«Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Ассамблея – елдік пен бірліктің ұйытқысы» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті» деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты жиынға облыстық ҚХА жанындағы «Ел бірлігі» депутаттық тобының мүшелері, облыстық ҚХА мүшелері, облыстық ҚХА жанындағы құрылымдардың төрағалары мен мүшелері, сондай-ақ облыстық ҚХА жанындағы этномәдени бірлестіктердің аудан, қалалардағы төрағалары мен мүшелері, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы мен мүшелері қатысты.
Мерекелік шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған фотокөрмемен бастау алды.
Бірлікке үндеген мерекеде Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары – Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Нұрсұлтан Сейтжанов құттықтау сөз сөйлеп, Ассамблеяның ел бірлігін нығайтудағы рөліне тоқталды.
– Түркістан облысында қазіргі таңда 2 млн. аса адам тұрады. Өңір тұрғындарының 25 пайызға жуығын құрайтын 50-ден аса этностың өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Өңірімізде 11 этномәдени бірлестік жемісті жұмыс жүргізуде. Президент тапсырмасымен Түркістан қаласында өткен жылы жаңадан «Достық үйі» ғимараты бой көтерді. Өңірлік Ассамблея тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттік саясатты нәтижелі жүргізіп келеді. Мәселен, биыл жыл басынан бері Түркістан облысында «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында Ассамблея мүшелерінің қолдауымен 58 қайырымдылық іс-шара ұйымдастырылып, 1 мыңға жуық отбасы мен 1 159 азаматқа көмек көрсетілді. Өңірлік Ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер «Салауатты сана», «Адал азамат», «Елтану», «Мың бала», «Жаңа толқын», «Шаңырақ» жобаларын тиімді іске асыруда. Жалпы Ассамблеяның 30 жылдығы аясында облысымызда биыл 2000-нан аса ұлттық, мәдени-көпшілік, спорттық іс-шаралар өткізілуде, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы іс-шарасында белсенділік танытқан азаматтар мен ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің бастамасы аясында бірқатар үлгілі отбасыларға құрмет көрсетілді. Бұл орайда, «Азамат тәрбиелеген отбасы» номинациясымен Сатвалдиевтер отбасы (Сайрам ауданы), «Алтын шаңырақ» номинациясымен Жамаловтар отбасы (Созақ ауданы) және «Күміс кереге» номинациясымен Үркімбаевтар отбасы (Түркістан қаласы) марапатталып, оларға қаржылай сертификаттар табыс етілді.
Достық пен тaтулықты дәріптеген мереке мәдениет саласының және этномәдени бірлестіктер өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Этнос өкілдері елді ынтымақ-бірлікке шақыратын патриоттық әндер шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.