«Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының жылдық жоспары негізінде, Арыс ауыл округінде орналасқан Х.Хайтенов атындағы жеке мектебінің мәжіліс залында 20 қаңтар 2026 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзін насихаттау мақсатында ақпараттық түсіндіру тобы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Арыс ауылдық ақсақалдар, аналар, медиация кеңестерінің, ауылдық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшелері және этнос жастарына түсіндіру жұмысын жүргізді.
Кездесу барысында Базарбай Мамадиярұлы: Қазақстан Республикасының Президенті ел дамуының алдағы кезеңіне арналған салмақты әрі байыпты саяси шешімдерін жариялап, жаңа конституциялық үлгіге көшкен мемлекеттік құрылыс жайлы ойларымен бөлісті.
Жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынамын. Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту сияқты міндеттерін осы жаңа органға жүктей отырып, стратегиялық сабақтастықты сақтап қалу өте маңызды деп санаймын. Сонымен бірге, Халық Кеңесі басқа елдердегі консультативті құрылымдардың оң тәжірибелерін ескере отырып құрылатын жаңа мемлекеттік орган болмақ. Оның құрамына барлық этностың, түрлі санаттағы азаматтардың және аймақтардың өкілдері кіреді.
Қазақстанның Халық Кеңесі мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болады. Кеңесті 126 адамнан жасақтап, оған этномәдени орталықтардың 42 өкілін, ірі қоғамдық бірлестіктердің 42 өкілін және мәслихаттар мен аймақтардағы қоғамдық кеңестердің 42 өкілін қосу ұсынылды. Халық Кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды. Ал төрағасын оның мүшелері сайлайды. Кеңес төрағасының қоғамдық негізде жұмыс істеп, ротация арқылы тағайындалатын екі орынбасары, сондай-ақ хатшылық меңгерушісі болады.
Халық Кеңесіне заң шығаруға бастамашылық ету құқығы берілуге тиіс. Бұл қадам оның мәртебесін айтарлықтай арттыратыны сөзсіз. Жылына кемінде бір рет шақырылатын сессия Халық Кеңесінің жоғары органы рөлін атқарады. Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелеріне қатысты негізгі қызметі Кеңеске беріледі. Ішкі саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу жаңа органның негізгі міндетінің бірі болмақ. Бұл мекеме мемлекеттік идеологияға қатысты мәселелерді, сондай-ақ Конституцияның және еліміздегі өзге де аса маңызды құжаттардың ережелерін насихаттау жұмысымен айналысатыны туралы түсіндірді.
Сонымен қатар, Арыс ауылдық округінің өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Нодир Усманов 2026 жылға арналған бірлестіктің жұмыс жоспарын және негізгі бағыттарын қатысушыларға таныстырды.
Кездесу соңында қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
«Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалы