Пойызға отырарда әдетте адамның көңiлiнде «купеде қасыма қандай адам тап болар екен» деген бiр күмәндi қызығушылық тұрады. Жастау бiреу болса, әдемi қыз-келiншектiң болғанын, ересектеулерi – әңгiмелесетiн зиялы кiсiнiң болғанын, ал қарт адам болса, тыныштық үшiн тiптi ешкiмнiң болмағанын тiлер едi.
Ал менде бұл жолы бәлендей басы ашық тiлек болған жоқ. Тек маскүнем бiреу болып, мазамды алып жүрмесе екен деп ойладым.
Мен купеге кiргенде үстiнде шолақ жең ақ көйлегi бар, шашы да аппақ, қабағы да аппақ, көзілдірікті қара торы қарт кiсi отыр екен. Басын көтерiп, сәлемдескен секiлдi ерiнiн жыбырлатты да, оқып отырған газетiне қайтадан үңiлiп, менiң кiргенiме мән бермеген сыңай танытты. Оның бұл қалпы менiң алғашқы тiлегiме сай келгендей болып, мен де шешiнiп, үн-түнсiз орыныма жайғастым. Аллергия деген бәледен түнiмен ұйықтай алмай, жол бойы ұйқымды қандырсам деп армандап келгем, жайғасқаннан кейiн қалай көзiмнiң iлiнiп кеткенiн өзiм де байқамай қалыппын. Тынысым тарылыңқырап оянып кеттiм. Аллергияға қарсы қолданып жүрген дәрiм бар едi, көршiмнен ыңғайсызданып отырсам да, төсекте жатқан күйiмде басымды төмен жiберiп, мұрныма дәрi тамыздым.
Пойыз ашық далаға шығып, жүрiсiн қатайта түскен екен, вагонның солқылы кәдiмгiдей сезiлiп тұр. – Салқын тигiзiп алдыңыз ба, әлде аллергия ма? – дедi ол менiң үстелге қойған флакончигiме қарап.
– Аллергия, – дедiм шалқамнан жатқан күйi. – Жаз бойы маза жоқ.
– Менің немерем де осы аллергиядан азап шегіп жүр. Нафтизин деген бір дәріні тамыза-тамыза, ақыры сағат сайын тамызатын жағдайға ұшырады. Апырым-ай, осындай ауру бұрын да бар ма еді, әлде кейін шыққан бәле ме? Одан кейін укол алып тәуірленген секілді еді, қазір қайтадан мазасы кете бастады. Операция жасайтын көрінеді, оған қорқып бармай жүр. Құдайдың бәлесі екен.
Әңгімеден кейін әлдеқалай тынысым сәл-пәл жеңілдегендей болып, басымды көтеріп отырдым.
Көршім оқып отырған газетіне қайта үңілген еді – пойыздың солқылынан оқу қиын болған секілді – газетін бүктеп, қасына қоя салды. Әлден уақытта аяқ жағында тұрған сөмкесін ашып, ішінен жарты кітаптың көлеміндей шағын ғана радиоқабылдағышты алды да, әлдебір тетігін басып іске қосып, өзіне керек толқынды іздеп жатты.
Радио қақалып-шашалып, соңғы хабарларды бере бастады. Соңғы хабарлар ұнамады ма, көршім тағы да басқа толқындарды іздеуге кірісті. Дырылдаған дыбыстар менің мазамды ала бастағандай болды. Кенет, ыстық шәй ішсем, аллергиямның сәл-пәл басыла бастайтыны есіме түсті де, купеден шығып, проводник келіншекке: «Шырағым, бізге шәй бере аласыз ба?» деп өтініш айттым. Менің қасымда жатқан адамның қарт кісі екенін біліп, келіншек те бәйек болып қалды.
– Бара беріңіз, өзім апарып беремін, – деген соң, мен купеме қайтып келдім. Көршім радиосын әлі айналдырып отыр екен. Ақыры қазақтың күй өнері туралы бір хабарға тоқтағандай болды. Хабарды жүргізуші әр сөзін безеп, «музыкалық» деген сөзде орысша мәнермен «у» әрпіне екпінді баса айтып, бұл тақырыптан хабары мол екенін білдіргісі келгендей, ұзақ сөйлеп, ақыры күйдің өзіне де кезек берді-ау. Осы тұста жолсерік келіншек те бір аққұман шәй, екі стакан мен қант, қасықтарын көтеріп келе қалмасы бар ма.
Ыстық шай мен күмбірлеген күйден көңіліміз серпіліп қалғандай болды. Күй тартылған сайын еңсең көтеріліп, көңіліңнің сарайына жарық сәуле түскендей жадырап сала бересің. Әлемдегі ұлы адамдардың ішінде музыканы ұнатпағандар болыпты дейді. Музыканы түсінбеуге болатын шығар, бірақ жаныңды тербеген әсем сазды ұнатпау мүмкін емес секілді. Тегінде ұлылар өздері ойлап тапқан әлдебір принциптердің негізінде салыстырмалы түрде айтқан болар. Мәселен, бір данышпанның «музыка адамдарды біріктірмейді, ажыратады» деген сөзі есімде. Шынында да, көрші екеуміз әр күйді өзімізше түсініп, бөлек-бөлек отырғандаймыз. Бірақ бұл ажырау ма екен? Қайта жанымызбен жанымыз бір құпия әлемнің ішінде, ортақ тебіреністің төңірегінде табысып жатқан жоқ па.
Үш-төрт күйден кейін жүргізуші Әбікен Хасеновтың «Қоңыр» күйін хабарлады. Орындаушы Әбікеннің өзі екен.
Осы тұста қисайып жатқан көршім, бұдан әрі жатып тыңдауға болмайтындай, басын көтеріп алды.
Домбыра шегін алғаш қаққанда-ақ баурап ала жөнелген сабырлы қоңыр әуен қан-тамырыңды бойлап бара жатқандай жаныңды балқытып, басқа бір әлемге ала жөнелгендей болады. Шертпе күйде әуен көбіне жалғыз шекте ойналып, жоғарғы шекке алма-кезек ауысып отырады. Ал мына күйде қос үн қоса боздап, екі шекте екі күй қатар ойналып жатқандай әсер береді. Бәлендей бір күрделі дыбыстар болмаса да, сәтті табылған бір әуен қанша қайталаса да, мейірің қанбай, әлі де тарта түссе екен деп тілегендейсің.
Күй аяқталды. Осы кезде көршім радиоқабылдағышын сөндірсін де тастасын. Мен аяқталмай қалған концерттің әсерімен екі-ұдай күйде сәл таңырқап көршімнің жүзіне қарадым. Көршім маған мән бермей, төсегіне қисайып, төбеге қарап, үнсіз жатыр. Күйдің әсерінен айыға алмай жатыр ма екен деп ойлап қоямын.
Әлден уақытта басын көтерді. Сосын күрсінді. Содан кейін маған көзілдірігінің үстінен қарап:
– Адам қамыққанда, жабыққанда күрсінеді, – деді өзін-өзі қоштағандай басын болмашы изеп, – ал, күрсінуді музыка тілімен жеткізе білген адамға қалай таң қалмассың?! Осы күйге «Күрсіну» деп екінші ат берсе де болар еді.
Мен келісетінімді білдіріп басымды изедім.
– Осы бір күйден өзімнің тағдырымды көргендей болам да тұрам, – деді көршім әлдене есіне түскендей, төмен қарап ойланып.
– Күйдің құдіреті деген сол ғой, – дей салдым, оның сөзіне онша мән бермей.
– Ал енді мен сізге бір қызық айтайын, – деді ол менің сөзімді естімеген адамдай, – мен осы күйдің шығу тарихының куәсі болдым.
Сол кезде барып елең етіп, көршімнің жүзіне қарадым. Қалай куәсі болуы мүмкін, әлде Әбікеннің жақын туыстарының бірі ме екен? Әлде музыка саласында қызмет істеген біреу ме екен?
Көршім «жоқ, таппадың» деген адамша басын шайқап, сәл ойланып отырды да:
– Ол кісімен бетпе-бет кездескен адам емеспін, – деді, осынысына өзі де қайран қалатындай бір үнмен, бетіме аңырая қарап.
– Апыр-ай, ә! – дедім мен де таңырқағанымды білдіріп, әрі елігіп. – Сонда қалай куәсі болып жүрсіз?
– Иә, одан бері не заман! – Көршім қанша уақыт өткенін іштей санағандай тағы да үнсіз ойланып отыр. – Сіздер ол кезді көрмеген де шығарсыздар? Нешінші жылғысыз?
– Қырық екінші жылғымын.
– Ойбуу! – деп, күтпеген оқиғаның үстінен шыққандай, көзін жұмып күліп жіберді. – Тіпті беріде туған балалар екенсіңдер ғой.
Менің «беріде туғаным» ұнап қалды ма, көршім сәл көңілденіп, ашыла түскендей болды.
– Ол бір қиын кез болатын, шырағым. Көрмегенің дұрыс та болған шығар. Біз өзі совет өкіметі орнамай тұрғанда-ақ қуғын көрген отбасы едік. Әкем елге ерке сал-серілеу болып, қарап жүрмей, болыспен айтысып, ол аз болғандай, орыстың ұлықтарымен шармайласып, ақыры сотталатын болған соң, Омбыға барып паналаған. Мен сол жақта жүріп, аздап орыс мектебінде оқып, шала қазақтау болып жүрген кездерім де бар. Совет өкіметі орнағаннан кейін ол жақта да қуғын-сүргін көп болды. Аздаған малымыз болатын, кулак деген тізімге ілігіп, 29 жылы қайтадан Қазақстанға қашайық. Ата-анамыздың қайтыс болған кезі, мен үйленгенмін, екі ұл, екі қызым бар. Елдегі жағдай Ресейден де жаман болып шықты. Коллективтендіру деген бәленің жүріп жатқан кезі ғой. Шолақ белсенділер ойына не келсе, соны істейді. Артельге тапсыратын малыңды сойдың деп мені түрмеге қамады. Бір жыл шамасында босап шықтым. Бұл аштықтың басталған кезі. Ауылыма келсем, ел босып кеткен. Әйелім, балаларым – бәрі аштан өліпті… – Көршім осы тұста жыламауға тырысқан адамдай қабағын түйіп, тістеніп біршама отырды. Содан кейін: – Халық жусап қалды ғой, – деп үлкен қасіретпен өзін жұбатқандай болып, әңгімесін жалғады. – Жұрттың бәрі шамасы жеткенше қалаға жетуге тырысып жатыр. Мен де сүйретіліп жүріп, әркімге бір ілесіп, Алматыға бет алдым. Әйтеуір астана болған соң, өлтірмес дейтін секілдімін. Қаңғыған аш-жалаңаштардың ішінен Қойшыбек атты 17-18-дер шамасындағы бір жігіт маған серік болды. Аштар қамап, өлтіргелі жатқан жерінен аман алып қалып ем. Адам етін жейтіндер шықты ғой, Құдай сақтасын. Әлгі жігіт Торғай жағынан екен. Әңгімесіне қарағанда, өкімет басында жүргендердің бірі – мұның әкесінің жақын нағашысы көрінеді. Соған жетсек аман қалармыз деп, әкесі екеуі жолға шыққан, әкесі жолда қайтыс болыпты. Сонымен екеуміз бір-бірімізге серік болып, пойызға жетіп, пойыздың төбесіне отырып, әйтеуір өлмеген қу жанды сүйретіп Алматыға жеттік. Вокзалға түнейміз. Күндіз базарға барып ұрлық жасаймыз. Енді не істейміз, өліп бара жатсақ. Ақыры бір күні қолға түсіп қалып, милиционерлер екеумізді көкала қойдай қылып сабасын. Әйтеуір жапқан жоқ, қоя берді. Жапқанда бізді не істейді, беретін тамағы жоқ. Қорлыққа да, зорлыққа да етіміз үйренген, тірі қалсақ дегеннен басқа мақсат та, арман да жоқ. Ал енді Қойшыбектің «әкемнің нағашысы» деп жүргені кім дейсіз ғой? Әліби Жанкелдин болып шықты. – Көршім осы тұста «қалай таң қалар екен» дегендей, көзілдірігін алып, менің жүзіме аңтарыла қарап біраз тұрды. – Содан, күнде үкімет үйінің қасына келіп, әлгі кісінің жолын тосамыз. Ішіне кіргізбейді. Аңдыған алмай қоймас деген, бір күні үкімет үйінен әудемжерде тротуармен келе жатқан әлгі кісіні көріп қалайық. Қойшыбекті итермелеп, «тәуекел, бар енді» деп қоямын. Қойшыбек жақындап барып бірдеңе деген болды. Ана кісі ошарылып, үркіңкірей қарап тұрып қалған, Қойшыбек әкесінің атын, өзінің кім екенін айтқан болу керек, бұрылып жанына келді. Осы кезде Қойшыбектің еңіреп жылғанын көрсең. Ойпы- рым-ай, тоқтай алсайшы. Маған тіпті ана кісінің де көңілі босағандай көрінді.
– Шырағым, сабыр қыл, – деді бір кезде. – Елге түскен үлкен нәубат қой, ешкімге де оңай боп тұрған жоқ. Менің де екі інім бар еді Қызылорда жақта, қазір қайда жүргенін, тіпті өлі-тірісін де білмеймін… – Әлекең сәл мүдіріп, сағатына қарады да, – Қазір асығыстаумын, жиналысым бар, ертең сағат онда маған кел, есік алдындағыларға айтып қоярмын, – деп жұмысына кетті.
Келесі күні Қойшыбек кіріп шықты. Бұдан бұрын Алматының іргесіндегі Іле ауданына туысқандарын әкеп орналастырған екен, соларға жіберіпті. Қойшыбекке аздап ақша беріпті. Қуанышымызда шек жоқ. Айтқан жерге сол күні бардық. Ол жерде тіпті аштық болмаған секілді. Үй иесі толықша келген қара сұр кісі бізге бәлендей рай бере қоймады. Тек, шешесі бар екен, әңгімені тыңдап отырып, Қойшыбектің әкесінің атын естіген кезде дауыс қылып қоя берсін. Содан кейін-ақ, Қойшыбекке деген көзқарас өзгере бастады… Ұзын сөздің қысқасы, өстіп екеуміз де ажалдан аман қалдық. Қойшыбек жұмысқа тұрып, кейінірек үйленіп, сол үйдің бір баласындай болып кетті.
Мен де көп ұзамай Жанкелдиннің көмегімен Алматыдағы шойын заводына жұмысқа орналастым. Өзі бір мейлінше кішіпейіл кісі екен. Әлекеңді айтамын. Жоғарыда жүрген адамдардың кішіпейіл болғаны қандай жақсы.
Одан әрі адамша өмір сүре бастадық. Есімізді жидық. Ел қатарына қосылдық. Институт бітіріп алдым. Қызметке тұрдым дегендей… Кейін үйлендім. Бәрі дұрыс секілді. Бірақ, аштан өлген балаларым мен әйелім есімнен кетпей, бір қияли ауруға ұшырадым. Апыр-ай, кейде түн баласы кірпік ілмей шығатын кездерім бар. Бір ойды бір ой түртіп, бір уайым бір уайымға жалғасып, есеңгіреп жынды адамдай болып жүресің. Содан ба, өзім де кісі киіктеніп жан баласымен араласпаймын… 1941 жылдың күзінде Петропавловск қаласындағы кірпіш зауытында істеп жүрген жерімнен әскерге алындым. Қырық екінші жылдың аяғында жараланып қайтып келдім. Қырық үште Алматы қаласына зауытқа инженер болып жұмысқа ауыстым. Әйелім орыс ұлтынан. Жұмыста өңкей орыстардың арасында жүрдік. Белгілі ғой одан кейін… Әйтеуір сәті түсіп қаладан екі бөлмелі шағын пәтер алдық. Ол кезде қайбір үй дейсің, қабырғалары жұқа, әр жерінде жарығы бар, көршілеріңнің сөйлеген сөзіне дейін естіліп тұрады. Қай-қайдағы еске түсіп түні бойы ұйықтай алмай жүрген кезім ғой. Бір күні қабырғаның арғы жағынан домбыраның үні естілді. Мен өзім, қазақы тәрбиені аздау көрдім бе, әйтеуір, домбыра, ұлттық өнер жағына аса бір қызыққан емеспін. Бірақ мына бір әуен, сыздаған жүрегіме шипа болғандай, майдай жағып әкетіп барады. Жаңа шығып жатқан күй ме, әлде әлдекімнің жаңа табылған шығармасы ма, әйтеуір бұрын-соңды мен естімеген әуен.
Алғашқы бос қағыстан кейін мұңдылау бір әуен үстіңгі шекте күңірене, күрсініп барып аяқталады. Бірнеше рет қайталағаннан кейін, домбыра дыбысы күшейіп, әлдебір ызаны білдіргендей, булыға шығады да, қайтадан күңіреніп, күрсіне аяқталады. Үстіңгі шекте күрсінген саз естілгенде, біртүрлі жүрегім лүпілдеп, алқынып, өткен өмірім көз алдыма келіп тұрғандай бір күйге ұшырайын.
Содан, не керек, қабырғаның ар жағындағы домбыраны тыңдауды әдетке айналдырдым. Кейде күндіз де естіліп жатады. Әйтсе де ондай кез сирек. Негізінен түнге қарай басталады. Жұмыстан келіп, шайымды ішіп алғаннан кейін, басталатын уақыты болды-ау деген кезде екі құлағымды қабырғаның аржағына түрем де отырам.
Кейде алғашқы әуендердің сәл-пәл өзгеріске де ұшырап отыратын кездері бар. Шамасы, күйшінің ізденіс үстіндегі сәттері болар. Бірақ орта тұстағы жоғарғы шекке ауысатын зарлы әуен сол күйінде, өзгерген жоқ.
Рас, ара-арасында бұрыннан естіліп жүрген күйлерді де тартып қояды. Оларды да тыңдайсың ғой, алайда жаңағы домбыра тіліндегі күрсіністің мен үшін жөні бөлек еді. Ақыры әлгі әуеннің туып жатқан жаңа күй екеніне көзім жеткендей болды. Бірақ бірте-бірте домбыра үні сирей бастады. Тартып отырған адам аурып қалды ма, әлде әрі қарай жалғастыруға құлқы болмады ма, күй аяқталмай қалды. Дегенмен, сол алғашқы бөлімді, анда санда болса да, мені зарықтырмайын дегендей, шертіп қоятыны бар.
Бір күні базарға барсам, бір қазақ домбыра сатып отыр екен. Әлгі домбыраны сатып алайын. Өзімнің аздап мандолин тартатыным бар, әкем серілеу болған адам ғой, содан бірдеңе жұқты ма, әйтеуір домбыраны ермек етіп, тартуды кәдімгідей үйрене бастадым. Бірақ құданың құдіреті, жаңағы бір қоңыр әуенді домбыраға түсіре алсамшы. Қабырғаның ар жағындағы домбыраның не құдіреті бар екенін қайдам, алғашқы қағыста-ақ жаныңды баурап, күңіреніп ала жөнеледі. Ал менде тықылдағандай бір дыбыс шығып, із-түзсіз жоқ боп кететін секілді.
Арада жылға жуық уақыт өтті. Күздің кезі ғой деймін, жұмыстан шаршап келіп, кешкі шайдан кейін, көңіл күйім болмай, езіл-қожыл жатқанмын. Бір кезде қабырғаның ар жағынан мен аңсап жүрген қоңыр әуен қайтадан күңіреніп ала жөнелмесі бар ма. Апырай, қалай атып тұрғанымды білмеймін, қабырғаның арғы бетіне еніп кетердей болып, жабыстым да қалдым. Қоңыр үнге жаңа бір саз қосылған секілді. Екі шекте қатар шыққан әсем әуен үстіңгі шекте боздап тұрып алсын. Содан кейін әлде бір өксік секілді ащылау үн шығарып, қайтадан үстіңгі шектегі әу бастағы зарлы мұңға ұласып, күрсініп барып аяқталды. Мұндай да үндестік болады екен, тура менің қасіретімді айту үшін жаралған күй секілді. Қайдағы-жайдағы еске түсіп, әлгі жерде отырып алып жылайын… – Көршім осы тұста үнсіз қалып, жыламсыраған жүзін жасырғысы келгендей, басын төмен сала, қалтасынан орамалын алып көзін сүртті. Сабырға келе алмай біраз отырды.
Адамның өмірінде қанша уақыт өтсе де, жазылмайтын жан жарасы болады. Менің көршім кезінде сондай бір дауасыз уайымға шалдыққан тәрізді. Бірақ пенде бәріне үйренеді, уайымға да бауыр басып, жан азығындай көріп, сол күйзелісті өзіңе өзің тілеп отыратын да кездер жоқ емес. Мен көршімнің қазіргі халінен осындай бірдеңені сезетін секілдімін.
Көршім, өткен өмірін есіне ала отырып, осы бір қасіретпен, бір сәтке болса да, табысқанына риза жандай басын көтеріп, қызарып кеткен дымқыл кәрі көздерімен маған күлімсірей қарады да, әңгімесін жалғады:
– Әйелімнің күңкіліне қарамай, раскладушкамды қабырғаның түбіне қойып, аяқталмаған қоңыр күйді тыңдап, өзге әлемде жүргендей бір күй кешіп жүрдім. Домбыра үні бірте-бірте жиі шыға бастады. Күй әрі қарай жетіліп, сағаға таман түсті. Адамның бірыңғай қайғымен өмір сүре алмайтыны белгілі ғой. Қайғыны қайрат жеңеді деген. Сағадан шыққан екпінді әуенде адамның жігерін жанитын бір серпіліс бар еді. Бірақ, бір ғажабы, жаңағы қатты қағыстың өзінен де болмашы тәтті мұңды сезгендей боласың. Кәзіргі орындаушыларды тыңдасаң, саға тұсты тым екпіндетіп, қуып ойнап, күйдің мағынасын өзгертіп жібереді. Алғашқы вариантында ондай жоқ болатын. Екпін болатын, бірақ қумайтын. Бұл дүниеде мәңгілік ештеңенің жоқтығын, жақсы мен жаманның жаз бен қыстай ауысып отыратын фәнилік сипатын сазбен түсіндіріп, сабырға шақырғандай болып көрінетін. Маған осы тұста Абайдың аударма өлеңіндегі:
…Шаң шығармас жол-дағы
Сілкіне алмас жапырақ,
Тыншығарсың сен дағы,
Сабыр қылсаң азырақ, – деген жолдар ыңғай есіме түседі. – Көршім осы тұста, айтып отырған әңгімесінің бағдарынан айрылып қалғандай, ойланып отырып қалды. – Ә, иә, – деді содан кейін есіне түскендей. – Күйдің тартылу мәнері туралы екен ғой. Әрине, әр кім күйді өз түсінігімен тартады. Қанша адамның осы күйді шерткенін көрдім, бірақ мен алғаш тыңдаған вариантқа ешқайсысы жетпейді. Тіпті, қағыстың өзі сезілмейді ғой, бейне қобыз тартылып жатқандай әсер етеді.
Әй, шырағым-ай! «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» деген ғой, жарық дүниенің жүзінде төрт құбыласы түгел кім бар дейсің? Бірақ әр кімнің өз мұңы өзіне ермек. Осы күйден өз тағдырымды көрдім де, енді оны естімесем, бірдеме жетпегендей, жаным күйзеліп, берекем қашатын болды. Бірақ күйі бар болғыр тағы да аяғына жетпей тоқтап қалды. Күйшінің өзі де осыны аяқтағысы келіп отырмаған секілді. Кейбір жерлерін өзгертіп тартатын болды. Кім біледі, ол да мен секілді жанына жара түскен ойсоқты біреу шығар. Кім жетісіп жүр дейсің… Ақыры күйдің де аяғына жеттік-ау. – Көршім тағы да күліп жіберді. – «Жеттік-ау» деп қоямын, күйді бірге шығарысып жатқандай. Апырай, толық тартып шыққанда әсері мүлде бөлек екен. Ойыңнан бір кетпейді, сырласасың да отырасың. Жалпы, мен осы күйді сахнада тартатын күй деп ойламаймын. Бұл оңашада отырып тартатын күй. Домбыраны бос бұрап, қатты соқпай, баяулау үнмен шерткен кезде, көкірегіңді мұңға толтырып, боздайды ғой, жарықтық. Жалғыз өзің жүдеп отырғанда, жаныңа серік болатын бұдан басқа күйді, шынымды айтайын, мен білмеймін.
Иә, қазақта «Ұра берсе, Құдай да өледі» деген күпірлеу мақал бар. Ақыры, қоярда-қоймай тыраштанып жүріп, мен де күйді толық үйреніп алдым-ау. Жеріне жеткізіп тарта алмайтын шығармын. Бірақ өзіме жетіп жатыр. Бұрын ортама сай орыс қолдылау, орыс мінезділеу болып жүруші едім, осы күйдің арқасында қазақыланған секілді болдым, – деп кінәсін мойындағандай, әлде өзін өзі кекеткендей бір түрмен көршім қабағын көтеріп жымиып қойды. – Ол кезде кадрларды ойдан қырға, қырдан ойға ауыстыра беруші еді ғой. Қызметім көтерілгендей болып, Солтүстік Қазақстанға ауысайын. Техниканың адамы болғаннан кейін, біздің де өз ортамыз бар. Ол ортада өнер, күй туралы әңгіме бола бермейді. Оған қиналып жүрген мен жоқ. Мұңдасатын жансерік күйім қасымда жүрген секілді. Үйге келіп тек соны шертемін де отырам. Уақыт – емші. Жараның сыздағаны басылып, орыны ғана қалатындай, уайым да беріш боп, бірте-бірте естелікке айналады. Бірақ анда-санда радиодан осы күйді тыңдағанда, баяғыша отқа тиген балауыздай еріп жүре бересің. Артынан көңілің сергіп, әлде бір шаң-тозаңнан арылғандай, жұбанғандай болып жүресің.
Көршім әлде қалай ойланып қалған соң, мен әңгіме аяқталған шығар деген оймен:
– Күйді түсіну үшін де парасат керек қой, ақсақал, әдемі-ақ айттыңыз. Рахмет әңгімеңізге! – дедім.
Көршім менің ықыласыма ризашылығын білдіріп, басын изеді де, «мұның қызығы әлі алда» деген адамша, сәл күлімсірей түсіп:
– 1958 жылдың… – деп ойланып барып әңгімесін жалғады, – ұмытпасам, күз айларының бірі ғой деймін. Алматыға командировкаға келгем. Соның алдында салқын тигізіп алдым ба, аурыңқырап, ертерек қайтып кетсем бе деп те жүргем. Әлдеқалай бір шарумен Опера және балет театрының тура алдымен өтіп бара жатқанмын, байқаймын, адамдар топырлап театрдың ішіне еніп жатыр, қаралы музыкаға ұқсас бірдеңе ойналып жатқан секілді. Не екенін білгім келіп, ішке кірдім. Қоштасу рәсімі екенін білгеннен кейін, мынандай театрға тегін адамды қоймайтын шығар деп, лекке қосылып ілгері жылжи берейін. Екінші қабатқа көтерілгенде көрдім, қарамен көмкерген үлкен портрет ілулі тұр. Әйтеуір мен танитын адам емес.
Табытқа жақынырақ – алдыңғы қатарда отырғандар марқұмның жақын туыстары, дос-жарандары болу керек, әйелдер жағы төмен қарап, тұншыға жылауда. Әсіресе, қара жамылған бір әйел бетін басып, теңселе, зар илейді.
Лекпен бірге жылжып отырып, табытқа қойылған мүрдеге жақындап қалғанбыз. Бір мезгілде, Құдай сақтасын, қанша жыл бойына жанымды жұбатып, жан серік болған әлгі күйім аңырап қоя бермесі бар ма! Дыбысын тым қатты қойғандікі ме, тұла бойым қалтырап, не болғанымды білмей қалдым. Есімді жиғандай болып, жанымда тұрған, шашын шалқасынан қайырған, ұзын бойлылау әдемі жігіттен:
– Мына жатқан кісі кім болады? – дедім, ортадағы табытты иегіммен нұсқап.
Жігіт маған жақтырмағандай қарады. Онысы «бұл кісіні білмейтін өзіңіз кімсіз, көктен түстіңіз бе?» дегенді білдіргендей болды.
– Бұл кісі – Әбікен Хасенов деген белгілі актер, күйші, – деді ол маған жақындай түсіп ақырын ғана.
«Күйші» деген сөзді естіген кезде жүрегім лүпілдеп қоя берсін. Менің сүйікті күйімді шығарған адам осы емес пе екен деп ойлап үлгіргенім сол еді:
–Мына күйді естіп тұрсыз ба? – деді әлгі жігіт тағы да маған еңкейе түсіп.
Күйдің саға тұстағы сәл екпінмен тартатын жері ойналып жатқан. Қабырғаның ар жағында әр қағысын ынтыға күткен, тарыққанда таянышым болған, мұң шаққанда, мұңымды бөліскен, жыласам, көз жасымды құрғатқан осы күй емес пе?!
Әлгі жігітке не дегенімді де білмеймін.
– Осы «Қоңыр» деген күйдің авторы ғой, – деді ол бетіме таңырқағандай болып қарап.
– А-а?! – деппін одан бетер таңырқап. Қоңыр әуенге қарап, өзім іштей қоңыр күй деп жүруші едім, ақыры аты да «Қоңыр» болып шықты. Қалай қайран қалмассың!
Мүрде қойылған жерге келдік. Өзі де ұзын кісі екен. Тіпті алып адам секілді көрінді. Жарықтық, жатқан жерің жарық болғай! Тіріде жүздесуді жазбаған екен, қоштасуыңа тап болыппын. Бірақ менің бүкіл мұңымды, жан сырымды сенен артық білетін адам жоқ еді. Осы күй екеуміздің ортақ тағдырымыз шығар. Бақұл бол…Қасымдағы жігіт еңкейіп жүзіме қарады.
– Сіз жылап тұрсыз ғой! – деді абыржығандай бір үнмен.
Мен үндегем жоқ.
– Жаңа танымаймын деген секілді едіңіз?
– Жоқ, танушы едім, – дедім әрең дегенде тілге келіп. – Жақсы танушы едім.
– Ой, ғажап күйші еді ғой! – деді жігіт көзін жұмып таңырқай. – Талай болдым ғой концертінде. Домбыраны мұндай сөйлете білетін күйшілер енді тумайтын шығар.
Қызыл пүлішке ораулы мүрде жатқан табыт пен кесек тұлғалы, мосқал жүзді кісінің қара лента көмкерген портреті артта қалып бара жатты. Есіктен шығарда соңғы рет бұрылып артыма қарадым. Менен көзін алмай келе жатқан жас жігіт сыртқа шыққанда:
– Жақсы араласқансыздар ғой, шамасы, – деді менен сыр тартқандай болып.
– Көрші болып едік, – дедім.
– Ә, онда жөн екен. – Жігіт қоштасқанын білдіріп маған қолын ұсынды. – Қаза қайырлы болсын, аға. Көрші болсаңыз, бұл кісіні сізден артық кім біледі?..
– Рахмет, шырағым, – деймін.
Шынында, өзіме де осы кезде оны менен жақсы білетін адам жоқ секілді болып көрінді.
Көршім әңгімесін аяқтап, үлкен кісілерге тән әдетпен «Иә, Алла!» деп беймәлім сиынып, жастығына қисайды. Бұдан кейін бәлендей әңгімеміз жалғасып кете алған жоқ. Әлден уақытта, пойызға бірге отырған кісілер болу керек, бірі – ақ шашты, аласа бойлы, көзі жыпылықтаған сары шал, екіншісі – толықша келген, жалпақ бет, қара көзілдірікті жігіт ағасы – екі адам кіріп келіп, көршімнің төсегіне отырды. Жақын адамдар болу керек, бірін-бірі қажап, әзілдесе бастады. Сары шалдың құлағы естіңкіремейді екен, көршімнің айтқан сөзін жанындағы көзілдірікті кісі қайталап жеткізіп отырды. Өзі кім не айтса да, күле беретін кісі екен, біраздан кейін оның қызулау екенін байқадым. Содан кейін-ақ көңіл-күйім болмай, ұйықтайтын адамдай болып, теріс қарап жаттым. Көңіл-күйім болмаған кезде аллергиям да күшейе бастайды. Өстіп берекем кетіп жатқанда, жаңағы қара көзілдірікті кісінің екі шалды, шәй әперем деп, ресторанға алып кеткені жақсы болар ма. Олар кетісімен мұрныма дәрімді тамызып, көңіл-күйім қалпына келгендей болып жатып ұйықтап кетіппін.
Пойыздың солқ етіп тоқтағанынан оянып кеттім. Көршім – жанында чемоданын көтеріскен манағы қара көзілдірікті кісі – түсіп бара жатыр екен. Менің оянғанымды байқап:
– Ал шырағым, мен түсіп барам, сау бол! – деді.
– Сау болыңыз!
Қабырғаның ар жағында тұрып жатқан күйшінің кім екенін жылдар бойы білмеген көршім секілді, мен де қасымда отырып, бар сырын ақтарған адамның аты-жөнін білмеген күйімде қала бердім.
ТӨЛЕН ӘБДІКҰЛЫ