Түркістанда әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі ашылды

Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының «Бөрте» әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі ашылды. Әйелдер мен қыз-келіншектерді бастамашылдығын қолдауға арналған маңызды қоғамдық-саяси алаңның ашылуына «AMANAT» партиясының хатшысы, Әйелдер қанатының төрайымы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Шолпан Каринова, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев қатысты.

Түркістан облысындағы әйелдерге арналған «Бөрте» саяси көшбасшылық мектебінің ашылуын қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыруға, олардың көшбасшылық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды әрі тағылымды бастама екенін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев мәлімдеді.

«Түркістан өңірі – тарихы терең, тағылымы мол қасиетті өлке. Түркістан облысында жалпы халық санының 49 пайызын әйелдер құрайды. Биылғы он айда өңірімізде 38 мың бала дүниеге келді. Қазіргі таңда, облыста 185 мыңнан аса көпбалалы ана бар. Оның ішінде 18 мыңнан астамы «Алтын алқа» иегері, 43 мыңнан астамы – «Күміс алқа» иегері атанған. Түркістан облысында шамамен 212 мыңнан астам кәсіпкер, оның 89 мыңға жуығын немесе 42 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Өңіріміздегі 5611 мемлекеттік қызметшінің 1572-сі нәзік жандылар, оның 233-і – басшылық лауазымдарды атқарады. Бүгін ашылуы өтіп жатқан «Бөрте» саяси мектебінің қабырғасында білім алған әйел көшбасшылар елдік мүддені алға қоятын, қоғамның дамуына нақты үлес қосатын тұлғалар боларына күмән жоқ. Бұл мектептен дәріс алған қыз-келіншектер болашақта мемлекеттік қызметте, қоғамдық-саяси салада, кәсіпкерлік пен әлеуметтік бастамаларда елге үлгі көрсетеді деген сенімдеміз» деді Ертай Кенжебекұлы.

Саясаттағы әйелдер мен олардың қазіргі және болашақ мүмкіндіктері жайлы Шолпан Таңатқызы кең мағлұмат берді. Бұл саладағы жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының біз әйелдердің құқықтарын қорғауға ерекше назар аударуымыз керек деген тапсырмасына сүйенетіні айтылды. «AMANAT» партиясының хатшысы, Әйелдер қанатының төрайымы гендерлік саясатты жетілдіру бойынша Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының негізгі ұсыныстарын, әлемдік аналитикалық орталықтардың ұлттық гендерлік саясатты бағалауларын, БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасы мен «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының кешенді әлеуметтік зерттеуін, оқу құралдарындағы гендерлік құрылымдарды зерттеу нәтижелерін таныстырып өтті. Әйелдер үшін кәсіби саладағы кедергілер, Гендерлік алшақтықтың жаһандық индексі, Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы әйелдердің көрсеткіштері, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатытының миссиясы мен мақсаттары, 10 басымдық аясындағы негізгі бастамалары, әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытуда «Tomiris» жобасының міндеттері, «Әйел аманаты» жобасының бастамалары таныстырылды.

Іс-шараға қатысушыларға ізгі тілегін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев те арнап, әйелдер көшбасшылық мектебінің ашылуы – тек білім беру жобасының басталуы ғана емес, ол – әйелдердің әлеуетін ашуға, олардың қоғамдағы рөлін күшейтуге, кәсіби және тұлғалық өсуіне бағытталған үлкен қадам екенін айтты.

«Біздің елімізде әйелдер талай салада биік белестерді бағындырып келеді. Ал көшбасшы әйел – ол тек отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен бірге жаңа ойдың, тың идеяның, әділдік пен парасаттылықтың символы. Бұл мектеп, сол құндылықтарды қолдап, жаңа буынның танымын кеңейтіп, батыл әрі білімді көшбасшылар тәрбиелеуге арналған. Сіздерге осы мектепте жемісті білім, шабытты сәттер, жаңа мүмкіндіктер мен мықты серіктестіктер тілеймін. Әрбір қадамдарыңыз сенімді болсын. Ал, алған білімдеріңіз өздеріңізге ғана емес, қоғамымызға да пайда әкелсін», деді облыстық партия филиалының төрағасы.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Түркістан облысының әкімі өзбекстан республикасының премьер-министрімен кездесті

Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Ариповтің кездесуі өтті. Кездесуге…
Толығырақ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Түркістан – ұлтымыздың бойтұмары, түркі дүниесінің мәдени астанасы. Бұл шаһармен халқымыздың ондаған ғасырлық тарихы сабақтастып жатыр. Ежелден құтты…