел еді.
Шөбі шүйгін суы бал.
Жәннаттайын жер еді.
Қаратауды бөктерлей,
Жайлап жатқан ел еді.
Ел мен жерге нәр берген,
Малға қуат, әл берген,
Жаңақорған көлі еді,
Жаз жайқалып желегі,
Төрт түлігі мамырлап,
Шалғынына өреді.
Осынау өткен заманда,
Қандыбалақ Қоқанның,
Хандығы елді билейді.
Қаратабан халықты,
Көн-теріше илейді,
Запыран құсып, қан жұтқан.
Қаратобыр кедейлер
Ұлық пенен төрені,
Ұрылардай көреді,
Аждаһадай келеді,
Улы зәрін себеді,
Алым-салық көп еді,
Бермегеннің қарысып,
Ошақ оты сөнеді.
Қаһарынан қаймығып,
Қолдағысын береді,
Оныменен тынбайды,
Айлап та айлап жамалды,
Мың қайғыға бір қайғы,
Шашып кейде ызғарын,
Зорлап күшпен алады.
Сәбия сұлу қыздарын,
Кімге барып айтпақ ел,

Шемен болған мұң-зарын
Осындай зұлмат заманда,
Маңдайы кең айдарлы,
Айбындаған айдарлы,
Елді корғар ер туды,
Сунақ деген рудан,
Нұрбай баба келіншегі,
Таңсық атты сұлудан.
Сол ауылда қария,
Ақылы асқан дария,
Ат қоярда адаспай,
Тура тауып шешімін,
Бабай дейді азандап,
Жас нәресте есімін.
Бұл 1789 жылдың бергі аралығы болатын. Сол кезде Тараз бен Ақмешіт кенттерінің арасын алып жаткан ұлан байтақ кең сахара өлкені Қоқан хандығы билеп тұрған тұс еді. Ясы шаһарында қоңыртөбел кұн кешкен Нұрбай деген кісінің он баласы болады. Олар жастайынан батыр тұлғалы бозбала болып өседі. Арада жылдар өте келе одан кауіптенген шаһар ұлығы Мошан Нұрбайдың медреседе дәріс алып жүрген Оразбай мен Байсал деген балаларына қастандық жасау әрекетіне кіріседі. Бұл кезде Бабайдың жасы он үште ғана болатын.
Емес бұл халқым ертегі,
Шежіре сыр шертеді,
Қойнауынан ғасырдың,
Аршып алып аңызды,
Текке айтпаған ел тегі,
Есте жоқ ескі заманда,
Ерлер елдің көркі еді.
Ақмешіт пен Тараздай,

Аумағы кең өлкені,
Билеп Қоқан хандығы,
Көкіректі өртеді.
Шашып улы заһарын,
Төгіп елге каһарын,
Мошан ұлық боп тұрды,
Билеп Ясы шаһарын.
Жан еді ол кесірлі,
Ұлық болып алған соң,
Есерленіп есірді,
Езгіледі, жылатты,
Жетім менен жесірді,
Бозбаланың қаншама,
Басы текке кесілді,
Сол шаһарда тұратын
Нұрбай деген кісінің,
Он арыс ұлы болатын
Жалғады әке соларға,
Арманы мен мұратын.
Шығардай жаудың өтінен,
Ер боп өсті шетінен.
Көрген емес он ұлға
Шаһарда ешкім дес беріп
Мошан ұлық жүретін
Айбынынан сескеніп
Жиып бірде сарайға
Жақсылар мен жайсанды
Сөз бастайды байсалды:

— Нұрбайдың он баласы
Толағайдай дәу мықты
Соңынан еріп құл-құтан
Бастап берсе жаулықты
Онда біздің жүгіміз
Нар үстінен ауыпты

Әккі әкесі оларды
Жастайынан күрестің
Әдісіне баулыпты
Күндердің солар күнінде
Ұлык пенен бектердің
Бастарына қауіпті
Қаруы мол қайсарлы
Оразбай мен Байсалды
Өлтірудің тап жолын,
Деп оларға ой салды
Қос шәкірттің ұстазы
Қызылкөз ишан пақырың.
Былай дейді ақырын.

— Шариятта айтылған,
Патша менен әмірің,
Көтермек боп көңілін,
Қиса жастың өмірін,
Қанға малса қолдарын,
Күнә демес тәңірім,-
Деп Қызылкөз міңгірлеп,
Арам пиғыл білдіред.
Сонда Мошан баптанып,
Шалқи түсіп шаттанып,
Өзгелерді сынай кеп,
Ой жалғады былай деп:

— Онда былай қылайық,
Сауық сайран құрайық,
Болмас сірә бұл айып,
Естімесін мұны ешкім,
Жас шәкірттер күрессін,
Тамашалап көрейік,
Оразбай мен Байсалды.
Жалаңаш қолмен шығарып.
Қарсы келер екеуге,

Екі қылыш берейік, —
Деп орнынан тұрады,
Арам айла қылады,
Боздақтарға бозым жас,
Ажал торын құрады.
Ашылып қанға араны,
Қарс түйіліп қабағы,
Шақырып төрт баланы,
Күрес ойын бастайды.
Ағайынды екі жас,
Шықты ортаға саспайды.
Алмас жүзді қылышпен,
Қарсылас ойран салады,
Жалаңаш қолды екеуі,
Жандәрмен күйде қалады,
Әмірімен ұлықтын,
Басын шауып алады.
Ой, ант атқан, ант атқан,
Айласына дәл тапқан,
Көтеріліп көңілі,
Міскінденіп реңі,
Мекерленіп күледі.
Әлқисса, сөйтіп екі бірдей ағасы Оразбай мен Байсалдың қастандықпен өлтірілгенін есітіп Бабай қатты қайғырып, қамығады… Буырқанған бойында бұла күш болғанымен -жалғыз. Бес жүзден аса әскері бар ұлықтан кек алуды ойлап, арыз-шағым айтып әскер сұрау мақсатымен Бұқар хандығына жалғыз аттанады.
Мұны Бабай естиді,
Өзегі өрт боп өксиді.
Қайғы оранып, қан жұтып,
Арыстай екі ағасын,

Жерлеген соң ес жиды.
Ыза кернеп көптенгі,
Кер дұшпанға кектенді.
Тобылғы түстес реңі,
Күреңденіп өрттенді,
Ата-ананың алдында,
Итаршы мен ұлықтан.
Кек алмаққа серт берді.
Алып бетке ақ таңды,
Бұқар жаққа аттанды,
Астындағы қазанат,
Күрең қасқа баптанды.
Жер апшысын қуырып,
Соңына шаңды суырып,
Топтап тастап тұяғын,
Көсіле күрең шабады,
Шапқан сайын суынып,
Тоқпақ жалды, кең танау,
Бура санды, жазық бел,
Жал құйрығы сүзілген,
Тұлғасынан тұлпардың,
Табалмайсың бір айып.
Арғымақ пішін жануар,
Батырлар мінсе лайық.
Алдындағы қызыл құм,
Сусып жатқан төбелі,
Замғап сомен келеді,
Алаулаған аптапта,
Мұны қысқан шөл еді,
Кенезесі кебеді,
Тарбия өскен даланың,
Сексеуілі көп еді.
Жұлып бірін алады,
Томардайын тамырын,

Күшпен бұрап қалады,
Сорғып сөлі тамады,
Сексеуілдің сөліне,
Сусыны ептеп қанады,
Сөлмен басып сусынын,
Құмнанда өтіп алады.
Енді арғымақ аршындап,
Ебі желдей еседі.
Саздау жердің шалғынын.
Саз балшықтай кешеді,
Қонаша ауыл азғантай,
Зулап өтіп барады,
Қалың тоғай, ну жыныс
Зырлап өтіп барады
Қабуылдай шаһарды
Құлдап өтіп барады
Дүбірлетіп даланы
Кешкі ақсам болғанда
Толықсып ай толғанда
Жылға деғен қыстаққа
Бабай жетіп барады
Ондағы ескі танысы
Бөрінің үйіне қонады
Кеңге жайған қанатын
Бөрі батыр болатын
Көптен сырлас Нұрбайдың
Айнымастай досы еді
Тұлғасына Бабайдың
Көрсе көңілі хош еді
Мына суыт жүрістің
Сөзбен біліп баянын
Тізе қосып аттанды
Келтірмек боп оябын.

Әлқисса, сөйтіп тізе қосып аттанған олар Бұқараға жетіп, ондағы Бөрінің танысы Бөзші кемпірдің үйіне келіп түседі. Шаһар ханына жолығудың сәті түспей, Бөрі Бабайды Бөзші кемпірдің үйіне қалдырып, әрі медреседе дәріс алуға кеңес беріп, өзі еліне қайтады. Келе-келе Бөзші кемпір мұны өз баласындай көріп, сырлас анасындай болып кетеді. Хош делік. Енді Бабай не істемек. Соған келейік.
Ашылмастан қабағы,
Орындалмай талабы,
Болса да жаны жаралы,
Бұл шаһарда қалады
Үкілеп алғы күндерге,
Үміт отын жағады.
Бірде Бақшасарайда,
Палуан күрес болады,
Дүмеп жатқан дүрмекпен,
Бұл да сонда барады.
Барып қайран қалады,
Той жаршысы айқайлап
Былай деп жар салады:

— Алдияр тақсыр ханымыз
Палуан күрес көреді
Баһадүрдің жеңімпаз
Бар тілегін береді,
Деп орамал тастайды
Күрес ойын бастайды
Алаңға шыққан бұжыр бет
Масаттанып тұрады
Топ ішінен жас жігіт
Оған қарсы шығады
Олар ұзақ айқасып
Бұжыр бет палуан жығады.

Топ жиынды таң қылып
Құмарларын қандырып
Аламан осы айқаста
Бірін естен тандырып
Менмін деген палуанның
Бәрін қапы қалдырып
Шоң бұжыр бет тұрады
Ел алдында паң күліп.
Солай бұжыр ерлейді
Құлашын кең сермейді
Жұрт ішінен жұлқынып
Бұған ешкім келмейді.

— Тыңдаңыздар бәріңіз
Алдияр тақсыр ханымыз
Тамаша көрмек тағы да
Хан көңілін табыңыз
Сияпатын алыңыз
Даулап шықса жүрегі
Мықты болса білегі
Әмірімен тақсырдың
Орындалар тілегі,
Деп хабаршы жар салды
Арманы болған талай күн
Естіген соң бұл сөзді
Батыр пішін Бабайдың
Бойда қаны қайнайды
Қос жанары жайнайды
Бұлың-бұлың білекте,
Бұлшық еті ойнайды
Намысына жігерін
Кек қайрақпен қайрайды
Бұжыр бетке тістенді
Өлер жерің келді деп
Тілекті Алла берді деп

Ашу мен кегін сапырып
Әруақтарын шақырып
Топты жарып жас пері
Шықты ортаға атылып
Тұрған бұжыр панданып
Көріп мұны таңданып
Ор қояндай орғыған
Шиыршық атқан періге
Қаһарланды шамданып
Қабандайын қорбаңдап
Одыраңдап, ордаңдап
Белінен бүріп алмақшы
Алғаш таяп барғанда-ақ
Жалғыз әдіс бар мұнда
Оны Бабай қалды аңдап
Әкесінің әдісін
Осы жерде қолданбақ.
Дерсің оны көргенде
Күш атаның пырағы
Лақтырғанда бұжыр бет
Құламай қалт тұрады
Оңтайлы кез келгенде
Шап беріп оң білектен
Бұла кұшпен бұрады
Сытырлаған сүйегі
Сықыр-сықыр сынады
Аюдайын ақырып
Жан дауысы шығады.
Аз дегендей мұны әлі
Шап беріп сол қолынан
Қара нардай денені
Көтере сап иыққа
Алып жерге ұрады
Айбындаған бұжыр бет

Тұрмастай болып құлады
Рахаттанып ханыңыз
Көңілденді жаз жайраң
Жас періге риза боп
Асып-тасты мәз-мәйрам
Енді аздан соң болады
Хабаршы айтқан сөз байлам
Қоңырауды шалдырды
Жеңген жампоз жігітті
Хан алдына алдырды.

— Бәрекелді баһадүр
Мына жойқын күшіңмен
Құмарымды қандырдың
Жұртты естен тандырдың
Сынды қолы дүрімнің
Жазуы солай тағдырдың
Сыйым болсын өзіңе
Алтын, күміс ал дейді
Батыры боп хандықтың
Хан сарайда қал дейді
Хор қызындай қыздардың
Бірін таңдап ал дейді
Жабырқаулы қабағын
Көкірегің шерменде
Не тілегін бар дейді.
Сонда Бабай сілкініп:

— Алдияр тақсыр дат, — дейді

— Датың болса айт, -дейді

— Рас ханым әулие
Көкірегім шерменде
Шалғай кетіп елден де
Мен осында келгенде
Хан иеме айтатын
Бір тілекпен кеп едім
Ясыдағы ұлықтан

Көп пұшайман жеп едім
Арыстай екі ағамның
Басын алған дұшпаннан
Кегімді алсам деп едім
Құзырыңа хан ием
Сол мақсатпен кеп едім
Тілекті берсе Құдайым
Оңынан туар күн, айым
Мәртебеңіз асқақтап
Биік болсын лайым
Жауға тиер селдете
Бес жүз әскер сұраймын, —
Деп кеп ханның алдына
Бабай басын иеді.

— Онда батыр, нояным,
Тағы бір шарт қоямын
Даңқың асты күресіп
Шаһардағы дүрменен
Айқасып көр енді сен
Алып аңмен, пілменен
Мен өзіңді осылай
Тағы сынап көремін
Орындасаң шартымды
Бес жүз әскер беремін

— Келістік пе?

— Келістік

Онда келер жұмада
Осында кел өренім, —
Деп алдияр тағы да.
Шарт қояды қағына
Бұған Бабай келісті
Сорыма әлде бағы ма
Жаршы шығып алаңға
Бақыраған даусымен

Жаңғыртып бар алапты
Жұртты өзіне қаратты
Ханның шартын жар салып
Ел ішіне таратты.
Әлқисса, сөйтіп ханның шартына келісім берген Бабай үйге келген соң Бөзші кемпірге бүгінгі болған оқиғаны бастан аяқ баяндап береді. Оны тыңдап болған Бөзші кемпір ауыр күрсініп, ұзақ ойға кетеді. Бір уақытта басын көтеріп Бабайға былай дейді: — “Е-е, балам, бұл ауыр сын. Піл жойқын күш иесі. Алыпқа алыптай күш керек. Күшің қай жеріңде. Аяғыңда ма, беліңде ме, білегіңде ма? Соны айтшы”. Сонда Бабай қызылдың құмынан өтіп келе жатып шөлдегенде сексеуілдің тамырын сығып сөлін ішкенін айтады. Сонда Бөзші кемпір: күшің білегіңде екен. Онда пілдің ұзын қобытын ұстап, қос қолыңмен бұрай бер, бұрай бер, бұрай бер” деп
ақыл айтады. Жасы сексенге келген, көпті көрген кемпірдің кеңесі қалай болды? Соған келейік.
Күн артынан күн өтіп,
Түн артынен түн өтіп,
Қиял құсын аспанға
Шырақтатып жіберіп
Бірде шатты болса да
Жүрді бірде түнеріп
“Мына күйім тірі өлік
Бауырлардың соңынан
Кеткенім жөн сірә өліп”
Деп күрсінді ер Бабай
Ыза кернеп күңіреніп
Ертең жұма дегенде
Түс көреді үрейлі

Тау ішінде топ қасқыр
Тобырымен дүмейді
Жығып алып арланын
Төсіне табан тірейді
Сонда бөрі тұс-тұстан
Лап береді анталап
Азу тістері ақсиып
Екі көзі қанталап
Құтылмақ боп қарманса
Екі жағы жарқабақ
Таусылғанда амапы
Шейіт болған ағалар
Қыран болып жетеді
Іліп алып кетеді
Анасына тапсырып
Көз алдында созылып
Сағым болып өтеді.
Ояна келсе сол кезде
Жауып алған көрпені
Тас бүркеніп алыпты
Демі жетпей жатқаны
Бастырылып қалыпты
Ертесіне кемпірге
Түсін айтты түндегі
Естіп кемпір дейді оған
Қуантады бұл мені
Қасқырлардың дүрмегі
Қолдап жүрген періште
Төсін басқан арланың
Сайтан алғыр жын-пері
Қыран боп ілген қос ағаң
Тірлігіңде қолдаушы
Әруақтарың бұл тегі
Қорқып көрсең анаңды

Сағынып сені жүргені
Созылған бұлдыр сағымың
Бұл фәниде, жалғанда
Ұзақ өмір сүргенің —
деп Бөзші кемпір түсін жақсылықка жориды.
Сәлден кейін аймаққа
Рубап пен сырнайдың
Сазды үні тарайды
Көкте күліп күн тұрды
Шашып нұрлы арайды
Пілмен айқас басталмақ
Көп күттірген талайды
Шұбап халық барады
Бетке ап Бақшасарайды.

— Әзиз ана қымбатты,
Деп кемпірге тіл қатты

— Көп жасаған әулием
Ақылыңа бас ұрғам
Анамдай болып кеттіңіз
Айналайын асыл жан
Тіресіп пілмен көрейін
Не өтпеген басымнан
Жаным артық емес-ті
Оразбай мен Байсалдай
Арыстар мен асылдан
Аман болса шыбын жан
Мошандайын тасырдан
Кегімді алмай басылман
Мен жүрейін енді апа
Ақ жолыма бер бата.-

Алла деп бата берейін
Үстем болсын мерейің

Алып аңмен айқассаң
Ақ тілеумен жебейін
Білегің күш толғасын
Жүрегің болсын жолдасың
Желеп-жебеп періште
Қыдыр бабаң қолдасын
Жолыңды Алла оңдасын,
Деп батасын береді
Соңынан ілбіп ереді
Тілеуін тілеп Бабайдың
Дұғасын оқып келеді
Бақшасарай маңынан
Күллі шаһар халқының
Бәрін түгел көреді
Болатын мына айқасты
Асыға олар тосады
Көрінеді алдымен
Ел билеген хандықтың
Қаруланған жасағы
Сырнайлатып соңынан
Күмістелген күймемен
Шерумен хан келеді
Масатымен көмкерген
Күймесінің желегі
Ханның тағы қойылған
Салқын сая жер еді.
Жайғасқан соң орнына
Хабаршыға баста деп
Нұсқан әмір береді
Маң-маң басқан, маң басқан
Жон арқасын шаң басқан
Жарты құлаш құлағы
Пілді алып шығады
Алдына оның оймақтай

Бабай барып тұрады
Машықтанған даяшы
Қолшоқпарын қолға алып
Шабынан кеп ұрады
Шыңғырып піл долданып
Алдындағы адамды
Ашуменен қуады
Алдына түсіп қашады
Жапырылып қалады
Шалғын жердің құрағы
Жетіп алып ұзынша
Қобытымен орады
Орап алып лақтырды
Құламады қалт тұрды
Есін жиып ер Бабай
Көрсетпек боп айбатын
Жиып бойға қайратын
Жасамақ боп айласын
Шиыршықтай серпіліп
Арыстанша ақырды
Үмітпенен ақырғы
Пілге қарай атылды
Аяп сонда көпшілік
Өлтіреді енді деп
Иманын да шақырды
Болмай көптің тұспалы
Ерегіскен ер Бабай
Екпіндете жетіп кеп
Қобытынан ұстады
Қатты батты жанына
Қарулы қолдың қысқаны
Тасып күші бойдағы
Онымен де қоймады

Жанды жері қобыты
Қобытынан бұрады
Бір уақыттар болғанда
Шыңғырып даусы шығады
Сорғалап жасы көзінен
Жас балаша жылады
Қос бүйірі бүлкілдеп
Діріл қағып тұрады
Қозғалуға жоқ шама
Селтең қағып құлағы
Өрекпіген жас пері
Өршелене бұрады
Өкіре кеп сол кезде
Піл жамбастап құлады.
Қанғандай бір құмары
Бассылмастан бұл әлі
Бұла күшпен батыра
Білемдей кеп бұрады
Сонда алып піл азаптан
Шығып пора-парасы
Көзінің ақты сорасы
Жиып соңғы қуатын
Ышқынып піл тұрады
Таптап өтер дейді ме
Жиылған жұрт сасады
Ортадан жол ашады
Алып күшті алып піл
Алды-артына қарамай
Дүлейден мына қашады.
Сонда тақсыр тағынан
Шат-шадыман түседі.

— Жас перінің бойында
Неткен жойқын күш еді,-
Деп таңдайын қағады

Ел алдына барады
Алып ұрған алыпты
Арқасынан қағады

— Әкел, — деп сілкіп асасын
Баһадүрдің беліне
Алтын сапты қылышты
Белбеуімен тағады

— Науша жігіт нояным
Орындады шартымды
Орындалар талабы
Хандар екі сөйлемес
Қол астымнан күні ертең
Бес жүз әскер алады
Жүрегі мұның жаралы
Қанмен жумақ наланы
Жеріндегі жауына
Қырғын ойран салады,
Деп алдияр кесімін
Ел алдында білдіріп,
Ырзалықпен тағы да
Арқасынан қағады.
Әлқисса, сөйтіп ризалықпен арқасынан қаққан хан уәдесін екі етпей Пілді құлатқан Бабай батырға қоластындағы қарақалпақ жерінен Амантай батырды қоса, бес жүз әскер береді. Осы күнді екі жыл бойы күткен батыр жарақты қолмен ертесіне еліне аттанады.
Таң алдында бес жүз қол
Самсап жолға шығады
Сай тасындай жігіттен
Жасақталған құрамы
Бес қару түгел асынған
Сақадай-сай құралы

Қол бастаған Бабайдың
Ойқастайды жануар
Күрең қасқа пырағы
Батасын берген әлгінде
Бөзші кемпір үйінің
Алдында қарап тұрады
Сексендегі кемпірдің
Көптен алды алғысын
Баянды болар мұрады
Әлқисса, сөйтіп сайдың тасындай жігіттерден жасақталған жасауылды бастаған Бабай батыр күн жүріп, түн жортып жолдағы жылғаға жетеді. Ондағы ойы елде қалған бауырларына Бөріні аттандыру.
Жылғаға бұлар жеткен соң
Бөрі үйіне атының
Басын сәтке бұрады
Мұны көріп қарт батыр
Тосып алдан шығады- Үйде екенсіз жан баба
Түзу екен ниетіміз
Кек алуға дұшпаннан
Келе жатқан бетіміз
Бізден бұрын Ясыға
Жеделдетіп жетіңіз
Үй ішіне қауіпті
Бәрін Сунаққақпадан
Амалдап алып өтіңіз
Одан әрі Сауранға
Көзге түспей кетіңіз:
Мұны естіп Бабайға
Сүйсіне қарт қарайды

— Жігітсің-ау пайымды
Одан жеме уайымды
Салған мұндай қолқаңа
Бөрі әрқашан дайын-ды
Енді батыр бөгелме
Жолың болсын қайырлы, —
Дейді Бөрі шаттанып,
Бұл кеткен соң ұзамай
Бара жатты аттанып
Сәлден кейін әскердің
Ту сыртынан салт атты
Жұлдыздай ағып баратты
Оны көріп Аманбай
Екі көзі оттанып
Тартып аттың тізгінін
Қорамсақтан оқты алып
Атуға енді оқтанып
Тұрған кезде байқап қап.

— Тоқта батыр тоқталық
Бостан босқа атпалық
Бөрі деген батыр бұл
Жіберген елге тыңшым ед
Бара жатқан аттанып, —
Дейді Бабай сыр бағып.
Аманбай сонда мырс етті
Ашуланып бұлданып
Оянды іште ібіліс
Екі беті сұрланып
Әскер ұзақ жол жүрді
Жол жүргенде мол жүрді
Шабан мінген сарбаздың
Аты аптығып, болдырды
Талма түстің кезінде
Жағасы құрақ, балдырлы

Өзеніне Өгемнің
Аттарын отқа шалдырды
Суға түсіп бой жазып
Сусындарын қандырды
Алдағы айқас алдында
Алмақ болды тыныстап
Тегеурінді тың күшпен
Түрен сала ұрыспақ
Белін Бабай бүкпеді
Қалса да дене құрыстап
Сарбаздар мүлгіп алмақшы
Көрінбей күн кеткенше
Көкжиектен жылыстап
Бабай атын жетекке ап
Топтан кетті алыстап
Әлден уақ байқайды
Жалғыз атты қараны
Дүбірлетіп өтеді
Шаңын қағып даланың
Қарғып мініп атына
Соңынан қуып барады
Қызылкөз ишан екенін
Бара танып қалады.
Алғандай болды мына сұм
Тырнап ескі жараны
Шауып тастай салмақ боп
Суырып қылыш алады
Сезіп мұны сол сәтте
Бұрылып өзі келді сұм.

— Бабай балам сенбісің
Аман-сау есенбісің,
Деген соң мына жанкешті
Бір жолға Бабай қан кешті.

Иә, ишан молдамыз
Тайналма екен жорғаңыз
Кздесудің жөнін айт
Қоқанмен екі жолда біз.

— Сөзін айтпа баланың
Тығыз шаруа тірлікпен
Бұқар жаққа барамын
Ал өзіңе жол болсын
Жөнім осы қарағым,
Деп іште боп есебі
Өтірікті бөседі.
Пілді жеңіп ер Бабай
Бес жүз әскер алғаны
Елден елге өтеді.
Мына дақпырт Мошанның
Құлағына жетеді
Естігенде хабарды
Бозарып түсі кетеді
Осыны анық білмек боп
Тыңшысы боп Қызылкөз
Бұқар жаққа заулатып
Бара жатқан беті еді.
Іштей сезіп бәрінде
Қайта мініп кәріне
Сонда Бабай бүй дейді:
Есіңді ишан жи, — дейді
Жаным әлі жаралы
Кегім кетіп барады
Бөрі ашуы басылмас
Қанға тимей тамағы
Аман болса шыбын жан
Ұзамай ұшып барады
Қанды қырғын салады
Тасып-асқан ұлықтың
Қанына сонда қанады

Мошан қамсыз қалмасын
Берік болсын қамалы
Көрмей бала-шағаны
Қанды жасы ағады
Күн тұтылып көгінде
Күні туар қаралы
Кекті қанға малымай
Жаным қалай жай табар
Келген жолың әнеки
Жаның барда желдетіп
Елге бүгін қайта бар
Бабай деген батырдан
Дұғайда сәлем айта бар.
Ертесіне таң алды
Ясы ұлығы Мошанның
Тыңшысы суыт оралды
Бабай бастап бес жүз қол
Шаппақ мына шаһарды
Деген суыт хабарды
Естіп Мошан сазарды
Бүйрек беті бүлкілдеп
Қос қабағы қабарды
Әмірімен ұлықтың
Аламан айқас болары
Ел ешіне таралды
Жұлынып жүрген ұлығың
Жығылып жүні сасады
Даңқы асқан Бабайдың
Мошанды мысы басады
Жауға қарсы тұруға
Иханқақпа жағында
Жасанып тұрды жасағы
Ертеңгі түс болғанда
Ясыдайын қорғанға
Бес жүз әскер қолменен
Бабай жетіп барады
Бара атой салады
Қақпадан шыққан жау қолы
Қаптап қарсы шабады
Селдей келген сарбаздар
Сапырылысып сарт та сұрт
Қоян қолтық қалады
Жау жағының айбынды
Ақ боз атты батыры
Шүйіліп кеп Бабайға
Найзасын сермеп қалады
Денесіне дарытпай
Қалқанымен қағады
Қуып келіп соңынан
Қатуланып қабағы
Ұрымтал түс келді деп
Алмас жүзді қылышпен
Ұрып өтті жонынан
Артына жалт қараса
Қаны шапшып барады
Құшып аттың жалынан
Дала қанға бөгеді
Бас кесіліп молынан
Талай сарбаз тапты ажал
Сұңғыла батыр қолына
Бойын ашу билейді
Оң келгенін оң ұрып
Сол келгенін сол ұрып
Кекті найза түйрейді
Жау жасағы сирейді
Бесін уақ балғанда
Жеңіледі, күйрейді
Сау қалғаны сарбаздың
Танытпастан жау қабақ
Тірі де басын сауғалап
Бетке ап елсіз даланы
Пытырай қашып барады
Жеңілгенін білген соң
Мошан естен танады
Таусылып бар амалы
Қасына алып ишанды
Үрейленіп, үркектеп
Үйіне жетіп барады
Жиып бала-шағаны
Былай дейді дірілдей:

— Бол қатындар, болыңдар
Жасырыңдар сандыққа
Сонда тоқал күлімдей:

— Жеті қатын аңырап
Артыңда жесір қалдық па?
Жарап қалар ер Бабай
Жасымызға шалдыққа.

— Сайтан алғыр сандалып,
Ыржиясың, күлесің
Мұқатудың жапсарын
Аман қалсам білесің, —
Деген Мошан шешініп
Көйлегімен, дамбалшаң
Бозаң тартып түс-өңі
Сандыққа кеп түседі
Мұны естіп жас тоқал
Тарс айырылып талағы
Сандықты сарт жабады.
Осы кезде сырттан
Ат тұяғы дүбірлеп,
Әлдекімдер күбірлеп
Қақпа алдына тоқтайды.
Соңына ерген сарбазбен
Бабай ішке енеді
Үрейі ұшып үрпиген
Қатындарды көреді
Жүрегі тас мұзданып
Былай дейді сызданып:-

Құлатқан асқар тауымды
Менің ата жауымды
Жасырғанмен пайда жоқ
Қатындарда айла көп
Білесіңдер айтыңдар
Мошан мыстан қайда, — деп
Бабай алды суырып
Алтын сапты қылышын
Деген кезде жас тоқал
Жанына келді жылысып

— Өлтірмеңіз құрысын
Бұдан қорқып қашанғы
Күніміз өтпек құнысып
Атан бура қайным-ай
Байға келдік жарымай,
Деп сандықты ашады
Өрекпіген Бабайдың
Ішіндегі Мошанды
Көріп қаны тасады
Жетіп келіп тістене
Алапаттай күшпенен
Сандықтан жұлып алады
Сүйреп алып тұлыптай
Қақпа алдына барады
Оразбай мен Байсалдай
Түсіп еске ағасы
Жас сорғалап жанардан
Қос тамшы жас тамады
Қос арыстың кезінде
Басын кескен жауыздың
Тістене тұрып кекпенен
Басын сәтте қағады.
Қылышын кекке суарып
Мейірі ердің қанады.
Әлқисса, сөйтіп Ясы шаһарының ұлығын өлтірген соң Бұқар ханының әмірімен ұлық болып Аманбай бекітіледі. Ұлық болып алған соң бұрыннан менмен, қызқұмар, ұрдажық мінезі бар Аманбай халықтан алым-салықты үстемелеп алады. Мұнымен де қоймай, ел ішіндегі ажарлы қыздарды күшпен тартып алып, зорлық зомбылық әрекеін үдете түседі. Шектен шыққан өктемдікке төзімі таусылған қаратобыр халық мұң зарын Бабайға жеткізіп отырыды. Арада он үш жыл өткен соң Бабай Сыр бойының батыры қаңлы Қайқымен тізе қосып, Аманбайға қарсы шауып, ақырында оны орнынан тайдырады. Бұрыннан Бабайдың батырлығына қызғанышпен қарайтын Аманбай оның намысына тию мақсатымен түнделетіп келіп батырдың Есіркеп деген ағасының жас та сұлу әйелін зорлап алып қашып кетеді. Оны Бұқарадағы сырлас досы ұлыққа тарту етіп, одан мол сый-сияпат алып еліне кетеді. Араға апта салып оралған Бабай жайсыз хабарды есітеді. Намысты ер бұған төзбей жеңгесін алып келу үшін Бұқараға аттанады. Бұл кезде Бабайдың жасы 28-де болатын. Сонымен батырдың бұл жорығы немен аяқталады?
Енді соны тыңдайық.
Күн артынан күн өтіп,
Түн артынан түн өтіп,
Жер танабын қуырып,
Соңына шаңды суырып
Келеді батыр гулетіп
Хан ордасы Бұқарға
Жедел жетіп бармаққа
Ата жауы Аманбай
Жетіп жауыз жалдапқа
Өзегін жұлып өлтіріп
Өшін батыр алмаққа
Жұлдыздайын ағады
Желдей есіп барады
Қожа Ахмет Яссауи
Кесенесі қалды артта
Салып артқа үш күнді
Төртінші күн дегенде
Таяды жерге межелі
Қыз күлкілі күміс үн
Сылдырай аққан өзені
Миуалы баққа оранған
Жайқатылған желегі
Зеңгір көкпен тілдесіп,
Тербетілген терегі
Шырайлы ұжмақ шаһарға
Бұқараға жетіп келеді
Болған бұрын көзқанық
Мына шаһар алабы
Жатыр сайрап алдында
Сүрлеуі мен сорабы
Көзіне оттай басылды
Бақшасарай алабы
Оданда өтіп барады
Бөзші кемпір тұрағын
Оңай тауып алады
Байлап атын беренге
Үйіне кіріп барады
Тоқсан үштен асса да
Бақуатты ол әлі
Барлап мұның жүзіне
Ұзақ тұрып қарвды: —

Бабаймысың балам-ау
Жүрсің қайдан қарағым
Ұмыттың ба Бөзшіні
Білсең екінші анаңмын
Сен кеткелі сағынып
Жолға қарап алаңмын,
Деп көзіне жас алды
Кәрі көңіл босады.
Жақын келіп жанына
Бауырына басады
Шат көңілі жаз болып
Мәре-сәре мәз болып
Періште ана киелі
Бозінгендей иеді.
Еміреніп, елжіреп
Маңдайынан сүйеді.
Әлқисса, сөйтіп Бабайдан бар жайды білмек болып мұны тыңдайды. Бабай өткен күндерде бастан кешкен оқиғаларды баян етеді.
Бұл жолы Бұқараға зорлап алып кеткен жеңгесін қуып келе жатқанын айтқанда Бөзші кемпір: “Аманбай жеңгеңді Бұқарадан тысқары тұратын ұлыққа тарту етіп одан мол сый-сияпат алып Қарақалпақ жеріне кеткен. Бұл дабыраны бүкіл шаһар біледі”, — деп білгенін айтады. Сөйтіп Бөзшінің нұсқауымен ұлықтың ауылын тауып, жеңгесі тұратын үйге келеді. Мұны көрген жеңгесі мұңын былай жеткізеді:-

Жеттің бе, аман жеттің бе?
Айналайын төрем-ау
Деп ойлап ем мен мұнда
Құсалықпен өлем-ау
Тағат, төзім таусылып
Тістеулі еді бармағым
Екі көзден жас кетпей
Сағынып елді сорладым
Құтқара гөр Құдай деп
Күні-түні зарладым
Болмас еді фәниде
Көрсем елді арманым
Үзілуге айналған
Үмітімді жалғадың
Қасіреттен, қорлықтан
Құтқар мені қорғаным,
Деп жүрегі налалы
Жеңгесі мұңын шағады
Сонда жеңге қолынан
Жиегі таза жауһардан
Көзі мөлдір гауһардан
Жүзігін көріп қалады.

— О, жеңгетай, жеңгетай
Бір айласын табайын
Осы сәттен өзіңнің
Інің болып қалайын
Сыйға тартқан ұлықтың
Жүзігін алып барайын
Құтылудың сонан соң
Келтірермін орайын, —
Деп Бабай үйден шығады.
Осқырынды сол кезде
Жан серігі пырағы
Секем алып қараса
Тасасынан бақсаның
Шыға келіп қос сарбаз
Кездігін кезеп тұрады.

— Жүр, — деп зілмен Бабайға
Ұлық тұрған сарайға
Алып мұны келеді
Келе хабар береді.
Алдырып ұлық алдына
Екі беті сұрланып
Былай дейді бұлданып:

— Қорғанға кірген ұрланып
Жүрген адам бұл нағып
Есуас па еріккен,
Жанынан безген пенде ме
Ажал іздеп желіккен
Әлде сорлы мұның да
Іздегені сұлу ма?
Деп шамданып тулайды
Мұнан жөнін сұрайды
Сонда Бабай ақберен
Былай дейді баппенен:

— Жүзіңіз қандай нұрлы еді,
Шуақтанып нұр тұнған,
Асқақ екен айбарың
Атандайын нар тұлғаң
Ясыдан келген келіншекті
Іздеп келдім артынан
Інісі едім мен соның
Әмем еді бір туған,
Деген кезде таңданып,
Ұлық күлді мұртынан,

-Тұрғаным жоқ малданып
Дәлелің бұған бар ма анық.
Сонда Бабай саспастан
Болмауы үшін сезікті
Өзі берген гауһартас
Көрсетеді жүзікті.
Бұған Ұлық иланып,
Тұрған жұртты жиналып
Басқасынан Бабайдан
Шығарды сарайдан.
Оңаша қалып өздері,
Былай болды сөздері:

— Қатын алып қазақтан,
Күйеу болсам деп едім,
Батырлары баһадүр,
Сүйеу болса деп едім.
Оған әмең көнбеді
Өйткенімше өлем деп
Мол сияпат етсем де
Бір айтпады көнем деп.

— Байеке бұған не дейін
Әмеме айтып оңаша
Көндіремін деп сізге
Уәдемді берейін
Тек бір ғана тілегім
Әмемді алып жаныма
Жұмақтайын жеріңді
Тамашалап көрейін
Қосшыңды бер тағы да
Серуен құрып келейін.
Естіп мұны шат болып,
Масайрап ұлық қалады,
Тілегін қабыл алады
Құдай тілек берді деп
Той жасаймын енді деп
Шадыман күйде барыды.
Әлқисса, сөйтіп Бабай жанына жеңгесін алып серуенге шығады. Олар шаһардан ұзақ кетіп, күн батқанша жүреді. Шаһардан шығандап шыққан соң қосшының қол аяғын матап, атқа байлап кері айдап салады. Содан жеңгесі екеуі түні бойы жол жүріп, таң алдында Бөрінің үйіне жетіп қонады. Енді ұлық жақ не болды? Қосшыны артып келген  атты көріп ұлық бұлқан-талқан ашуланып, қашқандарды соңынан қуып барып, басын кесіп әкелуге әмір беріп даңқы шыққан Қаһраман батырды жібереді. Ал, Бабайға келсек. Ертесіне түске таяу Бөрі үйінен аттанғалы жатқанында көз ұшында шаңытқан жалғыз қара көрінеді. Бұл өзбектің батыры Қаһраман екенін білген Бөрі Бабайға тезірек аттан дейді. Сонда Бабай Бөріге қолқа салып, жеңгесі екеуін беттерін елге түзеп жолға салып, өзі таяп қалған жалғыз қараға қарсы шабады.
Қарсы ап жалғыз қараны
Қаһарланып қабағы
Жауына қарай шабады
Тақымдағы найзасын
Оңдап қолға алады
“Қожа Ахмет, пірім” деп
Ұрандап жақын барады.

— Тоқта бала, тоқта, — деп
Қаһраман сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:-

Батыр ма десем баһадүр
Бозымдай жас баласың,
Дадандай дүр батырдан
Сыбағаңды аласың
Бақырайған көзіңді
Ойып алсам нетерсің?
Шыбын жаның жүректі
Сойып алсам нетерсің?
Қопарып бар қаныңды
Тойып алсам нетерсің?
Астыңдағы күрең ат
Сойып алсам нетерсің?
Басыңды сыйлап ұлыққа
Байып алсам нетерсің?
Анаңмен де қоштаспай
О дүниеге кетерсің, —
Деп Қаһраман безенді
Найзасын оңдап кезенді
Каһарланған ер Бабай:

— Кел, кел, дейді, кел дейді
Іздегенің мен дейді.
Бабай деген атым бар
Батыр деген даңқым бар
Сен секілді сайраушы ед
Сайқалданған қатындар
Нағыз ерлер, батырлар,
Сұңқардайын саңқылдар, —
Толғаулы найза қолға алды,
Қырандайын қомданды,
Астындағы алмауыт
Күрең қасқа бұлқынды
Босатқан соң тізгінді
Атылып алға ұмтылды
Куә болып айқасқа
Көкте ғана күн тұрды
Ерегіскен екі елдің
Ереулі атты ерлері
Қаруларын қолдағы
Толғай, толғай сермеді
Сарт-сұрт тиген найзалар
Ерітердей көк тасты
Найзағайдай от шашты
Бастап түсте шайқасты
Бесін намаз болғанша
Бел бүгіспей айқасты
Ақ алмастай жарқылдап
Сәмбі талдай солқылдап
Бабына Бабай келеді
Барған сайын қарқындап
Астындағы арғымақ
Тізгінін жұлқып аршындап,
Қос құлағын қамшылап,
Сүмектеп тері тамшылап,
Ойқастап алға озады
Бауырын енді жазады
Топылдап тиген тұяғы
Ұялап жерді қазады
Дүркіретіп даланы
Делбесі қозып шабады
Қатуланып қабағы
Жауына атой салады
Дүлей күшпен ер Бабай
Болат сапты найзамен
Қарсы келген батырды
Қақырата соғады
Енді артына қарады
Алпамсадай Қаһраман
Атынан ауып барады- Қанды басың бері тарт
Өлер жерің келді сарт,
Соңғы сапар алдында
Не демексің енді қарт?
Деп айналып келеді,
Келе бұған төнеді.
Бұлауланған көзінен
Тамшы жасты көреді.
Сонда батыр Қаһраман,- А, Құдай деп, Құдай деп
Тіл қатады былай деп:- Біліп алғын сен жігіт
Бұлай етпес ер жігіт
Қашқан жауға қатын би
Айтқан екен ел біліп
Күш сынасып көрейік
Білек күште енді үміт
Осыны естіп батырың
Түсті атынан ақырын
Дулыға, сауыт тасталды
Аламан күрес басталды
Екі елдің бөрісі
Жасы менен кәрісі
Кел,кел десті, кел десті
Жақын келіп шендесті
Енді өліспей беріспей
Намысты қолдан бермес-ті
Қарт та болса Қаһраман
Шон денелі нар еді
Шалт қимылды бойында
Асқан айла бар еді
Көрмей мұны лақ құрлы
Көтере келіп лақтырып
Ширатылған барыстай
Құламады қалт тұрды
Бұған батыр қорланып

Буырқанып шамданып
Сом болаттай сомданып
Тасқын судай долданып
Шақарланып зәрленіп,
Қаһарланып кәрленіп,
Кек, намыспен алғандай
Қуаттанып әлденіп
Енді батыр ширайды
Бойға күшін жинайды
Алладан медет сұрайды
Шүйке тұстан шүйлігіп
Мойынынан бұрайды
Қылбыраудай білекке
Шалың қалай шыдайды
Төңкерілген мес қарын
Іркілдейді іркіттей
Төбесінен төнеді
Денесімен зіңгіттей
Ызаланған батырың
Қос шеңгелдеп бүреді
Ызбарланған бүркіттей
Астындағы Қаһраман
Көрсетіп бар айбатын
Жыйды бойға қайратын
Тектен-текке бұл қалай
Жас періден жайрасын
Құтырынған бурадай
Тарпып жерді тулады-ай
Омандай жері ор болды
Бабайдың күші зор болды
Жас батырды ала-алмай
Қаһраман қор болды
Жігері жасып бор болды
Кең дүние тар болды
Барар жері ендігі
Қара жер деген көр болды
Жайратпақ боп пақырды
Бүре түсін алқымды
Тақымды Бабай батырды
Өлерін енді білген соң
Құша құлап тақырды
Қуаты кеткен Қаһраман
Өкінішпен аһ ұрды
Айбарланған батырды
Мәмілеге шақырды
Шақырғанда бүй дейді:- Жанымды батыр қи дейді
Балаларым бейшара
Шулап қалар үйдегі
Анам науқас күйде еді
Ей, Құдайдың құлы, сүйгені
Мені албасты биледі
Жас та болса қайратты
Жас батыр теріше иледі
Бойдан кетіп қуатым
Тұра алмастай күйредім, — деген
Қаһраманның зарлы сөзінен кейін орнынан тұрады. Қаһраман Бабайдың қарсы алдына тізерлей отырып тағы да былай дейді:

— Ей, хас батыр, хас батыр
Қолыңды бер жас батыр
Даңқым кеткен еліме
Болған едім бас батыр
Батқан екен күн айым
Ұрды бүгін Құдайым
Ей, ер Бабай, ер Бабай
Өтініп сауға сұрайын
Жасаған ием тәңірім
Қуат берсін лайым
О, құдірет, құдірет
Ұлық қандай зәлім ет
Қол шоқпары боп кеппін
Елді аяусыз жәбірлеп
Наласы көптің жібермес
Басты бүгін әбілет
Буырқанып түбінде
Жеңеді екен әділет
Тұрлауы жоқ алдамшы
Опасыз мына тірлікте
Неткен наһан өмір ет
Қашқаныңды білген соң
Ел билеген бегіміз
Кетті деді кегіміз
Тұлан тұтып ашынды
Қаны шауып басына
Тас-талқан боп тасынды
Білсін қандай өзіндей
Жай тасындай жасынды
Алып кел деп берді әмір
Шауып сенің басыңды
Асты міне күш-айлаң
Жедім ақыр пұшайман
Біздің елде білсеңіз
Жаны жомарт кісіні
Осы нағыз қазақ дер
Айбыны асқан ер Бабай
Басыма енді азат бер.
Әлқисса, сөйтіп Бабай батырдың аяғына жығылып қанын кешуді сұрайды. Ашу қысып, өне бойын намыс билеген батыр бір сәт оның басын шауып алу пиғылында болып, ол райынан қайтады. Басына азат беріп былай дейді:

— Ей, Қаһраман, Қаһраман
Ер ме десем қаһарман
Ез екенсің тоқыраған
Өлімге басын тікпес пе
Нағыз еркек, батыр адам
Күш атасын танымас
Адал адам арымас
Батырлардың тегіңде
Қиянатқа қаны қас
Былай шыға тасыма
Бердім азат басыңа
Бер алдымда адал ант
Артам саған аманат
Асқақтаған ұлыққа
Кекпен келмей қор ма едім
Алып қайткан аулыма
Әмем емес расында
Некелі жары ағамның
Жеңгем еді ол менің, —
Деп жас пері тоқтайды
Шоқтай жанып жанары
Күрен қасқа тұлпарға
Қарғып мініп алады
Дүбірлетіп даланы
Елді бетке ап барады.
Әлқисса, сөйтіп кек пен намыс жолындағы жорықта жауын жеңген Бабай батыр ауылына дін аман жетіп, ата анасы мен бауырларын қуанышқа бөлейді.

Базарбай ОСПАНОВ.

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

БІР РЕТКІ ӨЛІМ ЖАЗАСЫ

ҒАЛЫМБЕК ЕЛУБАЙ. Қамыстан тоқылған төбедегі қарағай бөренелерге іле салған тор көз шырақ сығырайып барып сөніп қалды. Шам жағуға…
Толығырақ

Томпыш

Ги де Мопассан. (хикаят) Қатарынан бірнeшe күн бoйы қала арқылы қираған армияның қалдықтары өтіп жатты. Қазір бұлар әскeр…

Люданың хаты

Жәудір Нартай. Әңгіме Жиен сіңлім екеуміз қаланың ең шулы аудандарының бірінде орналасқан ескі жатақхананың бір бөлмесін жалдап тұрып…
Толығырақ

АҚ ҚАҒАЗҒА ӨЗ  ӘЛЕМІН ОРНАТҚАН

        Дүйсенхан Нақымов! Сонау оқушы кезімізде аудандық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Ордабасы оттары») газетінен оның өлеңдерін оқып тұратынбыз. Өзін…