1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың тарихи маңызы

ХХ ғасырдың басында капиталистік елдер арасындағы қайшылықтар күшейіп, 38 мемлекет қатысқан 1 дүниежүзілік соғыс басталды. Бұл кезде қазақ елі қиын жағдайда тұрған еді. Ресей Азиялық Шығысты отарлау мақсатында 1907-1912 жылдары 2 млн 400 мың адамды қазақ даласына күштеп әкеліп қоныстандырған еді. Қазақтар өздерінің ата қонысынан айрылып, Ахмет Байтұрсынұлы жазғандай: «Жалпы Қазақ ұлтының өмір сүруінің өзі үлкен мәселеге айналып» тұрған-ды. Қазақ даласынан тартып алынған ет, мыңдаған жылқы мен түйе майданға жіберіліп жатты.

  • Ол аз болғандай, 1916 жылдың 25 маусымында 19-бен 43 жас аралығындағы еңбекке жарамды барлық ер азаматтарды соғысқа қара жұмысқа алуды бұйырған патша Жарлығы жарияланды. Патша үкіметі орыс әскерлері мен жұмысшыларын «реквизициаланған бұратаналармен» ауыстыруды ойлады. Зымиян саясат қолданып, жергілікті әкімшілікті, байлар мен мұсылман дінбасыларының бірқатарын жалпы ұлттық қозғалыстан аман алып қалды. Олардың туған-туысқандары, балалары қара жұмысқа тартылмай, босатылып отырды. Осы жағдай қарапайым кедей шаруалардың ызасын туғызып, қазақ даласына үлкен қобалжу туғызды. Мәселен Қостанай уезі Меңдіқара болысының батырақ-шаруалары: «Кедей шаруалардың ауру балалары, жұмысқа жарамды деп танылды, ал бай балалары дені сау және тепсе темір үзетін болса да, әскери алқалардың төрағасы мен мүшелеріне көп пара бергендіктен, үйлеріне қайтарылды» деп жазған.
    Нәтижесінде патша жарлығына қарсы жауап ретінде Қазақстан мен Түркістаның халқы стихиялы түрде бір мезгілде көтеріліске шықты. Жер-жерде көтерілісшілердің жасағы құрылып, қара жұмысқа шақырылған жастардың тізімін, борышқорлық және салық тілхаттарын жойып жіберді.
    Халық дәстүрлі мемлекеттік басқару жүйелерін қалпына келтіріп, кей өңірлерде дала дәстүрі бойынша хан көтеріп жатты. Ырғыз, Торғай уезінде Ақмола облысының Ерексай және әйелді болыстарында хан мен қазы сайланды. Шерубай-Нұра болысына Нұрлан Қияшев, Қарашақ болысына Оспан Шоңов, Верный уезінің Жайымтал болысына Бекболат Әшекеев хан сайланды. Болыстық басқару жүйесі қалпына келтіріліп, ел бегі, сот алқасы, жасақшы, қазынашы, көтерілісшілер армиясының қолбасшысылары тағайындалды.
    Халық күш біріктіру қажет екендігін түсінгендіктен Верный уезінің көтерілісшілері Наманган және Таластың жоғарғы ағысындағы Әулиеата уездерінің көтерілісшілерімен, албандар ұйғырлармен бірікті.
    Сол жылы қазақ демократтарының саяси көзқарасына байланысты қазақ даласында екі партия құрылды. Бір тобы патша жарлығына қарсы шығып, майданға жігіт бермеуді қолдаса, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялылары: «Жарлыққа қарсы шықпаса жігіттер қазаға, бейнетке аз ұшырайды. Ал қарсылық қылса, елге зор бүліншілік келеді» деп, қарусыз халықтың құрбан болуынан қауіптенді. Сондықтан 1916 жылдың қазан айында «Тыңдаңыздар, қанды босқа төкпеңіздер, қарсыласпаңыздар» деп Үндеу хаттарын жариялады. Сонымен қатар, қазақтарды тыл жұмыстарына шақыруды уақытша кейінге қалдыруды ұсынып, отаршыл империямен парасатты ымырластық жүргізуге тырысып, халықтың амандығын және этностық тұтастығын сақтау идеясын ұстанды. Олар ұлттық автономия құрудан үмітті болатын.
    Ұлт азаттық қозғалысқа Тұрар Рысқұлов, Тоқаш Бокин, Ә.Майкөтов, Сәкен Сейфулин, С.Мендешев, Әлиби Жангелдин, Б.Алманов секілді Алаш азаматтары да қатысты.
    1916 жылғы ұлт азаттық қозғалыстың қозғаушы күші бүкіл Қазақстанды, Орта Азияны, Сібір мен Кавказдың бір бөлігін қамтыды. Оған көмір кеніштерінің, мұнай кәсіпшіліктерінің, Ертіс кеншілерінің, Омбы, Орынбор-Ташкент теміржолшыларының қазақ жұмысшылары қатысты.
    Қозғалыстың ең ірі оқиғаларының бірі Торғай облысында орын алды. Мұнда қазақ шаруаларының күресі мейлінше ұзаққа созылды. Торғай уезіндегі қыпшақ руынан шыққан қазақтар Орта жүздің ықпалды биі Нияздың немересі, аса беделді Әбділғафар Жонбосыновты өздеріне хан сайлап, атақты Иман батырдың немересі Амангелді Имановты сардарбек етіп тағайындады. Ол жасақ құрып, қару жасаушыларды ұйымдастырды және көтерілісшілерді әскери өнерге үйретті. Көтерілісшілер қатарын Ырғыз, Қостанай, Ақтөбе, Бақоңыр және Шоқпаркөл кеніштерінен, Орынбор-Ташкент теміржолынан келген жұмысшы шаруалар толықтырып отырды. Қазан айының соңында Амангелді Иманов бастаған 15 мың жасақ Торғай қаласын қоршауға алды. Оларды талқандауға патша үкіметінен генерал Лаврентьев басқарған тоғыз мың адамдық жазалаушылар корпусы жіберілді. Амангелді Имановтың сарбаздары Татыр, Шошқалы қопа, Күйік қопа, Доғал-Үрпек түбіндегі шайқастарда, Торғайды қоршаған кезде табан тірескен қарсылықтар көрсетті. Доғал-Үрпек түбіндегі ұрыста жеңіліске ұшырап, шегінуге мәжбүр болды. Көтерілістің аяусыз жанышталғанына қарамастан, көп жерде бой көрсету бұдан кейін де біраз уақытта жалғасын тауып отырды.
    Патша өкіметі жіберген жазалаушы отрядттары барлық көтеріліске шыққан қазақтардан аяусыз кек алды. 3000-ға жуық адам жазаланып, жүздеген елді мекендер мен ауылдар өртеліп, көптеген көтеріліске қатысы жоқ бейкүнә адамдар атылды.
    Бұл қозғалыс отаршылдық болмысқа, туған ел мен жердің талан-таражға салынуына, ұлттық және әлеуметтік езгіге шыдамаған қазақ халқының азаттық жолын аңсауы еді. Бабалардың бұл ерлік жорығы тәуелсіздіктің, ұлттық азаттығымыздың алтыннан да қымбат екендігін ұғындырып кетті.
    Гүлжан СӘДУАҚАСОВА.
    М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті колледжі, директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

.

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Менің анам

Әлемде қанша керемет болса, біріншісі және бірегейі әркімнің өз Анасы дер едім. Ең қасиетті Жан, жаныңа жақыны, жүрегіңе…