ҰЛТ РУХЫНЫҢ АЛДАСПАНЫ НЕМЕСЕ ҚАЛАЙ ҚАЗАҚ АТАНДЫҚ?

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,

 Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Жұбан Молдағалиев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауының қайтарылғанына биыл бір ғасыр болатынын тілге тиек етті. «Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, — деді Президент, — оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды».

 

Өткен тарихымызға көз жүгіртер болсақ, басынан қасіреті арылмаған ұлтымыздың қазақ атауының ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін мазаққа айналып келгені ақиқат. Иә, қазақ халқы патша отаршылдары күштеп таңғандықтан бірде «қайсақ», енді бірде «қырғыз-қайсақ», «қырғыз» аталып, ұлттық намысы қорланып, екі ғасырдай уақыт бойы тарихи шын атауынан айырылып келді. ХІХ ғасырда қазақ халқының тарихы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі және халық ауыз әдебиеті хақында арнайы еңбек жазған орыстың зерттеуші-ғалымы, белгілі мемлекет қайраткері, көрнекті тарихшы А.И.Левшин қазақтар туралы «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы» деген үш бөлімді кітабын 1832 жылы жариялаған. Ғалым «қазақ» деген атауға ғылыми тұрғыдан әділ анықтама береді. «Европада «қырғыз-қайсақ» деп бір ұлтқа орынсыз таңылған атауға тарихи сипаттама бермес бұрын, олардың өзін-өзі де, тіпті орыстардан басқа ешбір көршілері де олай атамайтындығын бірінші кезекте ескерте кетуді өзіміздің парызымыз деп білеміз, – деп жазады ол. – Бұл атау қырғыз және қайсақ деген екі сөзден тұрады. Ал мұның алдыңғысы қырғыз – қазаққа қатысы жоқ… Қайсақ сөзі болса қазақтың бұрмаланған аты. Ал қазақтар атауы кейбір шығыс жазушылары айғақтап отырғанындай, Христостың туғанынан бұрын қалыптасқан көне есім.

…Шындыққа жүгіне отырып, бұған дейін бұрмаланып келген қайсақ сөзінің орнына қазақ, ал қырғыз-қайсақ және қырғыз-қайсақ ордалары деген сөздердің орнына қырғыз-қазақ, сондай-ақ қырғыз-қазақ ордалары деп атау және солай деп жазу әділеттілікке сиымды болар еді дейміз».

Қазақ, қырғыз халықтары атауының мазаққа айналуы қазақтың оқыған азаматтарының ар-намысына тиіп жүрді. Солардың бірі – Шоқан Уәлиханов. Бұл орайда оның артында қалдырған мұралары ерекше маңызға ие. Шоқан «Россия империясының географиялық-статистикалық сөздігі» атты кітапқа енген «Қырғыз-қайсақтар» деген мақаласында өзінің бұлтартпастай дәйекті тұжырымын былай келтіреді: «Қырғыз-қайсақтар» немесе «қырғыз-қазақтар» европалық Россияның оңтүстік-шығысы мен Оңтүстік Сібірге дейінгі, Қытай жоңғариясы мен Қоқан хандығының аралығындағы ұлан-ғайыр өлкені мекендейтін халық. Қырғыз-қазақтардың дұрыс аты қазақтар. Ал орыс құжаттарындағы «қара қырғыз» аталып кеткен қырғыз халқы Ыстықкөл бойын, Текес өзенінің жоғары ағысын, Шу мен Талас өзендерінің аңғарын, Тянь-Шань тауының күнгей жағын, сонымен бірге Памирдің таулы жазықтарын мекендеген түркі тілдес халық. Оларды қазақтармен шатастыруға болмайды». Ш.Уәлиханов бір-бірімен қандас келетін қазақ және қырғыз халықтарының этникалық құрамы мен әлеуметтік-экономикалық құрылымының ара-жігін дәл ажырата білуді талап еткен. «Қырғыз-қайсақтардың ұлы жүзі, орта жүзі, кіші жүзі – бір ғана «қазақ» деген халық, ол қытайлар «бүріт», орыстар «қара қырғыз» деп атайтын қырғыздардан ерекше, — деп жазады ұлы публицист-ғалым. – Бұл екі халықтың тілінде де, тегінде де, дәстүрінде де айырмашылықтар бар».

Қазақтардың қырғыз аталуына байланысты Міржақып Дулатов өзінің «Қазақ, қырғыздың аты, тегі туралы» еңбегінде көңіл аударарлық мынадай жорамалдар жасайды: …Сібірдегі орыстың қалаларын, ауылдарын дамылсыз шауып, мазасын кетіре берген… сондықтан орыстың ұғымында «қырғыз» деген сөздің өзі жау, шабағаншыл мағынасында орнап қалған. Ал қырғыздан кейін әрі көп, әрі орысқа бағынбай өз алдына отырған қазақ жұрты орысты қырғыздан жаман жәбірлеп, әсіресе Сібірдің оң тұсындағы облыстарына үлкен зиян келтіре берген соң қазақты да қырғыздай жек көріп, сөгіс орнына қырғыз (киргиз) деп атаған.

М.Дулатов жоғарыдағы аталмыш еңбегінде қазақ, қырғыздардың аты, тегі һәм қашаннан бері өз алдына жұрт болғаны туралы жазылғандарды қорыта келе мынадай тұжырым жасайды: «Қазақ Х ғасырлардың ар жағында көп заман бұрын өзінің хандары болып, өзін-өзі билеген, ежелден қазақ аталған түрік жұртының бір тарауы. Қазақ ХІІ ғасырлардың аяғында әр түрлі түркі рулармен қосылып, көбейіп, тағы да бөлек жұрт болып, сыбайлас жұрттардың көбімен соғысып, бірде жеңе, бірде жеңіле келіп, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда Россияға бағынғаннан кейін еркінен айырылған жұрт».

Орыс отаршылдарының қазақ жерінде ауажайылып, тым еркінсіп кетуін, қазақтардың жан азабын Жүсіпбек Аймауытов өзінің «Қартқожа» романында Баян ауылын мысалға келтіре отырып, былайша баяндайды: «Баянның жері, суы, ағашы, көгі – казак-орыстікі. Бір кезде казак-орыстың қала салған жері Баян ауылының қыстауы болса да бұл кезде Баян казак-орысқа ата мұра тәрізді…

Маңайдағы он болыс елдің ұлығының уряднигі, тілмашы, приставы, адвокаты, обьездный – казак-орыс. Он болыс елдің игі жақсылары казак-орыстың тамыры, танысы, айналасы он болыс елді билейтін екі жүз үйге толмайтын казак-орыс. Қазақтың кедей жатағы казак-орыстың етікшісі, ұстасы, үйшісі, балташысы, тас қалаушысы, жалшысы, малайы, қазақтың ең пысығы: не алыпсатар, не ұры, әйтеуір бір бұзақы болады. Казак-орыс пен қазақ әшейінде «бәленшеке», «түгеншеке» десіп жүрсе де, жеріне, суына, балығына, ағашына қазақтың тұмсық сұққанын көрсе, «еке-меке» далада қалады. Қазақтың шаңырағына қобыз тартылады. Айтта, тойда күреске түсіп, қазақтан жығылып жатса: Бетке-Сеткелер жатып төбелес салады» (Аймауытов Ж. Таңдамалы шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989. – 107-бет).

1920 жылғы қазанда Орынборда өткен ҚАКСР Кеңестерінің құрылтай съезі «ҚАКСР еңбекшілері құқығының Декларациясын» қабылдады, онда жаңа мемлекеттік құрылымның РСФСР құрамына автономиялық мүше ретінде кіргені жария етілді. Осыған байланысты 1920 жылғы 13 қарашадан бастап «Ұшқын» газетімен бірге РКП (б) Қырғыз (Қазақ) облыстық комитеті мен Қырғыз Орталық Атқару комитетінің органы ретінде «Еңбек туы» газеті шыға бастады. Газет басшылығына С.Сейфуллин тағайындалып, ол Манап Шамил деген бүркеншік есіммен өзінің материалдарын жариялады.

Қазақ халқының ұлттық мемлекеттілігінің қалыптаса бастауы ең өзекті мәселе – ежелгі «қазақ» атауының бекітілуін шеше алмады.

Осы кезеңде әміршілдік-әкімшілдік жүйе мен мемлекеттік аппарат енді ғана күш жинап, қалыптаса бастады. Сондықтан да баспасөзде ішінара болса да сөз бостандығы болды, өткір сын материалдар жарияланып жатты. Мысалы, 1921 жылғы 7 қарашадан шыға бастаған «Еңбек туы» газетінің ізбасары «Еңбекшіл қазақ» газетінің редакторы С.Сейфуллин «Қазақты қазақ дейік, тарихи қатені түзетейік» деген мақаласында былай деп жазды: «Бұл күнге шейін қазақты орыстар «киргиз» деп келді. Не себепті қазақты орыс «киргиз» деп кеткенін тексермей-ақ, ол «киргиз» – қырғыз деген аттың қалайша жалпы қазаққа жапсырылып кеткенін баяндамай-ақ, енді бұл тарихи қатенің түзетілу керек екенін жұртқа айтқым келеді.

… Біз «киргиз» деген атты жоғалтып «қазақ» деп кетсек, басқа халықтар да бізді «қазақ» деп, осы атты қолданып кетпек. Біздің үлкен бір кемшілігіміз – осы күні басқа жұрттан бұрын өзімізді өзіміз «киргиз» дейміз. Әуелі біздің «Қызыл Қазақстан» журналы орысша: «Кизил Киргизстан» деп аталады. Бұл біздің едәуір әлсіздігімізді көрсетеді. Әгәрдә біздің қазақ жігіттері бұл қатені түзетеміз десе, оп-оңай түзетіп әкетер еді.

Біздің әр қазақ жігіті «кир» деген періні тастап, қоймастан «қазақ» деген сөзді жұмсап, басқа жұрттың құлағына сіңдіріп үйрету керек. Қазақстанның орталық хүкіметі «Киргиз» деген есімді жойып, «Қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек. Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік!» (// Еңбекші қазақ. 1923. 15 ақпан).

1920-жылдары КСРО-да мемлекеттік құрылыс, ұлттық-аймақтық межелеу, экономика, саясат, мәдениет және тағы басқа мәселелер бойынша өткір талқылаулар жүрді. Оның үстіне бұл талқылаулар орталық пен жергілікті жерлердегі партиялық-кеңестік баспасөзде көрініс тауып қана қойған жоқ, олардың өзі де осы мәселеде инициатор болып отырды. Мысалы, бас редакторы С.Қожанов болған «Ақ жол» газеті былай деп жазды: «Өзінің төрт жылдық ғұмырында Қазақ республикасы шын мәнінде қазақ мемлекеті бола алмады. Көп тұрғыны – орыс колонизаторлары. Олардың орталығы орыс туы желбіреп тұрған Орынбор қаласы» (//Ақ жол. 1924. 24 қазан.).

Кеңес өкіметінің алғашқы онжылдығында да қазақтар ресми құжаттарда бұрынғысынша қырғыздар болып, қазақ халқы қырғыз халқы болып аталып қала берді. Тіпті, 1920 жылы құрылған республика ресми түрде РСФСР құрамындағы Қырғыз Автономиялы Социалистік Республикасы болып аталды. Жиырмасыншы-отызыншы жылдары мемлекеттік, партиялық ресми құжаттарда «нацмен» («национальное меньшинство» тіркесінің қысқартылған түрі) деген термин кең орын алды. Қазақстан жағдайында республиканы мекендеген орыстан басқа халықтар (оның ішінде қазағы, өзбегі, қырғызы, ұйғыры бар) «нацмендер» болып шыға келді.

Кезінде Қазақ КСР Академиясының корреспондент-мүшесі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әйгілі тарихшы К.Нұрпейісов ел тәуелсіздігінің  қарсаңында зерттеу мақаласында былай деп жазды: «1925 жылғы 15-19 көкекте республиканың жаңа астанасы Ақмешітте Қазақстан Советтерінің V съезі тұңғыш рет өлкеміздің барлық аудандары еңбекшілерінің өкілдері қатынасқан жағдайда өтті. Осы съезд қабылдаған қарарлардың ішінде үлкен саяси мәні бар шешімнің бірі – қазақ халқының бұрмаланған, патша отарлаушылары ХVІІІ ғасырдан бастап зорлап таңған теріс атын – «қырғыздар» атауын өзгертіп, оның тарихи шын атын – «қазақтар» деген атауды қалпына келтіруі болды. Сонымен қатар съезд Қырғыз АССР-ін Қазақ Автономиялы Советтік Социалистік Республикасы деп қайта атады… Көп кешікпей Бүкілроссиялық Орталық Атқару Комитетінің Президиумы съезд шешімін бекітіп, былай деп қаулы етті:

І. Қырғыз Автономиялы Советтік Социалистік Республикасы Қазақ  Автономиялы Советтік Социалистік Республикасы деп өзгертілсін;

ІІ. Үкіметтің орналасқан жері Ақмешіт қаласының аты Қызылорда деп өзгертілсін».

Қазақстан Советтерінің V съезінің шешімдерінде «қазақ» және «Қазақстан» сөздері орыс тіліндегі тіркестерде «казаки», «Казакстан» деп жазылған болатын. Орысша бұл сөздерді осылай жазу 1936 жылға дейін сақталды. Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің 1936 жылғы 9 ақпандағы қаулысына сәйкес орыс тілінде «қазахи», «Қазахстан» деген неғұрлым дәл атау қабылданды. «Қазақ» атымызды осылай қайтарып алған едік».

Осындай қиын-қыстау кезеңнің өзінде ұлт рухының алдаспаны – байырғы «қазақ» атауын қайтаруға қол жеткіздік, осы атпен жаңа ұлттық мемлекеттік құрылым – Қазақстан дүниеге келді.

С. САДЫҚОВ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік  университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.

 

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts

Ол жылдар ұмытылмайды

Тәуелсіздігімізді алып, егемен ел болғалы ұзақ жылдар бойы отаршылдықтың тұтқынына түскен санамыз қайта жанданды, жаңаша даму үрдісіне ойыстық. Кеңес…