Жастар және дәстүр құндылығы

«Қазіргі жаһандану жағдайында ұлттық сана мен құқықтық, рухани құндылықтарды сақтау – әр қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Әсіресе, жастардың ұлттық болмысын, тарихи жады мен құқықтық, мәдени негізін нығайтуда дәстүрдің рөлі ерекше. Дәстүр – ұлттың ұлы коды, ал оны тану мен қадірлеу әрбір жастың рухани дамуының негізіне айналуы тиіс» Түркістан облысы Дін істер басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог маманы Гүлдариға Бекжан.

Дәстүр – ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың өмір сүру дағдысы, таным-түсінігі, мінез-құлқы, адамгершілік өлшемі. Ол тек салт-жоралғыдан ғана тұрмайды, сондай-ақ қоғамдық, құқықтық қатынастардың, моральдық ұстанымдардың, тәрбие мен білім берудің де ажырамас бөлігі. Мысалы, үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізет білдіру, отбасылық жауапкершілік, ата-ананың разылығын алу – барлығы да дәстүрлі тәрбиенің мазмұнына кіреді.

Қазіргі жастар – цифрлы ғасырдың буыны. Олар үшін ақпараттың көзі – ғаламтор, тәрбие көзі – әлеуметтік желі. Мұндай кеңістікте шынайы ұлттық тәрбие мен дәстүрлі құндылықтардың көмескі тартып қалу қаупі бар. Себебі, кейбір жастар дәстүрді тек «ескі дүние», «заманға сай емес ұстаным» ретінде қабылдайды. Бұл – теріс пікір.

Дәстүр – өзгермейтін, қатып қалған ұғым емес. Ол қоғаммен бірге түрленіп, жаңа мазмұнмен толығып отыратын тірі құбылыс. Бүгінде ұлттық құндылықтарды қазіргі заман талабына бейімдеп, жастарға қолжетімді тілмен түсіндіру – негізгі қажеттілік.

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бұл – әрбір азаматтың ар-ождан бостандығы мен сенім еркіндігіне азаматтық құқығының қорғалуына кепілдік беретін құқықтық ұстаным. Бірақ зайырлылық – дәстүрден, мәдениеттен, діннен бас тарту емес. Керісінше, ол – олардың үйлесімді өмір сүруіне жағдай жасау. Мемлекетіміз дәстүрлі құндылықтарды дәріптеуге, рухани жаңғыруға бағытталған бағдарламалар арқылы жастардың санасына ұлттық сана мен мәдени бірегейлікті орнықтыруды көздейді.

Дәстүр – қоғамда келісім мен тұрақтылықтың да негізі. Ұлттық сана, тілді құрметтеу, ортақ тарих пен мәдени мұраны бағалау – қоғамды біріктіретін факторлар. Жастардың бойына осы құндылықтарды сіңіру – ұлттық тұтастықты сақтаудың сенімді жолы.

Ұлттық дәстүр мен заманауи технология, дәстүр мен ғылым, дәстүр мен креативтілік бір-біріне қайшы емес. Керісінше, олар өзара үйлесе отырып, жастарды жан-жақты әрі үйлесімді дамуға жетелейді. Мысалы, салт-дәстүр элементтерін мәдени жобаларда, әлеуметтік желі контентінде, кино, музыка, подкаст, әдебиет, т.б. арқылы насихаттау жастарды өз тамырымен қайта қауыштыруы мүмкін.

Дәстүрдің ұмытылып бара жатуы – қазіргі қоғам үшін өзекті әрі алаңдататын мәселе. Әсіресе, жаһандану үдерісі, ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы, батыстық мәдениет үлгілерінің еркін таралуы – жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын әлсіретіп, дәстүрден алшақтауына себеп болып отыр.

Кейбір жастар үшін дәстүр – ескінің сарқыншағы, заманға сай келмейтін шектеу сияқты қабылданады. Бұл – дәстүрдің мәні мен мазмұны дұрыс жеткізілмегендіктен туындайтын түсінік.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген даналық – дәл осы жағдайға лайық. Әрбір халықтың салт-дәстүрінде заман талабына сай келмейтін, тіпті адамның құқығы мен еркіндігіне қайшы келетін тұстары болуы мүмкін. Мысалы, бұрынғы кейбір қыздарды еркінен тыс ұзату немесе ескі түсінікпен жасалатын кей ырымдар – бүгінгі зайырлы қоғамда жарамсыз.

Бірақ сонымен қатар, дәстүрдің озық үлгілері – үлкенге құрмет, кішіге ізет, туыстық байланысты сақтау, тектілік, еңбекқорлық, адалдық, отбасы құндылығы, көршімен татулық, т.б. – қай заманда да өзектілігін жоғалтпайды. Осыларды жоғалтсақ, ұлт ретінде рухани тамырымыздан ажырап қалуымыз мүмкін.

Жастар мен дәстүрдің арасы алшақтамауы керек. Дәстүр – ұлттың рухани тірегі, ал оны ұлықтау – болашақтың берік негізі. Жастар ұлттық болмысын танығанда ғана өз орнын табады. Ол үшін отбасынан бастап, білім ордалары, медиа, дін саласы және қоғамның барлық саласы жастармен бірлесе отырып жүйелі жұмыс атқаруы тиіс.

Дәстүрді ұстану – артқа шегіну емес, тамырдан нәр алып, болашаққа нық қадам басу. Ендеше, бүгінгі буын өткеннің тағылымын танып, ертеңнің жауапкершілігін сезінетін, дәстүр мен заманды үйлестіре алатын саналы ұрпақ болуы тиіс.

habarlike.kz/

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Саятшылар сағынады сонарын…

Пернебай САПАР. Саятшылық өнері қазақ даласында бағзы кезеңдерден қалыптасқаны белгілі. Бүгінде осынау ұлттық саятшылық дәстүрімізді дәріптеп жүрген құсбегілеріміздің…