Түркістан – «Әзірет Сұлтан» қаласы

Түркістан — сан ғасырлық тарихы бар қасиетті мекен ғана емес, Еуропа мен Азияны тоғыстырып жатқан түркі ислам өркениетінің орталығы, «Қазақ хандығының астанасы», «күллі түркі әлемі үшін рухани орталық» ретінде тарихи санамызда жатталған, ұрпақтан ұрпаққа дәстүр сабақтастығымен жеткен құнды да киелі ұғым.

Түркістанды қайта жаңғырту не үшін маңызды?

Түркістан – геосаяси, географиялық және климаттық орналасу жағынан да тарихи маңызды мекен.

Түркістанның «Түркістан» деп аталуы да тікелей Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың тарихи тұлғасына қатысты екендігі белгілі. Ел аузында «Мәдинада Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет» деген тіркес бар. Оған қоса «Сайрамда бар сансыз бап, Түркістанда түмен бап, Ең үлкені Арыстан бап» деген де қалыптар бар. Бұлар әрине халықтың руханиятынан орын алған есімдер ғана емес, өшпес тарихи сананың іздері болса керек. Тек «тарихи санада» ғана емес, тарихи таным деректерінде де — ХІІ–ХІІІ ғасырлар түйісінде өмір сүрген атақты парсы шайыры Фарид-ад-дин Аттардың «Құстар тілі» («Лисану ат-тайыр») атты танымал шығармасында Қожа Ахмет Ясауиді «Пір и Түркістан» (Түркі елінің ұстазы) деп дәріптейді. Бүгінгі қаланың Түркістан аталуы да Ясауи бабамыздың атымен тікелей байланысты.

Әзіреті Түркістанның қазақ рухани танымы мен мемлекеттілігі тарихында айрықша орны бар. Бұл туралы Қожа Ахмет Ясауидің әулиелік кереметтері жайлы халық арасында кең тараған аңыздарда жиі айтылады. ХV ғасырдың аяғынан бастап Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қазақ хандығының резиденциясы әрі кешенді пантеонға айналып, әйгілі ғұламалар, хандар мен ақсүйектер жерленгендігі тарихи шындық. Тарихи деректер бойынша мұнда отызға тарта қазақ мемлекеттілігіне еңбегі сіңген хан-сұлтандар арулап қойылған. Сонымен қатар қазақтың атақты би-шешендері, батырлары мен абыздары, халық қадір тұтқан тұлғалары жерленген.

 «Әзіреті Сұлтан кесенесі»

Бұл ғажайып сәулет туындысында ғасырлар бойы қалыптасқан өркениеттік құрылыс тәжірибесінің ізі жатыр. Сондай-ақ әлемде теңдесі жоқ сәулет туындысы. Кесененің құрылысында түркі өркениетінің тәсілдері, нақыштары мен ою-өрнектері көне замандардағы сәулет және бейнелеу өнер туындысы көрініс тапқан. Кесененің құрылысы жайлы негізгі дерек Шариф ад-дин Йаздидің «Зафарнама» («Темір жеңістері») атты кітабында баяндалған. 1397 жылы Әмір Темір Самарқандтан Ташкентке барар жолда Түркістанға арнайы зиярат жасап, Қожа Ахмет Иасауи басына ескі мазардың орнына зәулім кесене тұрғызуға әмір беріп әрі құрылысқа Әмір Темірдің өзі тікелей басшылық еткен.

Кесене түрлі міндеттерді атқаруға арналған қазандық, қабірхана, үлкен және кіші ақсарай, кітапхана, асхана, құдықхана сияқты бірнеше бөлмеден тұрады. Ішкі және сыртқы қабырғаларында араб әріптерімен өрнектелген Құран аяттары мен хадистер нақышталған. Бұл жерде әрбір бөлменің өзіндік функциялары болған. Кесене жай ғимарат қана емес, ол жерде рухани тәжірибемізге қатысты, діни таным мен мәдениетімізге сіңген ритуалдық құндылықтықтар қабаты жатыр. Кесененің айналасында зияратшылар үшін салынған керуенсарайлар, кітапханалар, шаршы базарлар, хужралар, монша, асханалар да қызмет көрсеткен. Ал үлкен ақсарай, аты айтып тұрғандай, мемлекеттік істер мен елшіліктерді қабылдайтын резиденция қызметін атқарған.

Міне осындай қасиетті кесененің біздің тарихи санамыздағы рөлі мен орны ұмыт болып бара жатыр. Кешегі кеңестік идеология кезеңінде бұл ғимаратқа жай ғана музей ретінде қаралды. Бүгін сол түсініктер мен қалыптарды қайта қарап, тарихи ескерткіштер мен жәдігерлерге басқаша көзқарас қалыптастыратын заң жобаларын әзірлеп, қазіргі жаһандану жағдайында кесенені жай мәдени ғимарат етіп қана қоймай, оның тарихи функциясын қайта жаңғыртуымыз қажет.

Түркістанның тарихи орнына сай, осы жерде дәстүрлі ғылыми орталықтар қайта жаңғыртылуы керек.  Түркі өркениеті, мәдениеті, тілі мен тарихын танытуда «Ясауитану орталықтарын» алдымен «Түркі мемлекеттері ұйымына» мүше елдер арасында ашуды қолға алғанымыз абзал. Себебі Қожа Ахмет Ясауи барша түрік халықтарының абызы, ұстазы. Ол үшін алдымен Түркістанда «Халықаралық Ясауитану орталығы» ашылып, оның мақсаты, міндеті, зерттеу методологиясы мен аспектісі нақтыланып, артына қалдырған мұраларының каталогы мен қолжазбалары жасақталуы тиіс.

Төртіншіден, «Әзірет Сұлтан» кесенесінің де тарихи фунцияларын заманауи қалыптармен қайта жаңғырту уақыт талабы. Кесенеге кезінде қазақтың барлық игі жақсылары жерленген.

Сондықтан алдымен өз елімізде Түркістанды, Әзірет Сұлтанды тануды бастауымыз қажет. Әрі бұл Түркістанда туризмді қолдаудың бірден бір жолы.

Бесіншіден, Түркістан тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі сауда орталығы болған. Бүгін де бұл қаланы ірі сауда, өнер, туризм орталығына айналдырудың кешенді тетігін дайындауымыз қажет. Заманауи қол өнер цехтары, қыш-шыны индустриясы, тері өңдеу мен тұскиіз фабрикалары, кілем тоқу өнімдері Түркістан мен Ясауидің кескіні мен келбетін насихаттайтын орталықтарға айналуы керек. Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу тетігі мәдениет, өркениет, сауда, сәулет, қолөнер, музыка сияқты салаларды қайта жаңғыртудан басталады.

Алтыншыдан, Түркістан киелі мекен. Бұл жергілікті тұрғындардан да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жеріне қарай адамы да соған лайық болса, Түркістанның абыройы асқақтайды. Ар, иба, көркем мінезді, адалдықты, адамдықты, кішіпейілдікті, қонақжайлылықты, имандылықты алдымен Түркістан тұрғындары мына елге үлгі қылып көрсетулері керек.

Досай КЕНЖЕТАЙ, Қожа Ахмет Ясауи атындагы ХҚТУ-нің профессоры, философия теология тылымдарының докторы.

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts

Ол жылдар ұмытылмайды

Тәуелсіздігімізді алып, егемен ел болғалы ұзақ жылдар бойы отаршылдықтың тұтқынына түскен санамыз қайта жанданды, жаңаша даму үрдісіне ойыстық. Кеңес…