Жастық шақ – ел қамын ойлайтын алтын уақыт

Жастық – ең алып күш. «Жас келсе – іске, қарт келсе – асқа» дегендей, қай істе болсын жастардың үлесі үлкен. Олар көптігімен емес, тәуекелшілдігімен, табандылығы және қайсарлығымен құқықтық сауаттылығымен мықты. Тарихтың қайсыбір қатпарына көз тастасақ та, жастардың қатысуынсыз іс бітпеген.

Бүгінгі таңда жастар халықаралық аренада да елеулі және ықпалды күшке айналуда. Жас ұрпақтың әлеуметтік белсенділігі – қоғамдық дамудың маңызды қозғаушы күші. Сондықтан интеллектуал, жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу – жалпыұлттық, мемлекеттік ауқымдағы міндет. Біздің елдегі тұрғындардың үштен бірі – жастар. Ал жас буын өкілдерін жат қылықтардан, бейәдеп іс-әрекеттерден және теріс діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру – аса маңызды істің бірі. Қазіргі жаһандану үрдісіне орай жастардың көзқарасы, ойлау ерекшелігі, таным-түсінігі, мәдениеті де өзгеруде.

Қоғамда тұрақтылық орнауы үшін де жастардың көмегі керек. Өйткені жастар – елдің ертеңі. Жастық шақ – адам баласының қайта айналып келмейтін көктемі болса, бүгінгі жастар – ертеңгі ақыл айтар аға, ұрпақ тәрбиелейтін дана, елдің ақсақалы мен ақжаулықты анасы. Ал олар даналыққа жетуі үшін қазіргі алтын уақыты арзан нәрсемен өтіп кетпеуі тиіс.

Қазіргі кезде адамдар, әсіресе жастар, бір-біріне қатты ұқсап барады. Яғни, адам көп болғанымен ісі ұқсас, қылығы бірдей болып барады. Бұл – жаһандану процесінің бір көрінісі. Бүкіл әлемді бір смартфонға сыйдырған жаһандану кезеңінде өзіндік болмысымызды сақтап қалу маңызды. Бұл ретте ең алдымен уақытты басқаруды үйренуіміз керек. Күн тәртібін ұйымдастыру мен уақытты тиімді қолданудың екі ережесі бар: дұрыс дедлайн, яғни жұмысты атқарып бітетін шекті мерзім белгілеу және бірнеше жұмысты бір уақытта атқармау.

Жастық шақ – еліктеушілікке бейім уақыт. Бір сәттік ләззат үшін бүкіл өміріңді қор етудің қажеті жоқ. Әділетті әмірші Омар ибн Хаттаб (р.а.

) былай деген: «Харамнан бақыт іздесең, бақыт саған харам болады». Өмірде ақ пен қара, жақсы мен жаман алма-кезек кезіп тұрады.

Жастарға қажет дағдының бірі – ізденуді тоқтатпау. Тек бір ғана кәсіптің, мамандықтың төңірегінде қалып қоймай, іздене беру керек. Әртүрлі қабілетіңді ашып, жетістікке жетуге мүмкіндік беретін дағдыларыңды дамыту және пайдалы кітаптар оқу кез келген ортаға бейімделуге септігін тигізеді. Бұл әсіресе өміріңнің қиын кезеңінде құтқарып қалатын айрықша қабілетің болуы тиіс.

Риуаят бойынша, Омар ибн Хаттаб (р.а.) өзінің халифалығы кезінде қандай да бір қиын мәселе сөз болғанда жастардан арнайы пікір сұрайды екен. Өйткені олардың ойлары жүйрік, зерек болады деп тұжырымдаған.

«Қайыңның қырық бұтағы болады. Алайда сол қырық бұтақтың ішіндегі біреуі ғана пайдаға асар түзу таяқ, ал қалғаны қисық таяқ болады». Яғни қазақтың әрбір жас жеткіншегі қисық не қиғаш ғұмыр кешпей, түзу әрі берік болып жетілуі, болашаққа нық қадаммен ұмтылуы керек.

Құран Кәрімде: «Алла сендерді әу баста тым әлсіз етіп жаратады. Кейін ол әлсіздіктен соң (буындарынды бекітіп) күш-қуат береді. Содан кейін күш-қуатыңды кемітіп, қайтадан әлсіз һәм қарт қылады», – делінген («Рум» сүресі, 54-аят). Балалық шақ әлі жетілмеген кезеңі болса, кәрілік – адамның жетілген және қуаты кеткен кезеңі.

Сондай-ақ жастықтың ең қайталанбас кезі – бос уақыт. Кез келген нәрсе белгілі бір уақытпен жаратылған. Әрбір іс белгілі бір өлшеммен белгіленеді. Сол өлшемнің бірі – адамның өмірге келуі, ер жетуі, қартайып, дүниеден озуы. Уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Өйткені уақытты біз қалаған кезімізде ұзартып, қалаған сәтте қысқарта алмаймыз.

Қорыта келе айтар болсақ, кез келген халықтың болашағын жастарына қарап білуге болады деймізғой әрине. Ал Мағжан Жұмабаевтың тілімен айтсақ, «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты» болатын уақыт. Иә, қарап отырсақ, бойына имандылықты сіңірген бабаларымыз ерте есейіп, елдің ертеңін ойлады. Бірін-бірі жігерлендіріп, жақсылықтың жаршысы бола білді. Сол бабаларымыздың жастық шағы құр ойын, бос күлкімен емес, естіліктің үлгісімен қалыптасқандығын көруімізге болады.

Дәурен Аманов,

Түркістан облысы Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу оратылығы» КММ теолог маманы.

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Арнайы курс ұйымдастырылды

Облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен облыстық «Қожа Ахмет Ясауи» мешітінің мәжіліс залында «Облыс көлеміндегі тарихи-мәдени және зиярат орындары…