Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген керемет сөз бар. Әрбір талпынған жасқа қолдау көрсетіп, ықылас-пейіліңді арнау әдетімізге айналған. Мүмкін әдет емес, үлкендік парыз шығар. Алға ұмтылған жасқа демеу беріп, ақ ниетті жеткізу де оның жолы ашылуына көмегі тиер деген ойдамын. Ұлданай деген қызымыздың балауса өлеңдерін оқып, бәйгеге қосуды жөн көріп отырмын.
Оның әрбір өлеңінен бұлақтың сыңғырын, балапан құстың үнін естисің. Қолына қалам алған жанның өмірге, өлеңге талпынысын сезесің. Жүрек үнінен адамдар әлеміне деген ізгілігін аңғарасың. Әдебиет әлеміне деген құштарлығын, поэзияға деген ғашықтығын құптайсың. Өз заманының тынысын ұғына алатын, шығармашылыққа батыл қадам жасаған жан деп қабылдадым. Теңізді тамшысынан танисың. Осылай көңілге үміт отын жаға білген талапкер жас ақын Мақсұт Ұлданай Бауыржанқызын таныдым. «Ол кім?» деген оқырмандардан заңды сұрақ туатыны ақиқат.
Ұлданай Бауыржанқызы 2008 жылы 1 тамызда Келес ауданы, Саңырау ауылында дүниеге келген.
Отбасым, бауырларым – байлығым нәр,
Олар барда сызаты жоқ айдыным бар.
Өскендердің артынан біз ілессек,
Арттан еріп келеді тай-құлындар,- деген оқушы қыздың өз отбасы мен бауырлары жайлы жазған өлең жолдары мені елең еткізді.
Талапты жас №48 Саңырау шағын жинақты мектебінің 11 сынып оқушысы. Зейінді, зерек жан «Алтын белгіден» үміткер. Ол үздік оқушы ғана емес, сонымен қатар әртүрлі деңгейдегі жарыстар мен байқаулардың тұрақты қатысушысы ретінде өз мектебінің мақтанышы, қатарластарының алды. Жан-жақты дамуға ұмтылатын, үнемі ізденіс үстінде жүретін Ұлданай аудандық, облыстық, республикалық сайыстардың сахнасынан түспей, үнемі жүлделі орындар алып келеді. Өз ортасындағы жас ақындар мүшәйрасының да жүлделерін иелене бастады.
Шығармашылығында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Абай, Мұқағали, Ілияс, Махамбет сынды тау тұлғаларға арнаулар жазып, өзін шыңдады. Ол келешекте қазақ әдебиетінің бай мұрасын сақтап қана қоймай, оны жаңа идеялармен толықтыруды армандайды. Сондай-ақ Ұлданай дебат ойындарында да ерекше көзге түсе білген пікірталасшылардың бірі. Қоғам алдында өзіндік пікірді қаймықпай, ашық жеткізе алатын қайсар қыз. Ол маржан сөз арқылы адам жүрегін тербеуді, өз ойларын ашық әрі шынайы жеткізуді мақсат етеді.
Келес ауданындағы Тоқаш Бердияров атындағы әдеби бірлестіктің мүшесі, жас та болса қоғамның белсенді мүшесі болуға дайындалып жүр. Дайындалып жүр дегеннен гөрі сол ортаның отын жағуда десек артық айтпаймыз.
Оның алғашқы өлеңдері сонау 2019 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған. 2022 жылы «Белгісіз» деген атаумен шағын ғана жыр жинағы жарыққа шықты. Белгісіз дегені үлкен әдебиет айдынына бағыт алу, сол үшін көп іздену керектігін ойланғаны. Талап пен талант ұштасқанда оны игеретіні анық. Өмірге деген көзқарасында жас ақын арман мен шындықтың үйлесімін іздейді. Болашаққа сеніммен қарап, қоғамды жақсарту жолында өзінің шығармашылық күшін жұмсауға тырысады. Жүректің сырын өлең арқылы жеткізе білетін Ұлданайдың жуырда «Бақыт жолында» атты жыр жинағы жарық көрді.
Ақын бұл кітабы жайлы «Адам баласы үшін үшін бақыттың түсінігі сан-алуан, оны әркім өзінше бағалайды. Оның шекара-шектеуі жоқ. Біреу бақытқа жетуді мақсат етеді, ал біреу бақытты күтіп аңсар қылады, іздейді, ал біреу бақытты. Ал, бұл менің бақыт жолым…» деп мәлімдейді.
Ақын жас бұл жинағында өзінің бақыт жолындағы, арман биігіндегі жалынды жырларын топтастырған.
Ол көп іздену керек екенін біледі. Көп еңбек ету керек екенін жанымен ұғады. Талмай ізденіс қана нәтиже беретінін біледі. Мен аяғын тәй-тәй басқан, өлеңге құштар осынау балғын, жас талапқа сенемін. Жетістікке жеткізетін – сенім. Сенімсіз, үмітсіз ештеңе де болмайды. Құдай қаласа, Ұлданай мұзды мұхитындағы мұзды жарғыш кеме сияқты топты жарып шығады! Ел назарын өзіне аударған белгілі ақын атанарынан үміттімін. Мен білетін Ұлданай сол үмітті, секемсіз сенімді ақтайды деп білемін!
Ақ жол саған, Ұлданай! «Бақыт жолың» баянды болсын!
Әкім ЫСҚАҚ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
Бөрідей ұлып
Құбылмалы өмір, қуанышы бар,
Қайғысы да бар, жылайсың, күліп.
Енді сендім деп ақтарылғанда,
Ішіңде тағы тұрады күдік.
Реттеліп бәрі, дұрысталса егер,
Тынышың кетіп, шығады бүлік,
Сендік ғұмырды ешкім кешпейді,
Бір өзің ғана, өтесің жүріп.
Бүкіл әлемге жар салсаң-дағы,
Түсінбей ешкім, ішіңнен тынып.
Жақындардан да, жақсылардан да,
Табыла кетіп, ұнамсыз қылық.
Өзгердім деп, келсе де өткендер,
Ішкі пиғылын тұрасың біліп.
Жаңа таныстар іздемек болсаң,
Әрбір жүректе тұрады құлып.
Өмір деген қу, айлакер ғой,
Тұрақтамайды, тұсатпай құрық.
Адам болудан егер шаршасаң,
Алсаң болады бөрідей ұлып.
Ұлданай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ.