Карбон егіншілігі: Қазақстанның жылына $35 млрд пайда табу мүмкіндігі бар

Жаһандық жылыну мәселесі бүгінде адам баласының басын қатырып тұр. Соңғы 100 жылда планетамыздағы орташа температура 1 ºС-қа артқан.

Ғалымдар ауа температурасы 2 градусқа көтерілсе, экологияға орасан зор зардабын тигізетінін айтып дабыл қағып жатыр. Әлем елдері 2050 жылға қарай көміртегі бейтараптылығына қол жеткізбесе, одан кейін планетаны құтқару тіптен қиынға соғады-мыс. Осындай жағдайда ғалымдар атмосферадағы CO2 мөлшерін азайтудың түрлі тәсілдерін іздеп, шарқ ұруда. Бұған дейін олар ауадағы көміртекті азайту үшін тым қымбатқа түсетін тәсілдері ұсынып келген. Соңғы ізденістер әрі арзан, әрі пайдалы, әрі дамушы елдер де жүзеге асыра алатын жаңа жолды тапқандай. Ол – карбон егіншілігі. Ең қызығы, оны жүзеге асыруда Қазақстанның мүмкіншілігі орасан зор көрінеді.

Карбон егіншілігі деген не?

Көмірқышқылы газын шығару мөлшерін азайту үдерісін «көміртексіздендіру» (декарбонизация) деп атайды. Оған жетудің екі жолы бар. Біріншісі — көміртегінің қоршаған ортаға таралуын және бөлінуін азайту. Бірақ әлемдік өнеркәсіп қазір оған дайын емес. Бұндай қадамға бару үшін өнеркәсіпті түбегейлі қайта құру керек. Бір сәтте мұндай ауқымдағы жаңғырту жұмысын жасай салу мүмкін емес.

Екіншісі – парниктік газдарды сіңіруге бағытталған экологиялық жобаларды іске асыру. Парниктік газдарды сіңірудің үш түрлі тәсілі бар:

1) Физика-химиялық. Үлкен кәсіпорындарда көміртекті ұстап қалатын түрлі сіңіргіштер мен сүзгіштерді қолдану арқылы жүзеге асады. Кейін ондай сүзгіштер жойылады.

2) Геологиялық. Көмірқышқыл газы жер қойнауына сорғызылып алынады да, сонда жойылады.

3) Биологиялық. Көміртекті сіңіретін өсімдіктерді өсіру. Мәселен, кейбір балдырлар мен бактериялар көміртекті оттегіне айналдыратыны баяғыдан мәлім. Ал, картоп СО2-ні крахмалға, қант қызылшасы қантқа айналдырады. Біз тарқатып, талдағалы отырған карбон егіншілігі, міне, осы заңдылыққа негізделген.

Бір сөзбен айтқанда, карбон немесе көміртекті егіншілік — атмосферадан органикалық көміртекті сіңіріп алатын және оны топырақ қабатында сақтайтын өсімдіктерді өсірумен айналысатын аграрлық бизнестің ерекше түрі.

Дейтұрғанмен, карбон егіншілігін тек көмірқышқылы газын жақсы сіңіретін ағаштар мен шөптерді өсіретін шаруашылық түрі деп қана қабылдауға болмайды. Оған көміртекті сіңіретін барлық тәжірибе мен тәсілдер жататындықтан, топырақ қабатын сауықтыру, карбон полигондарын салу (ауадағы көмірқышқыл газының мөлшеріне мониторинг жасайтын алаң), топырақтың құнарлылығын арттыратын биологиялық тыңайтқыштарды қолдану секілді жұмыстар да жатады.

Коррозияға ұшырамаған топырақ — көміртекті сақтайтын табиғи қойма. Топырақ тозған, құнарлылығын жоғалтқан болса, ол көміртекті сіңіре де, бойында ұстай да алмайды. Ал оның сапасын арттыру үшін түрлі агротехнологияларды қолданып, минералдармен байытар болса, ол өнеркәсіп орындары шығарған көмірқышқыл газын сіңіріп, ұстап қалатын сүзгінің қызметін атқара бастайды. Осылайша парниктік газдар мөлшері азайып, климатқа оң әсерін береді.

Монетизация қалай жасалады?

Ірі халықаралық агрокомпаниялар көміртекті практикаға көшкені үшін фермерлерге сыйақы төлеуді көздейтін «көміртекті егіншілік бағдарламаларын» біртіндеп іске қосып жатыр. Халықаралық корпорациялар көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жоспарларын жариялап, есептерінде «офсет» деп аталатын сатып алынған көміртегі бірліктерінің көлемін көрсетеді. Офсеттің ең ірі сатып алушылары – (Google, Microsoft) цифрлық алыптар, (Delta) әуе компаниялары, (JPMorgan Chase, Goldman Sachs) инвестициялық банктер.

