ШЕРТЕР АСПАБЫ

Сазды аспаптар, оның ішінде әсіресе көне аспаптар халықтың рухани қорын байытуда, музыка деген мәдениет әлемінде ерекше орын алады. Сан ғасырлар бойы өң тұлғасында бірталай сырларды шертіп, тарихнамаларды тарту етіп, шежірелерді жырлап келген ұлттық аспаптардың әлі де айтар сырлары көп сияқты. Бұл көне аспаптардың қайта қалыпқа келуі, оралуы өте қиын болды. Қалпына келуі оңайға түспеген аспаптардың бірі – шертер аспабы.

      Шертер – үш ішекті, шертіп ойнайтын, қазақтың аспаптық музыка мәдениетіндегі көне аспаптардың бірі. Көбінесе ән-жыр, дастандарды қостауға арналған, бақташылар арасында кең таралған аспап. Қариялардың айтуына қарағанда бұл құралдың ерекшелігі мынада: шертердің құрылысы мен формасы негізінде домбыраға ұқсас болған, мойны қысқа, қыл ішек тағылған, үлкендігі қобыздай. Қырғыздың комузы секілді шертер де пернесіз.
Шертерге үш ішек тағылады және ол мынадай негізгі үш бөлімнен тұрады: аспаптың шанағы, мойыны және басы. Шанағына жататын бөліктер – бет қақпағы, шанағы (кеудесі), тері, тиек және ойық. Жетілдірілген шертердің мойынында пернелер тізбегі саны 22 (ал көне шертерде пернелер болмаған). Аспаптың басында, үш ішекті болғандықтан, үш құлағы бар. Шертер шанағының төменгі жағында үш түймесі бар. Түймелерге үш ішек бекітіледі. Шертердің ең негізгі ерекшелігі оның шанағының жартылай терімен қапталғандығында, осы терінің сапасына байланысты дыбыс тербелісі де әртүрлі болады. Шертерге ешкі мен түйенің терілері иленіп, өңделіп тартылады.
Ұлттық өнерді дамытудың алғашқысы өзің жетік меңгеріп, білгеніңді кейінгіге үйрету. Яғни әр өнерпаз өзіне шәкірт дайындай білуі керек. Ұмытылып бара жатқан көне дәстүр халық арасында кеңінен насихатталуы керек. Соның нәтижесінде ол әрі қарай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Қазақтың көне музыка мұраларын байыптап зерттеген сайын, біздің ұлттық мәдениет тарихымызға жаңа дерек, жаңа мәліметтер қосыла түспек. Ондай деректерді әлі де болса іздей түсу, қауым болып қолға алатын келелі мәселе. Көне аспаптарда ойнауды үйренуге ықыласты жастарға білгенімізді айтудан жалықпауымыз абзал. Білген дүниемізді келешекке беріп отырсақ өзіміз де шынығамыз, кейінгілермен тәжірибе алмасамыз, өзімізге деген талабымыз күшейеді, шеберлігіміз артады.

 

Шолпан Амангелдіқызы ЕСПЕНБЕТОВА.

Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі “Халық аспаптары” бөлімінің оқытушысы.

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *