Интернет-алаяқтарға алданғандар саны күн санап артып барады. Елімізде жыл басынан бері 13 800 дерек тіркелген. Тұрғындардың шығыны миллиондап емес, миллиардтап саналады. Мамандардың айтуынша, халықтың көбі әлі күнге дейін интернеттегі, телефонындағы жеке деректерді қорғау жолдарын біле бермейді. Соның салдарынан алаяқтарға жем болып жатады.
Қазір интернет алаяқтар барлық жерде кездеседі.
Осы орайда Түркістан облысының полициясы ауқымды жұмыстар жүргізуде.
Жуырды полиция интернет-алаяқтыққа қарсы профилактикалық жұмыстарын мешіттерде жалғастырды. Бұл туралы Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Интернет-алаяқтықтың алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Төлеби аудандық полиция бөлімі профилактикалық жұмыстарын мешіттерде жалғастыруда.
Жұма намазы кезінде аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Мақсат Сейдуалиев пен аға учаскелік полиция инспекторлары мешітке жиналған жамағатқа интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
«Кездесу барысында полиция қызметкерлері азаматтарға күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз нөмірлерден келген қоңырауларға сенбеу, жеке деректерді үшінші тұлғаларға бермеу қажеттігін ескертті. Сонымен қатар тұрғындарға кез келген күмәнді жағдайда туындаған сәтте 102 нөміріне хабарласу керектігі айтылды» дейді баспасөз қызметінің хабарламасында.
habarlike.kz