Өлмес рухтың туын көтерген ақын

Дүйсенхан Нақымов!

Сонау оқушы кезімізде оның өлеңдерін аудандық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Ордабасы оттары») газетінен оқып тұратынбыз. Өзін көрмесек те атын естіп өстік. Әдемі лирикалық жырларына  қызығатынбыз.

Бір күні «өмірден өтті» деген суық хабар жанымызды тілгілеп кетті. Ақын өлімінен кейін ғана  пышақтың жүзіндей «Тұңғыш кітап» атты өлеңдер жинағы оқырмандар қолына  тиді. Ондағы түрлі тақырыпты жырлаған  оншақты өлеңі сағыныш отын маздатып, санамызға кәдімгідей ой салған еді. Суретін де алғаш рет сол кітаптан көргенбіз.

Дүйсенхан Нақымов өз бастауынан үлкен дарияға қосыла алмай кетті. Көңілге медет ететініміз он шақты өлеңнен құралған  баяғы «Тұңғыш кітабы» ғана. Бар-жоғы 37 беттен ғана тұратын, «Қарт өсиетінен» бастау алатын бұл жинақтағы «Ескерткіш», «Туған жер», «Ақ самал», «Жауынгер хаты», «Әке», «Сапар» атты өршіл өлеңдері өлмес рухтың туын көтеріп, поэзия сапында келе жатқан сарбаздардай. Сөз қадірін ертерек ұққан ақкөңіл ақынның айта алмай кеткен жырлары аз емес еді. Ал, жарияланбаған, баспа беттерін көрмей, қолжазба күйінде қалған мұрасы қаншама десеңізші?!

Өмірге, өлеңге  құштар Дүйсенхан  аурухана  төсегінде жатып, өкпесін  дерт меңдесе де тыным таппай, жанына серік еткен жыр жолдарын ақ қағаз бетіне үздіксіз түсіре беріпті. Кенеттен келген аурудан айықпасын білді ме екен, бәлкім? Кейде бірнеше таңды ұйқысыз өткеріп, арнайы алдыртқан мәшіңкемен тоқтаусыз сыртылдатқан күйі  бар ашуын ақ қағаздан алғандай жыр шумақтарын жаза берген, жаза берген…

Зейінді  жанды терең ойға жетелейтін сол өлеңдерінің құпиясын әлі ешкім біле алған жоқ. Бәлкім, тұңғиық сол дүниенің астарында біз біле бермейтін асыл да, жақұт сырлар жатқан болар. Оқи түскен сайын беймәлім әлемнің үнсіз сырлары алға жетелей түседі.

         Дүйсенханда тілге тиек ететін шағын кітапшасынан басқа ештеңе жоқ. Оның өзін облыстағы кітапханаларды аралап,  ақтарып жүріп Шымкенттен зорға тапқанмын. Дүйсенханды білетіндердің айтуынша, ол  көп сөйлемейтін, тұйықтау, ойын нақты бір сөзбен ғана жеткізетін болған. Өмірінің соңына санаулы күндер ғана қалғанын сезгендей аурухана төсегінде жатқанда да ұйқысыз түндерін  өлең жазумен өткізген.

           Ақынның Шымкент қаласында тұратын қызы, мұғалім Күләш Нақымова әкесі туралы былай еске алады:

    «Менің әкем қазіргі Темірлан селосының қасындағы Ынталы ауылында (бұрынғы «Коммунизм») туып, балалық шағы сонда өткен. Анам Гүлзия да осы ауылда дүниеге келген. Әкем мен анамның үйлері бір-біріне өте жақын болған. Атамыз Өмірбек үнемі «Осы Ағабектің бір қызын балама алып беремін» деп айтып жүреді екен. Соныменен, әке-шешелерінің келісімімен 1964 жылы әкем Дүйсенхан мен анам Күлзия бар жоғы 19 жастарында үйленіп, отау құрады.  Алты айдан кейін әкем әскерге кетеді. Ол заманда әскер үш жылдық болған екен. Әкем әскерде жүргенде ағам Әуелхан (1965 жылы) дүниеге келеді. Ал, мен әкем әскерден оралған соң, 1969 жылы,  одан соң сіңілім Клара 1971 жылы дүниеге келді. Әкемізден осы 3 перзент қалдық. Қазіргі таңда сіңілім екуеміз ғана бармыз. Өкінішке орай, өткен жылдың қарашасында 59 жастағы ағам Әуелханнан айрылып қалдық. Ойлап отырсам, әкем мен ағамның аралары 20 жас екен. Әкем биыл 80-ге, ал, ағам 60 жасқа толар еді. Әкем азаматтық борышын Семей өңірінде өтеді ғой. Сол жылдары онда неше түрлі атом сынақтары болып жатқан кездер екен. Соның әсері болса керек, келгеннен кейін денсаулығы күрт төмендеді».

                                                                     ***

Ақынның  еш жерде жарияланбаған кейінгі жылдардағы қолжазбаларын таптық. Алдымызда Дүйсенхан әлемінің отыз үш жылдан бері қолдан-қолға көшіп жүрген телегей-теңіз дүниесі. Ақын мұрасына ыждағаттылық танытқан інісінің қызы, әнші Гүлмира оның атасына деген ыстық ықыласы. «Аға, сіз атам туралы жас кезіңізден айтып та, жазып та жүрген жансыз ғой» деп қолжазбаларды жеткізіп берген еді. Гүлмираның құрастыруымен, менің алғысөзіммен, ақын, мемлекет қайраткері Қазыбек Исаның қамқорлығымен «Ақ толқын» деген тұңғыш толық өлеңдер жинағы («Тұран» баспасы, 2013 жыл) баспадан шықты. Бұл 36 жылдан кейін ақын әлемін толықтай паш еткен дүние еді. Бұл Дүйсенханның әдебиет әлеміне қайта оралуы, қайта тірілуі еді.

Ия, ақын өлеңдерінде таңғы шықтай тазалық бар. Өмірге құштарлық бар. Айтпақшы, Дүйсенхан таңғы шыққа бала кезден ғашық болып өскен. Қатты ауырып, дәрілер әсер етпей жатқанда інісіне: «Батырхан, бозала таңда мені далаға алып шықшы. Жалаң аяқ шық түскен шөптерді басып жүрейін. Бәлкім, содан жазылып кететін шығармын» деген екен. Бауырының сүйемелдеуімен таңғы шықты басып тұрып, жүзіне жылылық ұялап: «Енді өлмейтін шығармын» деген. Бұл ақынның өмірге деген үміті соңғы минутқа дейін әлсіремегенінің, сеніміне күдік түспегенінің көрінісі.

Дүйсенхан аз ғұмырында сабырын сақтаған, болашақтан үмітін жоғалтпаған ақын. Қара түнмен қарбаласып, дертімен күресіп шықса да, ұйқысыз қарсы алса да әрбір таңның атқанынан үмітін үкілей білген.

***

         Ақын жаны сарқылмайтын кепиеті ашылмаған тылсым дүние ғой. Дүйсенханның да арманға толы отты жырларынан ерекше бір қасиеттің лебі есіп тұрады. Оның бар-жоғы отыз екі жыл ғана соққан жүрегі әлемдегі бар нәрсенің сырын ұғып, барлық нәрсені сүйіп, көріп, түйсініп үлгергендей. Мұның бәрі оның тербеген қаламының ізінен көрініп-ақ тұр. Оның жаны өмірге құштар, жақсылыққа ғашық, асылын ардақтауға бейім. Бәлкім, содан болар ақын өзі дүниеге келген Темірланын, арынды Арыс өзенін асқақтата жырлайды…

Терең ойлы тұңғиық ақын ішкі толқынысын өлең шумақтарымен жеткізіп, өзгелерді де тіршілік жайлы тебіренуге, ақ пен қараның айырмашылығын бағамдауға жетелейді. «Тамызық пен от болса жана бергісі келетін» бұл жанның үмітке толы «Ойларын» оқып отырып, өмірге деген адал көзқарасын ұғына түсесің.

Ойлануды да, қиялға шомуды да, еңбекті де, ең бастысы, өмірдің өзін бар қиын-қызығымен ұнататын Дүйсенханның бойында «дариялар сарқылмай мен сарқылман» дегеніндей, түгесілмес бір тағлым бар дерсің. Ол әлемнің әсемдігін аса шеберлікпен әспеттей біледі. Өлең жолдарын оқи отырып, оның ұнатқанын сен де ұнатасың, терең түйсінуіне тәнті боласың. Өйткені, оның сұлулыққа іңкәр жүрегі тек шынайылықты жырлауға құмар.

«Ойсыз өтсе, мағынасыз бұл өмір, ойсыз күндер, ойсыз түндер құрысын!» деп жырлаған Дүйсенханның мәңгіге серік еткен асқақ ойы оны небір асқар биіктерге жетеледі. Өлеңнің шыңына жетуге ынтық сан қабат қиялы да оның алға деген ұмтылысын қайрай түскендей.

Дүйсенхан Нақымовтың табиғат суретшісі, махаббат жыршысынан бөлек өзге бір қыры – сықақ өлеңдерді де шебер жазатындығы. Қоғамда белең алған кейбір көріністерге наразылығын, айтар ойын дөп сөздермен қағаз бетінде допша домалата білген. «Жағымпаз» атты өлеңінде биіктегеннің жағдайын күйттеп, «тақсырларға» табынатын жылпостарды өткір сынға алады.

Дүйсенхан Нақымов – ұлы ақын. Ол көңіл толқытқан кемел ойларын тізбектелген өлеңдеріне сыйғызып, оқырмандарын ойға жетелей алды. Оның жазғандарын оқи отырып тынышыңды жоғалтып, тіршілікке тәнті болмау мүмкін емес.

Ол өмірінің соңында ауыр дерт меңдеп, төсек тартып жатқанда   да бұрқыратып өлең жазды. Ондағы ойы әдебиет әлемінде аты қалса деген ниет еді.

– Келемін мен күні-түні жол қатып,

Жолдар жатыр ақ армандар толғатып.

Мына әлемді кетсем деймін өзім боп,

Бір-ақ парақ ақ қағазға орнатып…

Ақынның сан-қабат тұңғиықта  жатқан пәлсапасын ұғыну – адам баласы үшін үлкен жеңіс болар еді. Оның әр сөзінен сабақ аласың. Ең бастысы, ақын айналасына тірі болудың бақытын сезінуге, өмірдің мазмұнын түсінуге шақыратын қалпынан ешқашан танған емес. Себебі, ол – өмірді мәңгі сүйген ақын! Себебі, өз әлемін ақ қағазға орнатып кеткен ақын!

Әкім Ысқақ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

                                                                                  

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Бейтаныс

Бүгін де жұмыстан әдеттегідей кеш шықтым. Қайда асығамын? Мені сағына тосып отырған кім бар? Жұмыста әйтеуір көңілің бөлінеді,…

Ақ лақ

  Әңгіме Салтанат Айдарбекова   Қылықсыз әйелдей сұрқай тартқан қаланың тіршілігінен иінім салбырап үйге келгенде әзірленбеген дастарқан, бір-бірімен…

Ай жамылған әруақтар

Қарағайлы құздан алқаракөк аспанды сүттей сәулесіне шомылдырып, ай туып келеді. Үңгірде лақтаған меңсіз қара ешкі қураған ақсөңке сүйекті…