ОТ ЖАҚҚАНДАР

ДИДАР АМАНТАЙ.

Әңгіме/пәлсапа

Ол айсыз түнде от жағып отыр. Күшейген алаудың көк жалқын қызыл жалыны өзегіне байланып, жан-жағын төңіректеп, жайқап келе жатады да, ауаны қарпып, тік шаншылады, шалқып төмен құлағанда, төңкеріліп, теңселген қалпы сатылап басылады, жел тұрғанда, күркіреп тағы көтеріледі, тынышталса, көк жалқын қызыл жалын лапылдап жанып, бетін шарпиды.

Маңдайын ыстық қарыды. От қуатын ерте таныған боз жігіт оның тізгінге көнбейтін, ноқтаға сыймайтын асау дерт екенін байқады, бірақ, шексіз сүйді.

Жанбасаңыз – жоламаңыз.

Ойда жоқта, қапыда, жөпелдеме сәтте – қамсыз келсеңіз, қайғы Сізге көшеді, қападар жанды күйдіреді, шерлі жүректі өртейді. Әдетте, киіз туырлықты қазақ кейбір метафоралық теңеулерінде, арудың құшағы оттай ыстық деп кейіптеп жатады. Ал оттың құшағы ше.

Құшақ-құшақ отын құшақтаған пенде өрт көтеріп келе жатқанын білмейді. Тағдыры талайлы, жолы соқпақты, құдыреті күшті ұлы от, тегінде, өштескенді жібермейді. Өрт, бірақ, тізгінсіз кеткен от. Үнемі қарауда, ұдайы назарда. Еркін, бостан, ерікті от – қасірет. Тіпті, дұшпан. Ақыл жетегіндегі – дос.

Жолаушыға серік, панасыз адамға – қалқа, қайғылыға сыр ашатын жолдас. Бірақ, табиғаты басқа. Отаны – Алапат Жарылыс.

Дүние жаралғанда, от шықты.

От ғаламзатқа серік болды. Әуелі таңғажайып дос еді, кейін дұшпанына айналды. Қазақ оны тілсіз жау атады. От жаратты – оттың жамандығы ма. Демек, себеп біреу, оттан жаралған – пәлені өзінен тапқан жаратылыс. Кісінің жаманы топырақтан емес. Топырақтың бәрі жақсы. Құнары барда, адам да тоқ. Ойы сабыр тапқанда, жаңа ғана көк аспанға шаншыла қадалған алаудың кішірейіп, ақырындап қоламтаға айналып, өше бастағанын аңғарды.

Қашықтан жарық көрінді. Қай бейбақ жан-жағын жайпаған оттан қосақ, жанына – серік таппақшы. Іздеңіз, шарқ ұрып іздесеңіз де, ізім-қайым жоғаласыз. Орнынан баяу қозғалды. Сөнген отты тастап, көрінген отқа қарай аяқ басты. Бірқалыпты сылбыр аяңдап, ілгері жүріп келе жатыр. Түнгі жорық-жортуылдың сілемденген соқпақ жолы қашанда ұзақ, шұбатылған ұзын-ұзын шақырымдар жұмбақ ұзан дауысындай құмығып алысқа кетеді, жеке ойдың дербес сапары, уайым-қайғы тұлғаланып айқын көрінетін тұс, топшылайтын, шерге толы ой-арман қайғыдан туады, қуаныштан қауіп, бақыттан қатер төнетін шақ. Әдетте, жақсылық – жарықтан, жамандық – қараңғылықтан келеді.

Күн еңкейді.

Сондықтан, от құшақтаған адам көрсеңіз, ол – жақсылық сәулесін шашып, жарыққа ұмтылған абыз, көне замандарда ілім құшақтаған пайғамбар.

Қара жаяу сапаршы жылдамдата басты.

Отқа ұзақ қараған адам әлемге алапаттанып қарайды.

От рухты көтереді.

От пен ойдың арасында тығыз байланыс бар.

Пайғамбарлар ескі дағды, көне низамға бағынған жұртқа от әкелді.

Пақырмыз, деді ол, төгіліп жатқан ой толастар емес, кенет, аяқтарын нық басып, алға ентелей, тіпті, қауырт, тездете, жылдамдата, асыға жүрді.

От адамды пенделіктен пайғамбарлыққа жеткізеді.

Аласапыран ой бір сәт маза берер емес.

Қимылы – қунақ.

Есте жоқ ескі замандардан бері өзгермейтін қағида, от ұстап келген адам – не абыз, не пайғамбар. Екі бастан анық, деді ол, жазуымызда, от жаққанда, ұйықтап жатқан ізгілік оянып, сөніп жатқан әлем тұтанғандай көрінеді, деп айттық. Сығырайған оттың күші мен жайылған өрттің күші тең.

Кез келген жанған отта әлемдік өрттің қуаты бар.

Әлемдегі барлық от – алғашқы оттың шашыраған ұшқындары.

Су мен отқа қарсы тұра алатын ештеңе жоқ.

Тобылғы қырқаның етегіне түсіп, жатаған аршалардан ырғып, төбеге шыққанда, қарсы алдынан – аузын айға білеген арыстандай күркіреп – жанып жатқан от көрінді, төңірегін пышақтап шимайлаған, қанжардай тілгілеген алау, ертегі алыптарындай алапат биік еді. Ол көңіл күйі бірден өзгерсе де, қуанышын жасырғысы келді, бірақ өзін-өзі ұстай алмай, ілгері тұра ұмтылды.

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

АҚ ҚАҒАЗҒА ӨЗ  ӘЛЕМІН ОРНАТҚАН

        Дүйсенхан Нақымов! Сонау оқушы кезімізде аудандық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Ордабасы оттары») газетінен оның өлеңдерін оқып тұратынбыз. Өзін…
Толығырақ

“Көрші” (әңгіме)

Пойызға отырарда әдетте адам­ның көңiлiнде «купеде қасыма қан­дай адам тап болар екен» деген бiр күмәндi қызығушылық тұрады. Жас­тау…
Толығырақ

ҰЛДАНАЙҒА СЕНІМ АРТАМЫН!

Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген керемет сөз бар. Әрбір талпынған жасқа қолдау көрсетіп, ықылас-пейіліңді арнау әдетімізге айналған.…

Ішетін адам керек

— Қалайсың-ей? Астанада тұратын ағайын ағамыз еді. Амандығының түрі «қалайсың-ейден» аспайтын. Әдетте ағамыз өзіне керек болғанда ғана телефон…