Полиция капитаны көпке үлгі

Көп ұлтты, толерантты Қазақстанның барлық азаматы тең құқыққа ие. Соның арқасында жүздеген ұлттар бірлік пен татулықтың шырағын жағып келеді. Түркістан облысы, Арыс қаласының тұрғыны қазақ дәстүріне құрметпен қарайтын, қазақтың күйеу баласы Михаил Крокустың ұлты орыс болса да қазақ тілінде мүдірмей сөйлеп, көпке үлгі болып жүр. Тіпті, өлең шығарып, жұма сайын мешітке барып тұрады екен.

Жолдастары мен таныстары Михаилді Мәди деп атап кеткен. Ал, қазақ тілін өскен ортасы қалыптастырған. Кішкентайынан қазақ отбасының балаларымен дос болған ол, бірге ойнап, балалық шақты бірге өткізген.

«1998 жылы дүниеге келдім. 9-сыныпқа дейін Леңгір қаласындағы қазақ мектебінде білім алдым. Ал, кейіннен Арысқа қоныс аударып, осындағы орта мектепті бітірдім. Қазір екі тілде де еркін сөйлеймін», — дейді ол.

Михаил Крокус — ІІМ-ге қарасты Алматы академиясының 2021 жылғы түлегі. Еңбек жолын Арыс қалалық полиция бөлімінде «жедел әрекет ету» бөлімінде бастаған. Ал, қазір учаскелік полиция инспекторы қызметін абыроймен атқарып жүр.

«Аумағымда 3000-ға жуық халық бар. Мектеп, тойхана, дүкен және өзге де әлеуметтік нысандар мен кәсіпкерлік құрылымдар орналасқан. Таңертең ертемен көшені аралап, ақсақалдармен кездесемін. Қоғамдық тыныштықты сақтау мақсатында қызмет етіп келемін», — дейді полиция капитаны.

Михайл бір жыл ішінде 10-ға жуық қылмыстың ашылуына ұйытқы болыпты. Мәселен, үйіне ұры түскен тұрғынның арызымен жұмыс істеп, сол күні ашыпты. Базардағы орын алған ұрлық жайты бойынша да дереу әрекет етіп, күдіктіні көп ұзамай қолға түсірген.

Сондай-ақ, Михаил мәдени спорттық іс-шараларға да үнемі қатысып отырады. Облыстық «Парасатты полицей» байқауында бас жүлдені жеңіп алған ол, республикалық сайыста үшінші орынды еншілепті.

«Жуырда Астана қаласында өткен «Татулық – тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық сайысқа қатыстым. Мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдеріне қолдау көрсету, мемлекеттік тілді насихаттаумен қатар ішкі істер органдарында тілдік ортаны қалыптастыру мақсатында өткен байқауға 19 полиция қызметкері қатысты. Сонда өзім шығарған өлеңмен таныстыруымды айтып, қаражорға биледім. Көрермен көз айымына айналып, ІІМ «Алғыс хатымен» марапатталдым», — дейді ол.

Михаилдің жары — қазақ қызы. Айдана екеуі отбасын құрып, бүгінде сәби сүйіп отырған бақытты жанұя.

Жұлдыз Өтегенова

Журналист,ҚР ҚХА мүшесі

 

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *