Мақтаарал ауданы ірі индустриялық орталыққа айналып келеді

Соңғы жылдары Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданы әлеуметтік-экономикалық даму бағытында айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізіп, ірі индустриялық орталықтардың біріне айналып келеді. Өнеркәсіп өндірісінің өсуі, инвестиция көлемінің артуы және жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы – аудан экономикасы нығайтып, жаңа деңгейге көтерді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Мақтаарал ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі 24,6 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21,9 пайызға өсті. Сонымен қатар былтыр 56,4 млрд теңге инвестиция тартылып, жоспар 5,4 млрд теңгеге артығымен орындалды. Бұл көрсеткіштер ауданда ірі жобалардың іске асырылып жатқанын және жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының ашылып жатқанын айқын көрсетеді.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірге инвестиция тарту, өнеркәсіп орындарын ашу, жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы орайда Мақтаарал ауданында аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен инвестиция тарту бағытында үлкен жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, өткен жылы «Агрогруз» ЖШС тарапынан бақша өнімдерін экспорттауға арналған бекет, «GOLDEN RICE» ЖШС-ның күріш өңдеу зауыты және «BEGASH» ЖШС-ның пластик трубалар өндіру жобалары іске қосылды. Ал биыл мақта тұқымын және мақта майын өңдеу зауыттары, темір-бетон және асфальт өндірістері, тігін фабрикасы, тоқыма цехы, күріш өңдеу және ет өнімдерін терең өңдеу зауыттары жүзеге асырылуда.

Ауданда жалпы аумағы 28,2 гектарды құрайтын индустриалды аймақ бар. Бүгінгі таңда бұл аумаққа 5,16 млрд теңге инвестиция тартылған. Қазіргі уақытта инвесторлар үшін тағы 2,14 гектар бос жер қарастырылып отыр.

Индустриалды аймақта бірқатар өндіріс орындары табысты жұмыс істеуде. Солардың ішінде жылына 65 мың тонна мақта талшығын өңдейтін «ZHANASSYL» ЖШС, асфальт және темірбетон өнімдерін шығаратын кәсіпорындар, мақта өңдеу және асфальт зауыттары бар. Аталған кәсіпорындар жүздеген адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 2025-2026 жылдары іске асырылып жатқан жобалар да қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде тағы бір асфальт зауытының құрылысы, пластик труба шығару, мақта тұқымын өңдеу және мақта талшығынан өнім өндіретін цехтардың құрылысы кезең-кезеңімен аяқталады.

Бұдан бөлек, Жамбыл ауылдық округінің аумағында 100 гектар жер телімі арнайы экономикалық аймақ ретінде белгіленген. Оның 50 гектары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық байланыстарды дамыту мақсатында «Орталық Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығына берілді. Қалған аумақта жалпы құны 185,1 млрд теңгені құрайтын 7 ірі өндірістік жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде 1200 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Аталған жобалар 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосылады.

Айта кетейік, бүгінде Мақтаарал ауданында инвестициялық ахуал жақсарып, отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығы күннен-күнге артуда.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Түркістан облысының әкімі Өзбекстанға жұмыс сапарымен барып, туризмді дамыту бойынша келіссөздер жүргізді

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған облыс делегациясы Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамында туризм саласына жауапты…
Толығырақ

Кәсіподақ ауқымды жұмыстар атқаруда

Елімізде кәсіподақ ұйымдары әлеуметтік әріптестікті дамытуда, өндірістік тұрақтылықты сақтауда, еңбек қатынастарын әділ реттеуде және еңбеккерлердің лайықты жағдайын қамтамасыз…