Әрбір этнос – біздің байлығымыз

Толерантты Қазақстанда әрбір этнос өкілінің құқығы назардан тыс қалмаған. Түрістан облысындағы Татарлардың қазақ халқымен байланыс тамыры тереңде. Арыс қаласындағы татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Байков Расиль Ахметзияұлы 1956 жылы 29 ақпанда ОҚО Қызылқұм ауданы, Көксарай ауылында дүниеге келген. Көп балалы отбасынан шыққан. Білім беру саласы және спорт саласының ардагері, Арыс қаласының құрметті азаматы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин», «Халықтар бірлігі», «ҚХА 30 жыл», «Алғыс» төсбелгілерінің иегері. 2003 жылдан бастап татар-башқұрт этномәдени орталығының төрағасы.

«Әрбір этнос – біздің байлығымыз» — дейтін ел ағасы отбасы құндылығына да аса мән береді. Туғаннан қазақ отбасыларымен көрші тұрып, дос арттырған Расиль ағаның сүйген жары – қазақ қызы. Жүзім Мырзанқызы екеуі 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, 7 немере сүйіп отыр. Қыздары Эльмира, Зульфия — қазақ жігіттеріне тұрмысқа шықса, ұлы Талғат – қазақ қызын жар етті. Қазақ халқымен құда болған Байковтар отбасы этносаралық татулықтың жаршысы.

Расиль Байков ағамыз қай салада жұмыс жасаса да өзінің бойындағы жауаптылық қасиетімен ерекшеленеді. Спортты жанына серік еткен бапкер ретінде ерен еңбегінің нәтижесінде еркін күрестен 12 спорт шеберін, тоғызқұмалақтан 4 спорт шеберін тәрбиелеп шығарды. Талантты спортшы, ұлағатты ұстаз Расиль Ахметзияұлы этносаралық татулық пен бірлікті, ынтымақтастықтың озық үлгісі ретінде әрдайым жақсы істердің басы-қасында жүреді. Облыс және Арыс қаласының өсіп-өркендеуі жолында қоғамдық іс-шаралардан қалыс қалған емес.

«Арыс өңірінде тұратын арғы тек ата-бабаларымыз әртүрлі уақыттарда әртүрлі жағдайда қоныс аударған. Арыс – тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, олар сауда-саттықпен, түрлі кәсіппен айналысты.

-Бірлестік жұмысының басты бағыты— татарлар мен башқұрттардың өзіндік мәдениеті мен салт-дәстүрлерінің ара жігін ажыратпай, ілгері күнге жеткізу. Неге екі ұлттық мәдениет орталығы бірігіп жұмыс істейді? Өйткені татарлар мен башқұрттар арасындағы байланыс тамыры соншалықты терең әрі тығыз, оларды бөлу мүмкін емес. Осы заманғы зерттеулердің өзі екі халықтың тілі, салт-дәстүрі, мәдениеті ғана емес, гендік деңгейде де қатты ұқсас екенін көрсетіп отыр. Біз қазір ежелгі қазақ жерінде уақытпен сыналған достық жағдайында тұрып жатырмыз. Мерекелерімізді, отбасылық тойларымызды және сабантойларды бірігіп өткіземіз» — деді Расиль Ахметзияұлы.

Жұлдыз Өтегенова

Журналист, ҚХА мүшесі

 

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *