Отандық өндірушілердің құқықтарын заңнамалық тұрғыда қорғау сөз болды

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Кәсіпкерлік мәселелер жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің алғашқы жұмыс жиыны өтті. Оған партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық мәслихаттағы фракция мүшелері, салалық басқарма басшылары, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Түркістан облысы бойынша директорының міндетін атқарушы Зухра Амирова, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әбілсейіт Рабаев, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің өкілдері, облыстық партия филиалының жауапты қызметкерлері, кәсіпкерлер қатысты.

Облыстық партия филиалының кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің мақсат-міндеттерін түсіндіріп өткен Қалыйма Жантөреқызы, отандық өндірушілердің құқықтарын заңнамалық тұрғыда қорғау, кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне сай заңнаманы қайта қарап, бейімдеу, сондай-ақ кәсіпкерлік бастамаларды жандандыру үшін құқықтық базаны жаңарту жөніндегі міндеттер Мемлекет басшысының айрықша бақылауында тұрғанын айтты. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың тапсырмасымен партия жанынан Кәсіпкерлік мәселелелері жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылғанын, партия атынан бірлескен төраға міндеті партия хатшысы Эльдар Жұмағазиевке жүктелгенін, ал Үкімет тарапынан бірлескен төраға болып Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бекітілгенін мәлімдеді.

«Облыстық партия филиалы Саяси кеңес бюросының 2025 жылғы 21 қазандағы қаулысымен на сәйкес, партияның облыстық филиалы жанынан 9 адамнан құралған Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесі құрылды. Кеңеске облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков тең дәрежеде жетекшілік ететін болады. Кеңес құрамына қажетіне қарай алдағы уақытта толықтырулар енгізетін боламыз. Өңірімізде кәсіпкерліктің орнықты дамуын қамтамасыз етуде және бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасауда мемлекеттік ұйымдармен, азаматтық қоғаммен, кәсіпкерлермен, депутаттық корпуспен бірлескен іс-қимыл жүргіземіз» деді Қалыйма Жантөреқызы.

Жиынның күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Түркістан облысы бойынша директорының міндетін атқарушы Зухра Амирова хабарлама жасап, Түркістан қаласы, Жаңа қала шағын ауданындағы 11, 32, 9 көшелер бойындағы коммерциялық нысан иелері маңдайша жазулары бойынша дизайн-код талаптарын енгізуге қатысты кәсіпкерлер білдіріп жатқан шағымдардың мәніне тоқталды. Маңдайша жазуларын Түркістан қаласының бірыңғай сәулеттік стиліне келтіру мәселесі бойынша қоғамда пікір алуандығы туындап жатқанын, маңдайша ауыстыру талаптары кәсіпкерлер үшін едәуір шығынға айналып отырғанын жеткізіп, Түркістан қаласының дизайн-кодында өлшемдерді нақты көрсету, анықталған кемшіліктеді түзетуде кәсіпкерлер үшін ыңғайлы мерзімдер қарастырып беру, кәсіпкерлерге қойылатын талаптарды қайта талқылау ұсынылды.

Отырысқа қатысушылар қаланың дизайн-коды «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес қабылданғанына назар аударды. Бұл талаптарды бекітуде жарнама туралы, тілдер туралы, туризм туралы және басқа да көптеген заң талаптары ескерілгені айтылды. Ерекше мәртебесі бар қаламызды рухани, мәдени және туристік орталық тұрғысында ілгерілетуде ортақ талаптың болуы, тәртіп пен бірыңғай стильдің сақталуы маңызды екені мәлімделді. Бұл талаптар жан-жақты түсіндірілуі тиіс екеніне баса мән берілді. Кәсіпкерлер білдіріп жатқан талаптар бойынша партия тиісті басқармалардың және қала әкімдігінің қатысуымен зерделеу жұмыстарын жүргізетін болды.

Кеңес отырысында Түркістан облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов, облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Қанат Шонбасов хабарлама жасап, кәсіпкерлер мен жаңа өндіріс орындарын электр қуатымен қамту мәселесі өзекті болып отырғанын айтты. Соның ішінде Сайрам ауданындағы бірқатар өндірістік жобалар мысал ретінде атап көрсетіліп, электр қуатының жетіспеушілігіне байланысты олардың техникалық шарт алуы созбалаңға түсіп жатқанын мәлімделді.

Бұл мәселе бойынша «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС бас директорының орынбасары Ержан Қыпшақбайұлы жауап беріп, Түркістан облысында электр қуатының жетіспеушілігі бар екенін айтып, оны шешуде Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне ұсыныстар жолданғанын мәлімдеді. Ұлттық жоспар бойынша қосымша подстанциялар салу алдағы 4-5 жылдықтың еншісінде екенін айта отырып, техникалық шарттар кәсіпкерлерге ақысыз негізде берілетінінен назар аударды. Кәсіпкерлер өтініштерінің созбалаңға түсіп жатқанын электр қуаты қорының шектеулі болып отырғанымен түсіндірді. Техникалық шарт алған, бірақ қажетті қуат көлемін пайдаланбай отырған субъектілерден артық қуат көздерін кері қайтарып алу кәсіпкердің еркіндегі мәселе екенін айтып, оны мәжбүрлі түрде кері қайтарып алуға болмайтынын атап өтті.

habarlike.kz

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Инклюзивті спорт фестивалі өтті

«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде «Тең мүмкіндіктер» атты балалалар инклюзивті…