Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сапарбай Өтемісұлының есімі өнерсүйер көрерменге таныс. Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында ағамыздың ұзақ жылдар бойы төккен тері, сіңген еңбегі, жүрген ізі сайрап жатыр. Ол кісі сомдаған М. Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясындағы Сырым, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасындағы Ақан, Н.Оразалиннің «Шырақ жанған түн» драмасындағы Сағыш, А.Сүлейменовтің «Кек» трагедиясындағы Сері, Н.В. Гогольдің «Үйлену» комедиясындағы Подколесиндер көрермен қауымның есінен әлі шыға қойған жоқ. Лирик актермен жүргізген арнайы сұхбатымыз оның балалық шағынан басталып, сексен жылдық өмірінің сан қилы белестерін шарлап өтті.
–Әңгімеміздің басын балалық шағыңыздан қалған естелікпен бастасақ.
—Мен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бостандық ауданының «Главасай» деген ауылында 1943 жылы 3 қаңтарда дүниеге келгенмін. Шешем Гүлжан он бір құрсақ көтеріпті, олар әртүрлі дерттен шетінеп кете берген екен, соңында ата-анадан жалғыз тұяқ болып мен ғана қалыппын. Әкем Өтеміс бес уақыт намазын қаза қылмаған, өзі ақынжанды азамат болыпты. Өзі қырғыздарға жиен, Шыңғыс Айтматовтың әйгілі «Ана — Жер Анасындағы» Толғанайдың туған ағасы. Толғанайдың шын есімі Тоқта болатын. Студент кезімде Тоқта апамды іздеп барғанмын. Сол кезде апам: «Шыңғыс Айтматов деген жазушы жігіт өмір тарихымды жазып алып кетті» деген еді. Кейін «Ана—Жер Ана» деген ғажайып туынды дүниеге келгенін білесің.
Әкем марқұм соғыс жылдарында қырманда қос өгіз жеккен арба айдайды екен. Бір күні жаздың шілдесінде жұмыстан келіп, «баламды өзім тамақтандырамын» деп, маған қойдың құйрығын жұтқызса керек. Мен сол құйрықты ауырсынып бір апта бойы дел-сал болып, көзімді аша алмай, өлі мен тірінің арасында жатып қалыппын. Әкем сол бір апта бойы қырманнан келмей, далада жатып жүріпті. Бір аптадан кейін Арзан деген жеңгесі қырманға жүгіріп барып: «Балаңыз көзін ашты, сізді іздеп жатыр» дегенде, күректің сабына сүйеніп, бүктеліп отырып қалған екен. Кейінірек жиын-терім біткен соң бір малын сойып, ауылды жинап той жасапты. Сол тойда таң атқанша өлең айтып шығыпты да, таң ата жиналған елдің алдында: «Жаратқан Ием, мені бүгін алсаң да ризамын. Тек Сапарыма ұзақ ғұмыр бере гөр!» деп тілеген екен. Алланың құдіретіне шек бар ма, сол тойдан кейін бір апта өтер өтпестен намаз үстінде үзіліп кетіпті.
–Сізге өнер ақынжанды әкеңізден дарыған болды ғой?
–Мен өнерге бала күнімнен құштар болдым. Бостандық ауданында мені әнші бала ретінде танитын. Ол жылдары Шымкенттен әртістер келіп «Айман-Шолпан», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек пен Төлеген» сияқты спектакльдерін қоятын. Ол бір керемет кездер еді. Әртістер далаға тезек жағып, соның жарығында ойнайтын. Жұмат Шаниннің туған інісі Әкіш Шанин, Мұхтар Өтебаев, Бикеш Серікбаева, Сейіт Досмамбетов секілді актерлардың шеберлігі керемет еді. Ол кісілерді кейін білдім ғой. Көрерменін сендіре білетін. Мұхтар Өтебаев — Төлегенді, Бикеш Серікбаева — Қыз Жібекті ойнайды. Бір күні достарымды жинап алып: «Бүгін Төлегенді өлтіртпейміз» деп келістік. Содан кешкісін Бекежан пышағын сайлап Төлегенді өлтіруге келе жатқанда: «Өлтірмеңдер, оған тимеңдер» деп Төлегеннің үстіне құлай кеттім. Жұрт абыр-сабыр, у-ду болып кетті. Спектакль ортасынан үзіліп, шымылдық жабылды. Әртістер: «Балам, бұл спектакль ғой, біз ойнап жатырмыз» деп мені жұбатып жатыр, мен: «Ойын екенін білемін, бірақ, ойнап болса да өлтірмеңдер» деп жылаймын. Ақыры «Төлегенді аман алып қалдым». Кейінірек ой жүгіртсем мені сол кезде өнер буып жүр екен.
–Сол арманмен оқуға аттандыңыз ба?
–Жоқ. 1959 жылы Шымкентке келіп қазіргі Жұмат Шанин (ол кезде Шымкент облыстық біріккен драма театры) атындағы академиялық қазақ драма театрына жұмысқа тұрдым. Театрдың директоры Исаак Михайлович Берещук маған отыз сом жалақы тағайындады. Тамара Владимировна деген реквизитор бар еді, сол кісінің көмекшісі болдым. Арасында көпшілікпен бірге спектакльге қатысып тұрамын.
Бір күні «Айман-Шолпан» спектакліне массовкаға қатысу үшін киініп, іштей дайындалып тұр едім, Мұхтар Найманбаев деген режиссердің көмекшісі келіп: «Шеш киіміңді. Сен сахнаға шықпайсың. Барып тірлігіңді істе» деп жекіріп бергені. Көңілім жер болып, сахнаның сыртында қараңғылау бұрышта ебіл-себіл болып жылап тұрғанмын. Кенет жаныма режиссер, қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш Халық әртісі Ғайни Хайруллина келіп: «Шырағым, неге жылап тұрсың?» деп сұрады. Жылы сөз естіген соң көңілім одан бетер босап қоя берді. «Апа, мен сонша жерден жалғыз шешемді тастап келдім. Сахнада көпшіліктің ортасында жүргеніме де мәз едім, Мұхтар аға келіп ұрсып, шығармай қойды» дедім шағынып. Ғайни апам мені жетектеп Берещуктің алдына алып барды. Бір топ әртіс жиналды. Сол жерде Бикеш Серікбаева Мұхтар ағамызға: «Бұл бала да өзің секілді жетім, жалғыз шешесінен басқа ешкімі жоқ. Неге сонша жәбірлейсің?» деп сөгіп тастады. Ақыры Мұхтар ағам менен кешірім сұрады. Берещук: «Сапардың сахнаға әр шыққанына бір сомнан төлейміз» деп қаулы шығарды. Сөйтіп реквизиттің көмекшісі ретінде отыз сом, сахнаға шыққаныма отыз сом, жалпы алпыс сом жалақы алатын болдым. Алпысыншы жылдары бұл көп ақша еді. Труппамен бірге Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан мен Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап жүрдік.
Кейін білсем Мұхтар Найманбаев та жетім өсіпті. 14-15 жасында қазіргі Түркістан көшесінің бойында қаңғырып жүрген жерінен Бикеш Серікбаева байқап қалып, театрға жұмысқа тұрғызыпты. Бикеш апамның «өткеніңді ұмыттың ба?» дегені сол болса керек.
–Көмекші болып қанша жыл жүрдіңіз?
–Екі-үш жылдай жұмыс істедім. 1962 жылы мамыр айында Шымкентке Асқар Тоқпанов келді. Ғайни апам қолымнан жетектеп сол кісінің алдына алып барды да: «Асеке, мына бала театрда жұмыс істеп жүр. Бірақ бұл баланың оқуы керек. Болашақта керемет актер болады» деп таныстырды. Асекең маған сынай қарап тұрды да: «М-м, өзі реңі келіскен, нағыз театрдың, сахнаның жігіті екен. Келсін» деді. Келесі жылы оқуға аттанып, Құрманғазы атындағы консерваторияға (қазір Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) Асқар Тоқпановтың класына оқуға түстім. Оны бітірген соң мені академиялық театрға қалдырды. Ол кезде мен үйленіп, анамды қолыма алғанмын. Бірақ Алматының ауа-райы анама жақпады, қан қысымы көтеріліп кете берді. Дәрігерлер: «Анаңды Алматыда қалдыруға болмайды» деген соң 1967 жылы Шымкентке оралдым.
–-Шымкент сахнасында жұлдызға айналған жылдарыңыз ғой?
— Солай десек те болады. Алматыдан келген жылдан бастап күні кешеге дейін басты ролдерді сомдадым. 1987 жылы режиссер Жақып Омаров М.Шатровтың «Сонда ғана жеңеміз»» спектакльін қоятын болып, маған Лениннің ролін берді. Оның алдында бұл спектакльді Мәскеудегі МХАТ театры қойған еді. Онда басты ролде КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Александр Калягин ойнаған. Маған берілген Лениннің сценариінің өзі 141 беттен тұратын, осыдан-ақ бұл қойылымның қаншалықты қиын екенін пайымдай беріңіз. Алты ай бойы Мәскеу мен Ленинградтың, жергілікті архивтер мен кітапханаларды ақтардым. Уақытпен санаспай дайындалдым, сол кездегі түсінік бойынша «Ұлы көсемнің» образын алып шығу маған артылған үлкен сынақ еді. Бұл еңбегім зая кеткен жоқ. Спектакльді көріп, қабылдау үшін Мәскеуден бес мәрте комиссия келді. Қазақстанның бір облысындағы театрының осыншалықты шеберлігін көрген комиссия мүшелері «Мына қойылым МХАТ тан да артық. Лениннің ролін Калягиннен де мықты ойнады» деп мойындап кетті.
Алматыда қойылған Ленин спектаклінен кейін әріптесім Қадыр Жетпісбаев залда тұрып: «Мен Ленинімді таптым» деп айқай салды. Сол жолы Асқар Тоқпанов көзіне жас алып тұрып: «Сапаржан, шәкірті ұстазынан озды деген осы. Ленинді мен де ойнап едім, бірақ, сен менен асып түстің» деді. Шәкірт үшін бұдан артық баға болмаса керек.
Жалпы мен жайында жақсы пікір айтқан абзал ағаларымыз көп болды. Ғабит Мүсірепов «Ақан сері-Ақтоқты» спектакілін көрген соң «Шәкен Аймановтан кейін Ақанымды көре алмай жүр едім. Міне, бүгін Ақаным қайта тірілді» деп маған алғысын білдірген.
Режиссер Мұхтар Қамбаров қойған «Қорғасынды дауыл» спектаклінде Бауыржан Момышұлын ойнадым. Сонда Бәкең маңдайымнан сүйіп: «Жас кезіме ұқсайсың» деген еді.
Бір жолы Киров ауданында Бәкір Тәжібаевтың «Ана жүрегі» спектаклін қойып жаттық. Мен Арманның ролінде едім. Кейіпкерімнің соғыстан аяғынан айрылып балдақпен оралатын көрінісін қойып жатқанда аудандық партия комитеті хатшысының жүрегі ауырып, жедел жәрдеммен ауруханаға алып кетті. Ертеңгісін бізді шақырып алып, орынбасарларына «мына спектакль барлық ауылда қойылсын» деп қатаң тапсырма берді. Сол жылы Киров ауданында туылған нәрестелердің көпшілігі Арман деп аталған еді.
–Сіздің өнеріңізді Асанбай Асқаров, Жұмабек Тәшенов секілді қазақтың біртуар азаматтары да жоғары бағалаған дейді?
–1985 жылы Асанбай Асқаровтың алдына кіріп пәтер сұрағаным бар. Сол кезде бүкіл ұжымын жинап алып: «Жігіттер, Асанәлі Әшімов КСРО-ның Халық әртісі болса, Сапар республикаға еңбегі сіңген әртіс. Бірақ Сапардың ойнаған Сырым, Абай, Мәдиін Асанәлі ойнай алмайды. Оның «преимуществосы» киносы. Ал киноға актер де, шахтер де, боксер де түседі. Өнердің әкесі – театр. Сондықтан Сапарға үй берілуі керек» деді. Сөйтіп маған қаланың қақ ортасынан төрт бөлмелі пәтер беретін болды. Бірақ арада түрлі оқиғалар орын алып, кейінірек Асекеңнің өзі жаланың құрбаны болып кетті, мен пәтерсіз қалдым. Сол пәтерге арада бірер жыл өткенде өнерімнің арқасында қол жеткіздім. 1987 жылы Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы спектакльден кейін сахнаға шығып, қолымды қысып тұрып, көрермендерге қарап: «Мен бүгін Лениннің қолын алып тұрмын, сондықтан бүгіндікке қолымды жумаймын» деп елді ду күлдіріп, ризашылығын білдірді де: «Сіз үшін кабинетімнің есігі қашан да ашық болады» деді. Сол уәдесіне арқаланып, біраз уақыт өткен соң қабылдауына кіргенмін. Пәтер мәселесімен келгенімді естіген соң, өтінішімді орындады.
Ал Жұмабек Тәшеновпен 1985-86 жылдары болу керек, театрымыздың сол кездегі директорының 70 жылдық мерейтойында кездестік. Сол тойға келген Жұмекең оңаша бөлмеге арнайы үстел жасатты. Дастарқан басында сол жылдардағы облыстық мәдениет басқармасының бастығы, әріптес ағам Ошат Рахимов, той иесі, Жұмабек Тәшенов және мен бесеуміз ғана отырдық. Сөз тізгінін алған Жұмекең той иесіне бірер ауыз тілегін арнады. Сосын облыстық мәдениет басқармасының бастығына қарап тұрып: «Пәленше, сен өзің мәдениеттің не екенін білесің бе? Адамның қадірін түсіне аласың ба? Театр сахнасында мына Сапар сияқты ұлы актер жүр. Бұл сахнаның пірі» деп мақтауымды асырып, маған біршама жылы сөзін, тілегін айтып алды да, қырлы стаканға толтыра құйып: «Ал, жігіттер алыңдар» деп тартып жіберді. Сосын аздап дәм ауыз тиіп, шамалы отырып, қайтып кетті. Бұл Жұмекеңді соңғы көруім болды.
Жалпы Жұмабек Тәшенов, Асанбай Асқаров сияқты кісілер ғасырда бір туылатын, қазақ өнерін, мәдениетін, руханиятын биікке көтеретін азаматтар еді.
— Осы арада Мұхтар Әуезов, Асқар Тоқпанов жайлы да естелік айта кетсеңіз.
— 1961 жылы театрымызда «Қарагөз» трагедиясы қойылды. Қойылымды заңғар жазушының өзі келіп көрді. Спектакльден соң әртістердің ортасында отырып біраз ойын білдірді. Асанды ойнаған Мұхтар Өтебаевқа «Сен әдемі ойнадың. Бірақ тым дікілдеп кетеді екенсің» деді. Ал Карагөзді ойнаған Бикеш Серікбаеваға «Айналайын, Бикеш, сен нағыз Қарагөзсің. Қарагөздің жынданып кеткен кезі түсінген адамға нағыз бақытты шағы. Сондықтан сен жындыны ойнама, көп әрекет жасама, тереңнен ой жүгіртші» деді. Асанды ойнаған Отызбай Жұмабековке: «Асан нағыз даланың сал серісі. Сен соны жеткізе білдің» деп мақтады. Ал Мөржанды ойнаған Раушан Досжановаға қатты риза болып: «Мен сендей әртісті көрген емеспін, кереметсің!» деді. Ол кезде жас баламын ғой, жиналыстан кейінгі шай үстінде жүгіріп қызмет етіп жүрген мені шақырып алып: «Жақсы бала екенсің, айналайын» деп басымнан сипаған еді. Алпыстан асқан соң шашым түсе бастады. Сонда жолдас жігіттерге: «Басымның Әуезов сипаған жеріндегі шашым түсіп жатыр» деп әзілдейтінмін.
Ал ұстазым Асқар Тоқпанов жайлы таңнан таңға ұрып айтуға болады. Өзі де бетің бар, жүзің бар демейтін, бірбеткей, тік мінезді еді.
1963 жылы мен бірінші курста оқып жүргенде Құрманғазы атындағы консерваторияның Маркс-Энгельс бөлмесінде А.Тоқпановтың тәртібі қаралатын болды. Біраз қыз-жігіт пен әйелдер «боқтады, намысымызға тиді» деп шағымданыпты. Жиынға сол кездегі ректор Қожамияров, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Құрманбек Жандарбеков, Бекен Жынысбеков қатысып отырды. Проректор Борис Лебедев Асекеңнің үстінен жазылған арызды оқыды. Сол жиналыста жалғыз Бекен Жынысбеков Асекеңді жақтады. «Мен соғысқа бір аяқ, бір көзімді беріп келдім. Қалған өмірімді Асқар Тоқпанов үшін беремін. Себебі қазақта Асқар жалғыз. Сендер, жолдас коммунистер, осы айыптаулардың басында болдық деп куә бола аласыздар ма?» деп қатты сөйледі. Бекен ағадан кейін ешкім үндемеген соң мен тұрып Асекеңді қолдап, консерваториядан шығармауын сұрандым. Бәлкім, ісі оңға басып та кетер ме еді, кім білсін, Асекеңнің мінезі болмағанда.
Жиналыстың ортасындағы үзілісте Асқар Тоқпанов бетін жуып тұрса, әлгі арызды оқыған Борис Лебедев келіп қалыпты. Асекең «иди сюда» дегені ғой «итім суда» деп саусағын жыбырлатып шақырып алыпты да, тұмсығынан қан саулатып ұрып жіберіпті. Содан консерваторияда сабақ беріп жүрген жерінен шығып кетті.
–Жасыратыны жоқ, өнер жүрген жерде бәсекелестік, күндестік, қызғаныш секілді жағымсыз қасиеттер де бірге жүретіні белгілі. Сізді де аяқтан шалу болды ма?
–Ондай оқиғалар толып жатыр. 1984 жылы театрдың елу жылдығы қарсаңында бір топ әріптесім жоғарыға арыз жазды. Арызда театр директоры бес мың сом, режиссер Жақып Омаров «Мәди» спектаклін қоятын кезде үш мың сом жымқырды деп көрсетіпті. Мен ол кезде «райкомпартияның» мүшесі болатынмын. Менің үстімнен «Партияға бес адамды қабылдады. Олар әйелінен, күйеуінен ажырасқан, моральдық тұрғыдан азған адамдар. Өзінің туыстарын партия қатарына кіргізді. Соның салдарынан біз партияға өтпей қалдық» деп көрсетіпті. Осы арыздың кесірінен қаншама азаматтарымыз қолына түсіп тұрған атағынан айрылып қалды. Бұл оқиғаға Ғабит Мүсірепов, Әбжаппар Әбішев секілді ағаларымыз қатты ренжіді. Нұрғиса Тілендиев арыз иелерін шеттерінен қырып, боқтап, көздерін шұқып тұрып, айыптарын бетіне басып, тіпті, ұруға шақ қалды. Бірақ өкінгенмен амал бар ма, болар іс болып, бояуы сіңіп кетті. Негізсіз жала дәлелденген жоқ.
Ал менің талантымды, өнерімді, ел арасындағы абыройымды көре алмаған әріптес ағаларым жеке басыма бір емес, бірнеше мәрте қастандық жасады. Бір жолы Алматыдан келе жатқанымызда ішімдікке әлдебір улы зат қосып беріп, бір қауіптен аман қалдым. Пойыздан түскен соң аялдамада қалғып кетіп, он төрт сағат бойы ұйықтаппын. Бір танысым кездейсоқ көріп қалып, үйге алып келіпті. Кейін мені емдеген Амангелді деген дәрігер досым: «Япырай, жүрегің мықты екен. Әйтпесе мынадай дозадан аман қалмауың керек еді» деп басын шайқады. Ол қастандықты жасаған да өзім жақын араласып, бір сахнаға шығып жүрген ағаларым еді.
Кейін сол кісілерді өзім дәмханаға шақырып: «Бізге не жетпейді? Бір атаның, бір елдің баласымыз. Сіздерді ренжіткен, алдарыңызды кесіп өткен жерім болса, кешіріңіздер. Өкпені ұмытайық» деп өз қолыммен дәм ұсындым. Бірақ дәл сол дәмханадан шыққан сәтімізде, артымнан аңдып келіп, оң жақ көзімнен әлдебір қатты затпен ұрды. Сол арада апыр-топыр төбелес болды. «Ақыры қоймайды екенсің, жекпе жекке шық» деген едім, әлгі ағам: «Саған күшім жетпейді» дейді шімірікпей. Адамның ниеті қара болған соң түзей алмайды екенсің, сол кісі өле-өлгенше менімен қастасып өтті. Сол соққыдан кейін көзіме төрт рет операция жасаттым, бірақ бәрібір бір көзім көрмей қалды. Бірақ қаскүнемді сотқа берген жоқпын. Іштен тынып қойдым.
–Елу жылдан аса уақыт өнерге қызмет еттіңіз. Сізге лауазымды орынға жайғасудың, Алматы, Астана секілді ірі қалаларға қоныс аударудың реті келмеді ме?
–Неге келмесін, талай сәті келді, бірақ өзім мойын бұрмадым.
1981 жылы Шымкент облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы Клара Алипова шақырып алып: «Сапаржан, сені театрға директор етіп ұсынғалы отырмыз. Бірер жылдан соң облыстың мәдениет басқармасына басшылыққа барып қаларсың» деді. Мен ә дегеннен ат тонымды ала қаштым. «Апай, сіз мені сотталып кетсін дейсіз бе? Мен сахнаның сал-серісі, патшасы мен батыры, ақыны мен данагөйімін, бірақ директор емеспін. Есеп-қисапқа мүлде қырым жоқ, мені қинамаңыз» дедім. Алипова сәл жымиып күлді де: «Сапаржан, бұл орынға өзгелер араға адам салып келе алмай жүр. Сен тақтан қашасың» деді. «Онда солар ала қойсын» деп мен де дегенімнен қайтпай тұрып алдым.
Тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда біраз уақыт Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде студенттерге сабақ бердім. Университет басшылығы «жастарымызды кәсіби актер деңгейіне жеткіздіңіз» деп алғыс білдіріп жатты. Кейін одан да бас тарттым. Себебі театрдағы күрделі рольдеріммен жұмысты жағаластырғым келмеді. Менің өмірім — театр. Тіпті, репитиция кезінде шырылдап ойымды бөле берген соң, қалта телефонымды лақтырып жібергенмін. Содан бері телефон да ұстамаймын.
Ал, Алматы, Астана секілді қалаларға ауысудың реті келгенімен, мойным жар бермеді. 1982 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Қалмақан Есенбиев: «Сапар, саған төрт бөлмелі патер дайындап отырмыз» деді. Сол жылы рухани бауырым Әшірбек Сығай: «Сәке, Шымкентте бір-екі жыл жұмыс істеп кеткеніңіз жөн ғой. Әйтпесе Асекең (Асанбай Асқаров) ренжіп қалар» деп ақыл қосты. Сол әңгімеден кейін шырайлы қаламда қала бердім. Кейінірек режиссер Жақып Омаров келіп, екеуміз он жыл бірге жұмыс істедік.
2000 жылдары астана Ақмолаға ауысқан кезде Жақып жаңа қаладан Қалибек Қуанышбав атындағы театрдың іргесін қалады. Театр ашылған соң Шымкентке мені іздеп келіп, қолыма төрт бөлмелі пәтердің кілтін ұстатып тұрып Астанаға алып кетуге үгіттеді. Ол кезде мен ел ағасы болып, Шымкентке орнығып қалғанмын. Үйренген ортамды қимадым. Мені көндіре алмаған Жақып: «Тірі кезімде келмеген Астанаға менің өлігіме келерсің» деп қайтып кетті. Марқұм досым кейін Уфа қаласында қайтыс болып, денесін елге алып келгенде Шымкенттен жаназасына бардым. Қарағандылық досым Аманжол Сәлімбаевтың әйелі Баян: «Сапар, тым құрыса сен аман бол. Аманжол мен Жақыптың көзін көргендей болып жүрейін» деп қазақы дәстүрмен жоқтау айтқанда жыламаған жан қалмады. «Қайран досым, Астанаға мен өлгенде келерсің деген едің, шынында жаназаңа келдім-ау» деп қатты күйзелдім.
–Сіз Оңтүстікте ең жасы үлкен актерсіз, кейінгі жастардың рухани-материалдық жағдайына не айтар едіңі?
–Жалпы театрда талантты жастар өте көп. Кейде соларға қарап отырып жастық шағымды есіме аламын. Өкініштісі, оларға назар аударып жатқан ешкім жоқ. Алматы, Астана секілді үлкен қалаларда тым құрығанда телеэкрандардан көрінуге мүмкіндік бар. Ал Оңтүстік өңірінде жым-жырт тыныштық. Жастар еленбейді. Оларды қолдап, қуаттап, арқадан қағып, шабыттандырып отырса қанатын кеңге жаяр еді ғой. Мардымсыз жалақыға күн көріп жүрген, еңбегі еленбеген таланттың іштей мүжілмесіне кім кепіл? Арагідік киноға түскен болады, ал кино деген, Асанбай Асқаров айтқандай, «шахтер де, боксер де түсетін» дүние. Нағыз дарын, шынайы өмір, шын талант сахнада байқалады. Бізде рухани құндылықты бағалау кем түсіп жатыр. Мұстафа Кемал Ататүрік: «Біз бәріміз Парламент депутаты бола аламыз, министр бола аламыз, тіпті республика президенті де бола аламыз. Бірақ ешқайсысымыз өнер адамы бола алмаймыз. Осылай болғандықтан да өнер адамы біздің емес, біз өнер адамының қолын сүйеміз» деп бекер айтқан жоқ қой.
–Жұмат Шанин атындағы театрға академия мәртебесін алуға мұрындық болған сіз екенсіз?
–2013 жылы түсімде Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Сапар, театрларың академиялық болды» деп құттықтап жатқанын көріп, қуанып ояндым. Ертеңгісін жұмыста ұжымдағы жігіттерге айтып едім, біразы «Семейдегі Абай театрының, ұйғыр, неміс-орыс театрлары тұрғанда бізге академияны бермейді» ғой деп күмән келтірді. Облыстық мәдениет басқармасының сол кездегі басшысы Күлия Айдарбекова: «Бұл ойыңыз жақсы екен. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қабылдауына кіріңіз» деді. Облыс әкімі мені жылы қарсы алды. Қабылдауына кірген соң: «Інім, біздің театрға Хадиша Бөкеева, Әмина Өмірзақовалардың еңбегі сіңген. Мен солардан қалған жұрнақпын. Бұл киелі шаңырақ академиялық болуға лайықты деп келдім де, түсімді айтып едім, Асқар Мырзахметов орнынан тұрып кетті. «Түсіңіз жақсы екен, Сапар аға, түсіңіз жақсы екен» деп қуанып сала берді. Содан соң бұл әңгімені тиісті орындарға жеткізуге уәде берді. Келесі жылы Шымкентке сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы келді. Сол сапарында министрге театрымызға академия мәртебесін беру жөніндегі өтінішімді айттым. Ақыры менің сол талап-тілегім оң нәтиже беріп, 2015 жылы театрымыз Ж. Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры атағын иеленді.
–Сапар аға, өнер жүрген жерде сезімнің қоса жүретіні де анық қой. Махаббат тақырыбын да сөз етейік.
–Жұбайым Сара Нығметқызымен бірге оқығанмын. Апаңа кезінде біраз жігіттер жүрегін ұсынып қарата алмаған еді. Менің, әйтеуір, бағым жанып кетті. Екеуміз қол ұстасып Бостандыққа аттанар алдында Алматыда тұратын әпкесі Қаман мен жездесі Дүйсеннің алдынан өтуге бардық. Әпкесі: «Сен әртіссің. Ертең беті жылтыраған біреуге айырбастап, бауырымды тастап кетесің» деп ыңғай бермей тұр еді, жездесі марқұм Дүйсен Қаражанов: «Осындай жігітке бермегенде кімге бересің? Барыңдар мен рұқсатымды бердім» деп шығарып салды. Сол кезде мен: «Сүйіп қосылған қосағымды ешқашан жалғыз қалдырмаймын» деп уәде бердім. «Уәде – Құдайдың үйі» деген қазақта. Содан бергі алпыс жылдан аса уақытта өмірдің қиындығы мен қуанышына бірге ортақтасып келеміз. Талай-талай кикілжіңдер мен түрлі оқиғалар болды. Бірақ сенім мен бірлігімізді жоғалтпадық.
Сенім дегеннен шығады, қайбір жылы үйге бір жас қыз қайта-қайта телефон соғып, тыным бермеді. Өнерде жүрген соң талай қыз-келіншектердің көзіне түстік қой. Оған апаң да үйреніп қалған. Әлгі қыз қоңырауын тым жиілетіп жіберген соң маған: «Әй, Сапар, мына қызға барып бірдеңе десеңші» деп желкелегендей етіп үйден шығарып жіберді. Ол қызбен саябақта жолықтым. 26-27 жас шамасындағы бойжеткен екен. «Сіздің барлық рольдеріңізді көріп жүрмін. Төртінші сыныптан бері сіздің спектакліңізден қалмаймын» деп маған кәдімгідей сезімін білдіріп тұр. «Шырағым, өнерді түсінгеніңе, бағалағаныңа, сезіміңе мың алғыс айтамын. Менің жасым 66-да. Сен қызымнан да кіші екенсің. Сенің жастық шағыңды ұрлауға азаматтық, әкелік, аталық арым жібермейді. Бұл менің жасыма лайықты тірлік емес. Әлі-ақ бағың ашылып, бақытыңды табасың» деп батамды беріп, шығарып салдым. Содан кейін ол қызды көрмедім.
–Әңгімеңізге рақымет!
Сұхбаттасқан Пернебай САПАР.