ҰКП Экология және тұрақты даму департаментінің жетекшісі Адина Қайратқызының түсіндіруінше, мұндай жобалар аясында, мәселен, белгілі бір аумаққа ағаш егіледі. Одан кейін халықаралық стандарттарға сай осы аумаққа егілген ағаш белгілі бір уақыт ішінде қанша көмірқышқыл газын сіңіргені, яғни офсеті есептеледі. Сіңірілген әр тонна CO₂-нің өзіндік құны бар. Осыдан кейін инвестор өзі құйған қаржыға егілген орман бір жылда қанша көлемде көмірқышқыл газын сіңіргені жөніндегі мәліметті арнайы ақпараттық алаңға шығарады. Оны халықаралық алып компаниялар сатып алады. Халықаралық компаниялар осылайша климаттық жобаларға қаржылай қолдау көрсетеді әрі экологиялық қауіптердің алдын алуға атсалыса отырып өзінің рейтінгісін көтереді.

Әлемдегі ахуал қандай?

2023 жылы дүниежүзілік парниктік газдар шығарындылары 2022 жылғыға қарағанда 1,3%-ға өсіп, рекордтық 57,1 гигатонна CO₂ эквивалентіне (GtCO₂e) жетті. Әлемдегі барлық көміртегі шығарындыларының 77%-ы G20 елдерінің еншісінде. 63%-ын ең ірі 6 ластаушы — Бразилия, Ресей, Қытай, АҚШ, Үндістан және Еуропалық Одақ шығарады.

2030 жылы парниктік газ шығарындылары деңгейі Париж келісімі бойынша қайта қаралған Ұлттық айқындалған үлестерге (ҰАҮ) қарамастан, шартсыз мақсатты көрсеткіштен 2, шартты мақсатты көрсеткіштен шамамен 5 GtCO₂e асып түседі деп болжанып отыр. Одан бөлек G20-ға мүше 20 елдің 11-і қазіргі ұстанатын саясатынан танбаса, тиісті көрсеткіштерге жете алмайды.

АҚШ пен ЕО-да 2023 жылы шығарындылар көрсеткіші аздап төмендеген, бірақ Қытай мен Үндістанда өскен. G20-ның тоғыз елінде ғана таза нөлдік шығарындыларға қол жеткізу бойынша заңды түрдегі міндеттемелері бар екенін ескерсек, әлемде бұл бағытта ілгерілеу аса бір қарқынды жүріп жатпағанына көз жеткіземіз.

Карбон егіншілігін дамыту жол картасы әзірленіп жатыр

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің бас сарапшысы Әлішер Байсейітовтің айтуынша, елімізде көміртекті егіншілікті енгізудің алғашқы жұмыстары басталып кеткен.

– ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті жол картасын әзірлеп жатыр. Кейін бұл материалдар келісілуі үшін бұл жұмысқа қатысатын мемлекеттік органдарға жіберіледі. Елімізде карбон егіншілігі тез дамуы үшін қазіргі қолданыстағы кейбір заңнамаларға тиісті өзгерістер енгізілуі қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жол картасын әзірлеу, оны бекіту үшін біраз уақыт керек болады. Жұмыс аяқталған соң ведомство оны міндетті түрде өзінің ақпараттық ресурстарында хабарлайды, – дейді сарапшы.

Ұлттық айқындалған үлес жаңарады

Ұлттық айқындалған үлес (ҰАҮ) – Париж келісімі бойынша әрбір елдің ұлттық климаттық іс-қимыл жоспары. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Климаттық саясат департаменті Климаттың өзгеруіне бейімделу басқармасының жетекшісі Шаттық Тастемірованың айтуынша, келер жылға дейін біздің елдің ҰАҮ-сі жаңарады.

– Қазіргі кезде біздің министрлік алдында жаңа Ұлттық айқындалған үлесті әзірлеу міндеті тұр. Өздеріңіз білетіндей, Париж келісімі елдері өздерінің ұлттық айқындалған үлесін жаңартып тұруы керек. Біздің бұған дейінгі ҰАҮ-мізде 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы көрсеткіштен 15 пайыз төмендету міндеті жазылған. Енді келесі өтетін COP саммитіне дейін біз жаңа кезеңді қамтитын ҰАҮ ұсынуымыз және оны келесі жылдың алғашқы жартысында таныстыруымыз керек, – деді ол.

Біздің бұған дейінгі ҰАҮ-мізде 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы көрсеткіштен 15 пайызға төмендету міндеті жазылған. Қазір Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптылығына толықтай қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Яғни, жаңа ұлттық айқындалған үлесте алға қойылатын мақсаттар межесі бұрынғыдан да жоғары болады деп жоруымызға болады.

Маңызды меморандум

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі елдің ауыл шаруашылығы секторында көміртегі кредиттерін есептеудің халықаралық стандарттарын бейімдеу үшін ORMEX және Chapter Zero Kazakhstan-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

ОRMEX – парниктік газ шығарындыларын азайтуға және тұрақты дамуға белсенді түрде ықпал ететін көміртегі жобаларын сертификаттауға және есепке алуға мамандандырылған халықаралық стандарт және тізілім. Oл ұлттық көміртегі нарығын құру және қалпына келтірілетін ауыл шаруашылығын (көміртекті егіншілік – ред.) енгізуге, елдер мен компаниялардың климаттық бастамаларына қолдау көрсету үшін инновациялық әдістемелер мен технологияларды әзірлеумен айналысады.

Chapter Zero Kazakhstan – Дүниежүзілік экономикалық форум аясында корпоративтік стратегияларға «тұрақты даму» (тұрақты даму –  қоршаған орта мен табиғи ресурстарды сақтай отырып адамзаттың қазіргі қажеттіліктерін өтеуге негізделген шаралар кешені) қағидаттарын интеграциялау үшін құрылған Climate Governance Initiative (CGI) халықаралық бастамаларының бір бөлігі. CGI-дың негізгі мақсаты – директорлар кеңесіне (басшылық құрамға) климаттық сын-қатерлер жайлы мағлұмат бере отырып, ұзақмерзімді тұрақты бизнес жүргізуді қамтамасыз етудің мүмкіндіктерін ұғындыру.

– Бұл меморандум климаттың өзгеруіне байланысты мәселелерді шешуде сектораралық ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді. «Тұрақты дамуды» ауыл шаруашылығымен біріктіре отырып, біз басқа салалар мен өңірлер үшін жаңа үлгі жасай аламыз және Қазақстанның болашақта тұрақты дамуына жол ашамыз, – деп атап өтті Chapter Zero Kazakhstan Бас директоры Сәбит Мұханов.

Еліміздегі тұңғыш климаттық жоба

Қараша айының ортасында Қазақстанда алғашқы климаттық жоба туралы келісімге қол қойылды.

Құны 2,5 млрд теңге болатын бұл жобаның атауы – Парниктік газдарды сіңіруді сатып алу туралы «Emission Removal Purchase Agreement (ERPA) келісімі. Яғни, инвестор – SEFE Marketing&Trading Limited компаниясы жобаны қаржыландырады. Қазақстандық компания — «SAFC» ЖШС ағаш егу жұмыстарын атқарады. Одан кейін халықаралық стандарттарға сай осы аумаққа егілген ағаш белгілі бір уақыт ішінде қанша көмірқышқыл газын сіңіргені есептеледі және арнайы биржада сатылады.

Жоба аясында терек, қарағаш және ілеспе тұқымдарды (тораңғы, қайың, ерен ағашы, итмұрын, шырғанақ және басқалары) қоса алғанда 3,3 млн ағаш отырғызу жоспарлануда. Ағаш егу жұмыстары су үнемдеу технологиялары мен қарқынды агротехниканы пайдалана отырып жүзеге асырылатын болады. Болжам бойынша, ластаушы заттарды шығаруды төмендетудің орташа жылдық мәні гектарына 26 тонна CO₂-ні құрайды. Небәрі 30 жыл ішінде 1,2 млн тонна көмірқышқыл газы жойылады, бұл гектарына 780 тонна CO₂-ға тең.

– Парниктік газдарды бірден-бір жақсы сіңіретін нәрсе – ағаштар. Одан кейін даланың шөптері. Көмірқышқыл газын сіңіру үшін орман егу – біздің ел үшін мүлде жаңа бастама. Бұл осындай мақсатта жасалған алғашқы келісімшарт. Біз өткен күзден бастап жасыл желекті отырғызудың офсеттік жобалары мәселесі бойынша біраз заңдарға өзгерістер енгізу жұмысын жүргіздік: Орман кодексіне, Экология кодексіне, Жер кодексіне біршама өзгерістер енгіздік. Осы жоба туралы айтсақ, Алматы облысы Қапшағай көлінің қасындағы Шеңгелді ауылының маңында коррозияға ұшыраған жерге ағаш егіледі. Биыл көктемде 200 мыңдай түп ағаш отырғызылды. Көбіне тал, қарағаш егілді. Себебі жергілікті ағаштардың тамыр жайып кетуі оңай, – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев келісімге қол қою рәсімі кезінде.

Елімізде 272,5 млн гектар жер бар. Соның тек 5 пайызында ғана ағаш өседі. Осынша ауқымды бос жерде көміртекті жобаларды іске асыру – Қазақстан экономикасын әртараптандырудың бір жолы. Бұл болашақта ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен қатар, елімізде парниктік газдар шығарындыларын сіңіруді сату арқылы мол қаражат табу мүмкін болатынын білдіреді.

Жылына 35 млрд доллар пайда таба аламыз

Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы аясында өткен климат саласындағы іс-қимыл жөніндегі әлем көшбасшыларының саммитінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отырғанын еске сала келе, бұл салада Қазақстанның мүмкіншілігі зор екенін атап өткен болатын.

– Қазақстан «көміртекті егіншілікке», яғни ауаға таралатын парниктік газдардың мөлшерін азайту және топырақты құнарландыру арқылы ауыл шаруашылығын жүргізу әдістерін енгізуге қай жағынан да қолайлы мемлекет. Бұған еліміздегі ауыл шаруашылығына жарамды 200 миллион гектар жер мүмкіндік береді. Қызығушылық танытқан тараптарды Қазақстанның осы саладағы әлеуетін зерттеуге шақырамын, – деген еді Мемлекет басшысы.

Аталған СОР29 Дүниежүзілік климат саммиті кезінде құрылған Qazaqstan павильонында «Қазақстандағы карбон егіншілігі: жаңа мүмкіндіктер» атты дөңгелек үстел өткен болатын. Осы жиында Оксфорд университетінің қоршаған ортаны өзгерту институтының директоры, қолданбалы жүйелерді талдау халықаралық институты (IIASA) зерттеу тобының жетекшісі Майкл Оберштайнер еліміздің климаттық жобалар арқылы нақты қанша пайда таба алатынын айтты.

– Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторында көміртек жинаудағы техникалық мүмкіндігі жылына 535 млн тонна деп бағаланып отыр. Тіпті, «көміртек айырбасын» тоннасына 100 доллар деп есептеліп отырған өзіндік құнымен сатқан жағдайдың өзінде бұл ел 2050 жылға қарай Парниктік газдарды сату жүйесінде жылына 35 млрд доллар пайда таба алады. Бұл ауылды елдімекендердің дамуына серпін береді. Себебі карбон полигонының әр 10 гектары екі жұмыс орнын ашады. Бұл ел халқының 45 пайызы өмір сүретін ауылдардың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартады, – дейді Майкл Оберштайнер.

Жаңа мүмкіндіктер

Әлемдегі зиянды шығарындылардың 1 пайызы ғана Орталық Азия елдеріне тиесілі. Алайда, өңір климаттың жылынуынан болатын табиғи апаттарды әлемнің басқа елдерімен бірдей бастан кешіріп отыр. Климаттың өзгеруі жаһандық су цикліне әсер етіп жатыр. СОР29 саммитінде Мемлекет басшысы осы себепті Қазақстан биыл бұрын-соңды болмаған су тасқынымен бетпе-бет келгенін атап өткен болатын.

Осындай жаңа сын-қатерлер қарсаңында жаңа мүмкіндіктер де пайда болады. Қазақстан секілді жалпы аумағы 272,5 млн гектар территориясы, оның ішінде ауыл шаруашылығына жарамды 200 млн гектардай жері бар ел үшін карбон полигондарын ашуға, көміртегін жақсы сіңіретін ағаштар, шөптер өсіретін офсеттік жобаларды көбейтуге, топырақ қабатында көміртекті сіңіріп, сақтайтын агротехнологияларды дендетіп енгізуге мүмкіндік зор. Бұл экономиканың жаңа әрі тиімді саласы, жаңа жұмыс орындары, шалғай ауылдарды сақтап қалудың бір амалы. Тозған даланы түлететін тың тәсіл. Экономиканы әртараптандырудың ең пайдалы жолы. Айта берсе, ұтатын да, пайда табатын да тұсы аз емес. Бар болғаны, ұрымтал тұсты тиісті мемлекеттік органдар тиімді пайдалана алса болғаны.

Бұл жерде, бір түсінгеніміз, кешенді жұмыстар атқарылса ғана, елімізде карбон егіншілігі дамиды. Тек бір ведомство мойынға алатын жұмыс емес. Заңнамаға өзгерістер енгізу, технологияларды импорттау және қазіргі жұмыс барысымен интеграциялау, жергілікті климаттық ерекшеліктерді ескере отырып ғылыми сараптамалық жұмыстарды жүргізу, соған арқа сүйей отырып жаңа климаттық жобаларды жүзеге асыру – бәрі-бәрі бірнеше министрліктің, парламенттің, жергілікті атқарушы органдардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруын талап етеді.

Ербол Жанат kaz.inform.kz

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts