Пернебай САПАР (Әңгіме)
Қазаққа кім болса сол ақыл айта беретін заман болды ғой қазір. Қайбір жылдары біздің ауылға екі бикеш келіпті семинар дей ме, тренинг дей ме, бірдеңе өткізуге. Тақырыптары да қызық, қызық болғанда ұғымға сыймайды, жүктіліктің алдын алу деген ба-а-а, сондай енді. Ол тақырыпты жеңгелеріміз шай ішіп отырып-ақ талқылап тастайды бізде, сосын шығар, «жүрсеңдерші» деп келген ауылдың медсестрасын «ерікпеші» деп бір-ақ қайырған ғой. Қайыруын қайырғанмен, айналайын ауылдың сымсыз телефоны гуілдеп үзіліссіз жұмыс істеп кетті де, айналдырған екі-үш сағатта екі қыздың есімдері, рулары, әке-шешелерінің кімдер екені, тап осы ауылға қалай келгендері, жігіттерінің бар-жоғы, жас мөлшері түгел анықталып, өздері де ұмытып кеткен кейбір құпиялары ашылып жатты. Бетке ұстар еркектер таза киініп, түк жұмыстары болмаса да жалғыз медпункті айналып өтетінді шығарды. Сәңкіш, Типандар «давление» өлшеткіш боп кетті ойда жоқта. Бикештер ауылдағы жалғыз дәрігердің үйінде он күн жататын болыпты. Ол жазғанды бұрын «дым білмейді» деп өсектейтін жеңгейлер, енді, тіпті, атарға оғы болмай шықты. Қайтеді енді, бұрын өздеріне қосылып боқтап отыратын байлары «Кәкеңді тамаққа шақырып жіберсек қайтеді?» деп, табан астында қонақшыл боп жатса. Сөйтіп, тып-тыныш жатқан шағын ауылдың бойдақтарының арасында дүрбелең, үйленгендерінің, әсіресе, жаңадан үйленгендердің арасында көзге көрінбес кикілжің басталды. Мен бейбақ, биылдан қалсам бүкіл қыз атаулы жер ауып кететіндей үйленіп алғам. Құлағым елеңдеп, орталыққа қайта-қайта қарағыштап, мен сүйткен сайын жан жарымның шайы кештеу қайнап, қақпаның алдына шығып келсем, «қайдан келдің?» деген сұрақтар көбейіп тұрған, беймаза бір шақтар еді сол кез. Күтпеген жерден Мол апам «арбаңды жегіп орталыққа, доғдырға апарып кел» деп келе қалғаны. Жетпістен асқан кемпір кісі мынадай ыстықта жаяу жүрсін бе, көршіміз еді, сөзін жерге тастамадым. Бір жағы қуанып жүрмін, әлгілерді көретін болдым деп. * * * Екеуі де ақ халаттарынан тізелері жылтыраған әдемі екен, кәдімгідей қуанып қалды. Қуанбағанда кәйтед, келгелі бері көргендері жалғыз әйел, кемпір де болса әйелдің аты әйел де енді. Орындық ұсынып, «сіз де отырыңыз» деп мені де құрметтеді кәдімгідей. – Әлгі доғдыр бала жоқ па? – деп апам жайғасып алды. Жанына мен жалпидым, «баламыз» ауданға кеткен көрінеді. Әңгіме тез өрбіді, сона-а-ау бас қаладан келіпті. Шалғайда жатқан ауылдың әйелдеріне жүктілік жайында, баланы қалай табу керек, оны күтіп-баптаудың жолдары, сақтанып жүру дей ме-ейй, сондайларды айтуға келіпті, онша түсінбедім ол жағын. Мұқият тыңдасам түсініп те алар ма едім, бірінің бетіне, бірінің тізесіне кезек жалтақтап отырған мен қайдан сөз ұғам. Бәрібір ол ақылды жүзеге асырмасым анық, апама тіпті де керегі жоқ. Бірақ оларға сонша жерден келген соң, әйтеуір біреуді оқытып кету қатты керек болды-ау, сұрай бастады апамнан. – Қанша балаңыз бар? – деп. – Құдайдың берген оны бар, – деді апам. – Алты ұл, төртеуі қыз. Он екі құрсақ көтергенмін, шырағым, екеуі шетінеп кетті. – Он екііі-іі… Тізесі әдемі бикештің даусы жүдә жайсыз шықты, әлі пұшпағы қанамаған қыз үшін он екі бала табу дегенің сұмдық сорақы көрінсе керек. Шала қазақшасымен сөйлеп кеп бергені. – Сіз, апашка, как это вообще… Перед этим… ну… кішкене жоспарлап… – Не жоспар ол? – Ну, например.. – Шырағым, шал менен «Не жоспарың бар?» деп сұраған емес. – Ужаасс, қандай адам ол? – Кім? – Аташка… – Момын еді марқұм. Ішпесе ешкімге зияны… – Еще по пяньств… – Өлгенде тек жақсы жағын айтып жыладық қой оның. – А, вы сильно любили да наверно. – Е, жоға, Құдай. Шешем барасың деді маған… Екі дәуірдің, түсінігі керағар заманның өкілдері болған соң, әңгіме әуелден-ақ қиыспай бара жатты. Ана қыз орысшалап тағы біраз сөйледі. Екіншісі обалы не керек, қазақшалап сұрады, қазақша болса да оспадарлау екен, сонда да Мол апам жарықтық, кең пішілген кісі, жауаптан жалтарған жоқ. – Он баланың анасы екенсіз айтыңызшы, бала не үшін жылайды? – Ит біліп пе шырағым, бала болғасын жылайды да. – Сіздікі дұрыс емес, бала қарны ашқан соң жылайды есіңізде болсын, жарай ма?! – ?… – Бала күніне қанша рет тамақтану керек? – дегенде: – Кім санапты оны? – деді апам жайбарақат. – Айран ішіп, нан жеп жүретін өздері. Шырағым, біз қой бақтық. Үлкен екі қызды енем қараған. Кейінгілерін енем өлгесін қыздар қарады, емізіп беретінмін мен. – Ужаасс, сізге все равно да. – Нені айтасың? – Ну, балаларыңыз плачет, голодает, еще… – Қой бақтық деймін-ей. Қыздар қарайтын. Бір-біріне қарайды бала деген. Күніне үш мезгіл нан жабам мен. Сақырлаған өңкей еркектер «гүпкі» деп, «сақман» деп топырлап жатады. Оларға тамақ істеу керек. Қозылары да құрғыр енесін ембей… Тақыртөбеде отырдық… Қос бикеш бақырайып отыр, апам үзіп-жұлып жіберіп жатыр әңгімесін. – Шал да қыңыр еді, жазған. Жалғыз атты мініп кететін. Көпшіл болатын. Барған жерінен біреулерді ертіп келеді. Ащы қуырдақты жақсы жейтін, оны істеу керек, арақ ішеді сомен. Ана екеуіне күңдей көрінді-ау, – Ну, а ваша права… – деп келе жатқан, «үйтпедік қой біз» деді апам жайбарақат. – Момын болғанымен, ашуы сұмдық-тұғын. Бірдеңе бүлдірсе, мені сабайды. Өзінен көрмейтін албасты неме. Мақтап отыр ма, жамандап отыр ма «ит білсін» бірақ, Мол апамның шалы тірі болса, сотқа беретін сыңайда отыр екі сылқым. Өз басым «ерікпеші» деп мыналардың сабағына келмей қойған жеңгейлерге риза бола бастадым. Құдай сақтасын, «праваларын» үйретіп кетсе, онсыз да әйел атаулы бет қаратпай тұрған ғасырда ауылдан безіп кетерміз. «Бұл әрекетің бүгінгі жоспарымызға