«Ауыл аманаты» – AMANAT партиясының ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ең ауқымды, әрі нәтижелі партиялық жобаларының бірі. Бұл бастама алыстағы елді мекендерге тың серпін беріп, ауыл кәсіпкерлігін жаңа деңгейге көтеруге нақты мүмкіндік ұсынып отыр. Партия қолға алған жоба аясында ауыл халқына қолжетімді несие беріліп, отбасылық кәсіпті дамытуға жан-жақты жағдай жасалды. Нәтижесінде жүздеген ауыл тұрғыны өз ісін бастап, тұрақты табыс тауып, жергілікті экономиканың дамуына үлес қосып келеді.
Түркістан облысында жүзеге асып жатқан жобалар соның айқын дәлелі. Мемлекет қолдауы мен партия бастамасының үйлесімді жұмысы ауыл еңбеккерлеріне үлкен демеу болып отыр. Мәселен, Шұбар елді мекенінің тұрғыны Берік Пірәлі «Ауыл аманаты» бойынша 7 200 000 теңге көлемінде төмен пайызды несие алып, жылқы бордақылау ісін жолға қойды. Ол бұл қаражатқа 18 бас жылқы, қажетті жем-шөп қорын, сондай-ақ қора-жайды жөндеп, құрал-жабдықтарын толықтай сатып алған. Бүгінде оның шағын шаруасы тұрақты табысқа айналып, әр айналымнан мол пайда түсіруде.
Берік Пірәлінің айтуынша, «Ауыл аманаты» ауылда отырып-ақ кәсібін кеңейтіп, отбасының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік берген бірегей бағдарлама. Еңбектің қайтарымы айқын, болашағы жарқын. Ол алдағы уақытта мал басын 50-ге дейін арттырып, шағын жемшөп қоймасын салып, ауыл жастарына жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.
Облыс көлемінде де жобаның қарқыны жоғары. 2023–2024 жылдары несие қайтарылымдары есебінен 3,9 млрд теңгеге 506 жоба қаржыландырылды. Ал биыл республикалық бюджеттен 7,4 млрд теңге қаралып, оның алғашқы 1,4 млрд теңгесі өңірге жеткізілді. Қазіргі таңда 156 млн теңгеге 19 жоба мақұлданып, несие комитетінде жаңа өтінімдер қаралуда. Жобаға жалпы 62 ауылдық округ қатысып отыр.
«AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» ауылдың әлеуетін арттыруға, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға, отбасылық кәсіпті жаңа деңгейге шығаратын нақты қолдау. Бұл жоба ауыл тұрмысының жаңғыруына жол ашқан шынайы мүмкіндіктердің бастауы.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі