«Amanat» партиясы халық мәселесін шешуге тікелей араласады

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихатқа Қазығұрт ауданынан сайланған депутат Алтынсары Үмбетәлиев Қазығұрт аудандық партия филиалында азаматтарды қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қоғамдық қабылдауға Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмайлов қатысып, көтерілген мәселелерді жергілікті билік деңгейінде саралап, шешу жолдарын бірлесе талқылады. Бұл партияның халықпен кері байланысты нығайту, нақты мәселелерді жедел шешуге ықпал ету бағытындағы жүйелі жұмысының бір көрінісі.

Қаржан елді мекенінен келген тұрғын ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) салу қажеттігін айтты. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері жергілікті халықтың күн тәртібінде тұрғаны белгілі. Өтініш иесіне аудан әкімдігі тарапынан ФАП салуға ұсыныс берілгенін және қазір арнайы зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын түсіндірді. Әлеуметтік нысан салу тұрғындардың денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділігін арттыратын маңызды қадам екені атап өтілді.

Ал Жеңіс елді мекенінің тұрғыны Рысмахан Ахметов ауылға 150 орындық жаңа мектеп салу жөніндегі мәселесін жеткізді. Бұл елді мекенде балалар саны артып, қолданыстағы білім беру ғимараты тарлық етіп отырғаны белгілі. Мектеп құрылысына 1,5 га жер телімі бөлінген. 150 орындық типтік мектептің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған. Алдағы қадам жобаны республикалық немесе облыстық бюджеттен қаржыландыруға ұсыну. Депутат бұл бағытта партия тарапынан қолдау болатынын айтты.

Еңбекші ауылынан келген Әлімжан Шәріпхан Қ.Абдалиев ауылдық округіне қарасты Еңбекші елді мекенін табиғи газбен қамту процесін жеделдету жөнінде өтініш білдірді. Аталған мәселе бойынша нақты жұмыстар басталып кеткен. Елді мекенге газ тарту үшін топографиялық түсірілім жүргізіліп, «Қазақ АймақГаз» АҚ-нан техникалық шарт алынған. Жоба құны 844,2 млн теңге болып белгіленген. Мемлекеттік сараптама қорытындысы мақұлданып, биыл республикалық және облыстық бюджетке қаржы бөлу жөнінде өтінім жолданған. Алтынсары Дүйсенбекұлы бұл мәселені жеке бақылауына алатынын атап өтіп, газ мәселесінің кезең-кезеңімен толық шешілетінін айтты.

Жіңішке және Махамбет ауылдарының бір топ тұрғыны елді мекендердегі ескірген электр бағаналарын ауыстыру қажеттігін жеткізді. Бұл бағыттағы жоба әзір болып, сараптама қорытындысын алған. Ендігі міндет жобаны келер жылға арналған бюджеттен қаржыландыру. Қаржы қарастырылған жағдайда, ауылдағы қауіпсіз электрмен жабдықтау мәселесі толық шешімін табады.

Қызылқия ауылдық округіндегі Атажұрт ауылынан келген Талғат Ташев Айнатас елді мекенінде салынған жаңа мектеп ғимаратының құжаттандыру мәселесі туралы айтты. Мектеп құрылысы 2024 жылы аяқталып, қыркүйек айында оқушылар қабылданғанымен, нысанды ресми тіркеу барысында бірқатар кедергілер туындаған. Бұл жағдай ата-аналар мен мұғалімдерді алаңдатып отырғаны белгілі. Партия төрағасы тиісті мамандарға нақты тапсырмалар беріп, құжаттарды рәсімдеу жұмыстарының барлығын желтоқсан айына дейін толық аяқтауды міндеттеді. Бұл процесс партияның тікелей бақылауына алынды.

Қабылдау барысында көтерілген барлық мәселелер бойынша тұрғындарға толыққанды түсіндірме берілді. Әрбір өтініш тіркеліп, оны шешу жолдары анықталып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктелді. «AMANAT» партиясы үшін негізгі басымдық халықтың шынайы мәселесін шешу, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым мәселелерін жүйелі түрде бақылауда ұстау екені тағы бір мәрте көрсетілді. Партияның облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің айтуынша, кез келген өтініш назарсыз қалмайды, барлық мәселе бақылауда болады.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts
Толығырақ

Ауыл тұрғындарымен ашық диалог өтті

«AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалы мен аудандық мәслихаттың ұйымдастыруымен халықпен ашық диалог форматындағы көшпелі қоғамдық қабылдаулар басталды. Шараға…