кірмейді» деп жатса, тағы бәле. * * * Апамның әңгімесі ұзаған сайын жан-жағынан жылан жылжып келе жатқандай, ес кете бастады екеуінен. Әйтеуір бір кезде біреуінің, не үшін жүргені ойына түсті-ау, сөзді ортасынан бөліп, сұрағын жалғады. – Балаларыңызды күніне қанша рет шомылдырасыз? – Қырқынан шыққанша шомылдырдық қой. Құйрық маймен майлап, бесікке бөлеп берем, қыздар тербетеді. Мол апамның әр жауабы нокдаун. – И, все… – Ала жаздай судан шықпайды онсыз да. – Қыста ше? – Сапқозда монша болатын. Шал ап келетін бәрімізді, қол тигенде. * * * Қарап отырсаң тегін «комедия». Күллі қазақ «жауырыны жабысқан» дейтін «диагноздың» медицинада өз атауы барын сол жолы білдім мен. Оны зерттеп, уақытын кетіріп жүрген ғалымдарға апам шынымен таңғалды. «Е, сол ма құрғыр, Ақтанау абысыным жазып беретін» дегенде екі қыздың бақырайғанын көрсең. Тақыртөбе мен ауылдың арасы қырық километрден асатынын, жалғыз атпен мал бағылатынын, Ақтанау абысыны көрші шопанның әйелі екенін түсіне алмады олар. Ай сайын дәрігерге қаралу, екіқабат ананың күтімі, гигиена, нәрестеге «настажи пастажи» сияқты тамақ беру дегенді Мол апам селқос тыңдады. Екіқабат кезде витаминдер қабылдау дегенді, жалпы витамин дегенді санасына сыйғыза алмады. Күбісінен май кетпеген, табаға нан жабатын, етті түтінге ыстап, ұнға салып сүрлейтін адамға түймедей «бәле» пайдасыз көрінді. Бір баладан кейін екі-үш жыл демалу деген «кеңеске» «шал көнбейтін» деп шынын айтты апам. Сөйтіп момын атамды «маньяк» қып шығарғанын өзі де байқамады. Ал үйді адыраспандау, тұзды суға шомылдыру, құйрық сорғызу, көз тигенде оқытып жіберу, тағы сол сияқты өмірлік тәжірибесін айтқан Мол апам, аналарға «шарлатан» боп көрінді білем, жақтырмады. Қала берді «бала туу да науқан, егісті піскен кезде жинап алу керек, бір-бірінің киімін киіп, бір көрпенің астында жатып-ақ өсіп кетеді. Дүние басқа бітеді» деген әңгімесімен сона-ау он алты, он жетінші ғасырдан бір-ақ шықты. * * * Сол жолы кімді-кім оқытқанын әлі күнге түсінбей жүрмін. Мәселен, жоспарланбаған жүктілік, алдын ала сақтану сияқты далбасаның жетпістен асқан кемпірге не керегі барын қайдам, қыздар оны да айтты. «Бәрібір тумаймын мен, алдыңғы жылы шал өліп қалған» дегеніне қараған жоқ. Сонша сағат отырғанда түк те нәтиже шықпады. Тек арбаға жайғасып алғасын, «сонша жыл оқығанда табатыны бір-екі бала, оны да тапса жақсы» деп күбір-күбір кіжінгені есімде. Ол кісінің «оқыған, білімді қыздар» дегенге, дәмеленіп барғанын, кейінірек, менен үш жас үлкен немересі үйленгенде түсіндім, ол кезде өзі жоқ еді. Сол немересі жалғыз баласын құшақтап отырып: «жеңгеңе үш жыл күтін депті врачтар» деген сайын Мол апамды ойлап қоямын. Шүйкедей кемпір аспанның арғы бетінен «Бүгінге не жоспар?» деп қадалып тұрған сияқты, бізге.