Көркем сөздің көсемі

Кемел Тоқаев – Ұлы Отан соғысының ардагері, көрнекті жазушы, қазақ детективінің атасы, қазақ журналистикасының қара нары. Ол Абай, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсірепов секілді қабырғалы қаламгерлермен қатар, Эдгар По, Артур Конан Дойл, Жорж Сименон, Уильям Коллинз тәрізді әлем әдебиеті алыптарының шығармаларынан нәр алып, қазақ көркемсөз өнерінің өсіп-өркендеуі мен дамуына сүбелі үлес қосты. Сөйтіп, қазақ әдебиетінің қоржынына өлмес те өшпес мұра қалдырды. Қазақ әдебиетінің тарихында есімі алтын әріптермен жазылды. Оның  кітаптары кезінде 450-500 мың таралыммен қазақ және орыс тілдерінде тасқа басылып, қолдан-қолға тимей оқылды. Шығармалары мұндай таралыммен жарық көрген қазақ қаламгерлері некен-саяқ. Осы жағынан алғанда Кемел Тоқаев – өз оқырмандарын тапқан бақытты жазушы. Біздің бұл сөзімізді Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әзілхан Нұршайықовтың «Кемел қазақ жазушыларының ішіндегі оқырманы ең көп қаламгерлердің бірі болды. Өзі таңдап алып, негізін қалаған детектив жанрында алдына жан салған жоқ» деген пікірі тірілте түседі.
Кемел Тоқаев 1923 жылы 2 қазанда бұрынғы Талдықорған облысы, Қаратал ауданына қарасты Кәлпе ауылында туған. Бала кезінде ағасы Қасым екеуін ата-аналары тірі екендеріне қарамастан, әпербақан милициялар күштеп алып кетіп, Бішкектегі жетім балаларға арналған мектеп-интернатқа тапсырады. Көп ұзамай, олар Түркістандағы мектеп-интернатқа ауыстырылады. Кейін ағайынды Қасым мен Кемел екеуі Шымкент қаласындағы орта мектепте білім алады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен Қасым майданға аттанып, 1942 жылы ерлікпен қаза табады. Ал, Кемел Тоқаев 1942 жылы соғысқа аттанып, Сталинград, Украина, Белоруссия майдандарында ерлік көрсетіп, I және II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, сондай-ақ екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. 1943 жылы ауыр жарақат алып, соғыстан босатылады.
Жазушының өмір жолына зер салсақ, көптеген дереккөздерде  1943 жылы оның С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультеті, журналистика бөлімшесіне түсіп, оны 1948 жылы бітіріп шыққаннан кейін, республикалық газеттерде жұмыс істегені айтылады. Сөйтсек, бұл шындыққа жанаспайды екен. Белгілі журналист Көсемәлі Сәттібайдың зерттеуі бойынша, Кемел Тоқаев еңбек жолын 1948 жылы Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінде тілші боп бастапты. Аталған газеттің 1948 жылғы 18 тамыздағы №164 (2479) санында «Алыстағы қалыңдық», ал, 24 қазандағы №213 (2524) санында «Жас гвардия», сондай-ақ «Қазақ орта мектебінде орыс тілін оқытуға көңіл бөлінсін», «Қордайда егін жыйнау, астық тапсыру қарқыны неге баяу?» (Ол кезде жинау емес, «жыйнау» деп жазылған екен. Сол күйінде бергенді жөн санадық. Е.Ш.), тағы да басқа мақалалары жарық көргені туралы нақты деректер келтіреді.
Осыдан кейінгі жылдары Кемел Тоқаев «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде жауапты қызметтер атқарған. Ал, 1960–1977 жылдары «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жаршысы» атты ресми журналдың бас редакторы болған (Бұл қызметтен кетуіне сол кездегі ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болған Коммунистік партияның кері ықпалы болған көрінеді. Бұл да арнайы зерттеуді қажет ететін тақырып. Е.Ш.). 1980–1984 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болып қызмет істеген.
Қазақ әдебиетінің детектив жанрын шырқау биікке көтерген қаламгердің бірі де бірегейі – Кемел Тоқаев. Ол ондаған болымды да толымды туындылар жазып қана қоймай, өзінің мектебін қалыптастырды. Оның ізінен еріп, бағыт-бағдар алған, сөйтіп осы жанрда қалам тербеген жазушылар баршылық. Олар – Жұмабек Еділбаев, Әділ Дүйсенбек, Кәрім Баялиев, Болат Бодаубай, Талаптан Ахметжан, Ғабиден Құлахмет, Ерболат Жүсіпов, Шойбек Орынбай,  Тұрдыбек Алшынбаев, тағы басқалар.
Қазақ детективінің атасы атанған Кемел Тоқаевтың «Жұлдызды жорық» атты тырнақалды туындысы 1954 жылы Қазақ Мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан («Жазушы» баспасы) жарық көрді. Мұнан кейін «Тасқын», «Болашақ туралы ойлар», «Көмескі із», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Қыс қарлығашы», «Соңғы соққы», «Солдат  соғысқа кетті», «Таңбалы алтын», «Ұясынан безген құс», «Сарғабанда болған оқиға» атты кітаптары жарыққа шығып, оқырмандардың сүйіп оқитын шығармаларына айналды. Тіпті, кей кітаптары оқырмандардың сұрауы бойынша бірнеше рет басылған. Мәселен, «Көмескі із» повесі – 4 рет, «Қастандық» повесі – 4 рет, «Арнаулы тапсырма» повесі 3 рет қайта тасқа басылған. Қаламы қарымды қаламгер қазақ әдебиетінің алтын қорына он беске жуық повесть, үш роман қалдырыпты. Сондай-ақ, ол – «Қызыл комиссар», «Қылмыскер  кім?», «Сиқырлы сырлар» атты пьесалардың авторы. Бұл туындылар да республика театрларының сахналарында қойылған.
Қаламгердің «Арнаулы тапсырма» атты туындысы – аты әлемге әйгілі партизан-жазушы, Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов туралы жазылған шығарма. Қаламгер осы өміршең туындысын жазу үшін кейіпкері Қасым Қайсеновпен бірге Украинаға сапар шегіп, оның сол елдегі партизан достарымен кездесіп, олардан мол мағлұмат, нақты деректер алған екен. Шығарманың шынайы шығуына осы сапардың септігі тигені даусыз. Бұл туралы Қасым Қайсенов баспасөзге берген бір сұхбатында: «Маған үйір боп, табандылық танытып, мен туралы қазақша, орысша кітап жазған Кемел Тоқаевтың еңбегін жоғары бағалаймын» деп ағынан жарылады.
Жауынгер-жазушының «Солдат соғысқа кетті» атты шығармасы өз өмірінен алынған туынды. Бұл роман автордың қан майданда жүріп жазған күнделігі негізінде дүниеге келген. Сондықтан да шығарма шынайы шыққан. Ойдан алынған образдар мен оқиғалар жоқ. От пен оқтың ортасында жүрген кейіпкер мен қаруластарының әрбір ерлігі, іс-әрекеті, болмыс-бітімі, тіпті Власов, Громов секілді командирлердің пасық пиғылдары, солардың кесірінен кей жауынгерлердің Отанын сатып, жау жағына шығуы, сондай-ақ жау ұшағын атып түсірген Мейірмановтың ерлігін өз атына пайдаланғысы келген арамдықтары туралы оқиғалар қаз-қалпында беріледі. Коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған кезде, сол партияның мүшесі бола тұра осындай шығарма жазу – үлкен ерлік! Ал, мұндай көзсіз ерлік жасау – кез келген қаламгердің қолынан келе бермейді. Оның туындылары – өмірдің өзінен алынған шынайы шығармалар. Сондықтан да оқырмандар кейіпкерлермен бірге қуанады, бірге қайғырады, бірге өкінеді, бірге күйінеді, бірге сүйінеді. Тіпті, олармен бірге тыныстайды. Бұл – жазушы шеберлігі. Ал, ондай шығармалар оқырмандармен бірге мәңгі жасары хақ.
Майдангер жазушының әдебиеттегі ерен еңбегі дер кезінде бағаланып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, КСРО Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасымен және арнайы төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ, Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы жариялаған бәйгелерде оза шауып, төрт мәрте бас жүлдені иемденген. Осының өзі детектив жанрының атасы атанған жазушының алдына қара салмағанын көрсетеді.  Осы орайда сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің: «Əдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы бола алмайды» деген сөзі еске түседі. Сол айтқандай, Кемел Тоқаев – әдебиетіміз бен өнерімізді әлемдік деңгейге көтеріп кеткен қаламгер.
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұзафар Әлімбаев өзінің түйдей құрдасы Кемел Тоқаев туралы айта келіп: «Өмірде ұзақ жылдар ізденіп жүріп, әдебиеттен өзін жаңылыспай тапқан, тек өзіне ғана тән оңтайлы өнерлігімен талай құнды кітаптар тудырған Кемел Тоқаевты туған халқы терең махаббатпен еске алады. Рухани ізгі екінші ғұмыр деген – әне сол» деген екен. Сол айтқандай, кемел де кемеңгер жазушының екінші һәм мәңгілік ғұмыры сол қайтыс болған күні-ақ басталғаны анық. Осы сөзіміздің айғағындай, 1996 жылы Үштөбе қаласындағы №1 орта мектепке Кемел Тоқаевтың есімі берілді. Сонымен қатар осы оқу ордасында ардагер-жазушы атындағы мұражай мен кеңсе, гүлзар мен саябақ бар. Аталған мұражайға 1998 жылы Тоқаев отбасы майдангер жазушының өмірінен сыр шертетін отыздан астам жәдігерді тарту етіпті. Ол құнды жәдігерлердің ішінде жазушының алған орден-медальдары, пайдаланған жазу машинкасы, домбырасы, Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі арнайы сыйға тартқан алтын сағат, тағы басқа тұрмыстық заттары бар. Сондай-ақ, 2021 жылы Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Кемел Тоқаев атындағы шығармашылық зал ашылды. Бірнеше жылдан бері қаламгер атындағы республикалық қоғамдық қор жұмыс істеп келеді.
«Адам өлген күні өлмейді, ұмытылған күні өледі» дейді дана қазақ. Ендеше, қалың елі – қазағы барда Кемел Тоқаев мәңгі жасары хақ.
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Сен ұмытпа оны…

Біздің бала күнімізде ауылда бес-алты майдангер болды. Әшейінде елене бермейтін сол қариялар мереке күндері қолдан-қолға тимеуші еді. Апайларымыз…

Ай жамылған әруақтар

Қарағайлы құздан алқаракөк аспанды сүттей сәулесіне шомылдырып, ай туып келеді. Үңгірде лақтаған меңсіз қара ешкі қураған ақсөңке сүйекті…

БИҒАҢ

(әңгіме) …Бұ кісі О.Бөкейдің Биғасына ұқсамайды… Жо-жоқ, тек оған ғана емес, бізге де ұқсамайтын. Мұны оқып көзіңізге бір…