Ішкі істер саласында қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен жоғары сенімді талап ететін мамандық. Осы жолды саналы түрде таңдаған жас полиция қызметкерлерінің бірі –Дариға Тағайбай Маратқызы.
Дариға Маратқызы 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Ленгір қаласында дүниеге келген. Мемлекеттік қызмет саласында еңбек ететін отбасында тәрбиеленген ол кішкентайынан жауапкершілік пен тәртіпті басты құндылық деп қабылдап өсті. Бүгінде оның екі інісі де ішкі істер органдарында қызмет атқарады. Үлкені Қарағанды қаласындағы №61 мекемеде бақылаушы болса, кіші інісі – ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 2-курс курсанты.
Қызметке деген қызығушылығы мен елге қызмет етуге деген ұмтылысы Дариғаны 2023 жылдан бастап Ішкі істер органдарының қатарына алып келді. Еңбек жолын Түркістан облысы полиция департаментіне қарасты Қазығұрт аудандық полиция бөлімінде бастаған ол, бүгінде Төлеби аудандық полиция бөлімінде техник, лауазымында қызмет атқарып келеді.
Шенді арудың қызметі тек техникалық жұмыстармен шектелмейді. Ол деректер базасына бақылаудағы тұлғаларды, іздеуде жүрген азаматтарды, жоғалған заттар мен құжаттарды, криминалдық қаруларды тіркеу жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда. Сонымен қатар бөлімнің техникалық құралдарының үздіксіз жұмыс істеуін, аудио-радио және бейнебайланыс жүйелерімен қамтамасыз етілуін қадағалау оның күнделікті міндеттерінің бірі.
Дариға Маратқызы үшін полиция қызметі жай ғана жұмыс емес, бұл – өмірлік миссия. Әрбір жұмыс күні жаңа сынақ пен жаңа жауапкершілікті талап етеді. Ол өз қызметін халық сенімі мен абыройының өлшемі деп біледі және заң мен тәртіпке адал болуды басты қағидасы санайды.
Қызмет ету – бұл халыққа адал болу, қоғам тыныштығына үлес қосу. Ал мақсатқа жетудің басты жолы – сенім мен табандылық, – дейді жас полиция қызметкері. Қоғам қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген мұндай жас мамандар – құқық қорғау саласының болашағы екені сөзсіз.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі