Түркістан Облысының Полиция Департаменті апта бойына ауқымды жұмыстар жүргізуде. Осы орайда Түркістан облысы ПД баспасөз қызметінің ақпаратына сүйеніп, облыс полицейлерінің атқарған жұмыстарына көз жүгіртіп едік.
«Заң және тәртіп» – қауіпсіз қоғам құруға бағытталған тиімді цифрлық құрал
«Заң және тәртіп» цифрлық сервисі – халық пен полиция арасындағы өзара байланысты нығайтатын заманауи жоба.
Бұл сервис азаматтарға құқық қорғау органдарына онлайн түрде өтініш, шағым немесе ұсыныс жолдауға мүмкіндік береді.
Пайдаланушы өз өтінішінің қабылданғанын және орындалу барысын тікелей жүйе арқылы бақылай алады. Осы орайда Түркістан облысы Полиция департаментіне жыл басынан бері 679 хабарлама келіп түскен. Оның ішінде: қоғамдық тәртіпті бұзу — 292, тұрмыстық зорлық-зомбылық — 36, жол-көлік оқиғасы – 25 және 7 қылмыстық іс тіркелген. Сонымен қатар 290 астам хабарлама басқа да құқықбұзушылық фактілерін қамтыған.
Аталған жоба ІІМ жүргізіп жатқан ауқымды цифрландыру процесінің бір бөлігіне айналды. Мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, полиция жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтар сенімін нығайту. Сервис тәулік бойы жұмыс істейді, өтініштер бүкіл ел аумағында қабылданады.
***
Құқық бұзушылықтың алдын алу
Жетісай аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың, интернет алаяқтықтың, нашақорлықтың, жолда жүру ережелерін бұзудың, сондай-ақ буллинг пен кибербуллингтің алдын алу мақсатында ауқымды семинар-жиын өтті.
Жиынға полиция бөлімі бастығының орынбасары Нұрсұлтан Елшібаев жеке құраммен жұмыс жөніндегі орынбасары Сержан Оспанов, Асықата кенті ардагерлер ұйымының төрағасы Абиназар Мырзаев және ұйым мүшесі Мұқан Молдабеков қатысты.
Жиынды полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Мейрхан Құрбанбаев ашып, өз баяндамасында қоғамдағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ білім бөлім басшысының атқарушы Шохан Адайбеков сөз сөйлеп, жасөспірімдердің тәрбиесінде мектеп пен отбасының рөлін атап өтті.
Шара барысында тақырыпқа байланысты бейнеролик көрсетіліп, қатысушыларға нақты мысалдар келтіріле отырып, құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары түсіндірілді. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қоғамда құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
***
Полиция 1700-ден астам құқық бұзушылықтың жолын кесті
«Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру және жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында Түркістан облысының аумағында «Тасымалдаушы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Негізгі мақсат-жолаушылар көлігінің қатысуымен болатын жол көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ жүргізушілер арасында тәртіп деңгейін арттыру.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары 1795 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Олардың ішінде жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 26 фактісі бар. Сондай-ақ жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 199 жүргізуші, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтағаны үшін 111, қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін 26 және мас күйінде көлікті басқарғаны үшін 15 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері жүргізушілермен және жолаушылармен жол қозғалысы ережелерін сақтаудың, құқық бұзушылықтарға жол бермеудің және жолдарда мұқият болудың маңыздылығы туралы профилактикалық түсіндіру әңгімелерін өткізді.
Полицейлер атап өткендей, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, жолдардағы апаттылықтың алдын алуға және жол қозғалысына қатысушыларда жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
***
Полицейлер жолда мұқият болуға шақырды
Түркістан қалалық Патрульдік полиция батальоны қызметкерлері жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және олардың санын азайту мақсатында рейдтік іс-шара өткізді.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары қала аумағындағы жаяу жүргіншілер көп жүретін көшелер мен қиылыстарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін сақтау маңыздылығын түсіндірді.
Рейд кезінде жол қозғалысы ережесін сақтамай, белгіленбеген жерден өткен 500-ге жуық жаяу жүргіншіге тосқауыл қойылып, оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы – жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне себеп болатын негізгі факторлардың бірі.
Осы орайда Түркістан қалалық Полиция басқармасы барлық жол қозғалысына қатысушыларды жолда мұқият болуға, өз және өзгенің өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
***
Балалар қауіпсіздігі басты назарда
Арыс қаласында балабақша тәрбиеленушілерінің өмірі мен денсаулығын қорғау, қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету мақсатында «Балалар қауіпсіздігі – басты назарда» тақырыбында профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.
Жиынға аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының инспекторлары мен Отбасын қолдау орталығының психолог маманы, сондай-ақ балабақша тәрбиешілері мен бала күтушілері қатысты.
Іс-шара білім бөліміне қарасты балабақшаларда жоспарға сәйкес өткізілді.
Онда балалардың қауіпсіздігін сақтау, төтенше жағдайлардың алдын алу, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасау мәдениетін қалыптастыру, жол жүру ережелерін сақтау сынды маңызды тақырыптар талқыланды.
Полиция қызметкерлері балалардың қауіпсіздігіне байланысты ата-аналар мен педагогтардың жауапкершілігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, немқұрайлылықтың алдын алу бағытында кеңес берді.
Ал психолог маман балалардың эмоционалды саулығын сақтау және тәрбиешілердің күйзеліс жағдайының алдын алу тәсілдерін түсіндірді. Қатысушылар баланың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ортақ міндет екенін атап өтті.
***
Оқушылармен кездесу өтті
Ордабасы аудандық полиция бөлімінің бастығы Нүркен Сарыпбеков Ішкі істер министрлігінің «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында Қараспан ауыл округіндегі І.Есенберлин, К.Омаров және Б.Оңтаев атындағы жалпы орта мектептерінде оқушылармен кездесу өткізді.
Кездесу барысында полиция полковнигі оқушыларға жолда жүру ережелері, әлімжеттік пен буллингтің зияны, есірткіден сақтану жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оларды заңды құрметтеуге және өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Сонымен қатар, Нүркен Жамбылұлы мектептердегі бейнебақылау камералары мен дабыл жүйелерінің жұмысын тексеріп, олардың үздіксіз қызмет етуіне назар аударды. Бұл – оқу орындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Кездесу соңында мектеп ұжымдары полиция қызметкерлеріне алғыстарын білдіріп, мұндай түсіндірме жұмыстарының оқушылардың тәртіп пен заңға деген құрметін арттыра түсетінін атап өтті.
***
Жасөспірімдер құқықтық мәдениетін қалыптастыру
«Заң мен тәртіп» идеологиясын насихаттау аясында кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықты, әлімжеттік пен буллингті, сондай-ақ нашақорлықтың алдын алу мақсатында Шардара қаласындағы №1 М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептің 8 «А» сыныбы, «Полиция сыныбы» мен мектеп әкімшілігінің қатысуымен түсіндіру жиыны өтті.
Іс-шараға Шардара аудандық полиция бөлімінің бастығы, Шерәлі Әділханұлы, бөлім бастығының орынбасары Д. Қамшыбеков, білім бөлімінің бас маманы Н. Әбілдаев және мектеп директоры Г. Ганиева қатысып, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында пікір алмасты.
Кездесу барысында оқушыларға заң талаптарын сақтау, өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдағы тәртіпке бейжай қарамау жөнінде кеңестер берілді. Сондай-ақ полицейлер оқушыларды өзара сыйластыққа, әдептілікке және жауапкершілікке шақырып, буллинг пен құқықбұзушылықтың салдары туралы нақты мысалдар келтірді.
Мектеп әкімшілігі мен ұстаздар мұндай кездесулердің тәрбиелік маңызы жоғары екенін атап өтіп, полиция қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.
***
Заң мен тәртіп ортақ ұғым
Төлеби ауданында оқушылар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Заң және Тәртіп» тақырыбында кездесу өтті.
Іс-шараға аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Ғалымжан Қуашбаев, ІІО ардагері полиция подполковнигі Пайзылбек Байжарханов, білім бөлімі өкілдері мен мектеп әкімшілігі қатысты.
Кездесу барысында оқушыларға аудандық «Жас сақшы» полиция сыныбының жұмысы таныстырылып, бейнематериал көрсетілді. ІІО ардагері П.Байжарханов жасөспірімдерге заңды білудің маңызын айтып, құқық бұзушылықтың алдын алуда мектептің рөлі зор екенін атап өтті.
Шара соңында мектеп ұжымы осындай кездесулердің тәрбиелік мәні жоғары екенін айтып, тарқасты
***
Полиция мен мектеп бірлесіп жасөспірімдерге құқықтық тәрбие берді
Келес ауданында оқушылар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Заң және тәртіп» тақырыбында кездесу өтті. Кездесуге аудандық полиция бөлімінің басшылығы, ІІО ардагері Байбек Пернешов, білім бөлімі өкілдері мен «Жас сақшылар» қатысты.
Полиция қызметкерлері оқушыларға жол қауіпсіздігі, буллинг, лудомания және құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар жиналғандарға тәрбиелік мазмұндағы бейнероликтер көрсетілді.
Шарада ардагер Б. Пернешов құқықтық сауаттылық пен тәртіпті сақтаудың маңызын атап өтіп, мұндай кездесулердің жастар тәрбиесіндегі рөлі зор екенін жеткізді.
Жиын соңында мектеп ұжымы полиция қызметкерлеріне алғыс айтып, ынтымақтастықты жалғастыру ниетін білдірді.
***
«Жас сақшылармен» жолықты
Сауран ауданының бас полицейі Алмат Абидинов жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Заң мен Тәртіп» тақырыбында кездесу өткізді
Іс-шара “Бабайқорған” атындағы жалпы орта мектебінде ұйымдастырылып, оқушыларға құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен заңға құрметпен қарау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесу барысында «Жас сақшы» сыныбының қатысушылары полиция қызметінің маңызын танып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Мектеп директоры Изетилла Адаев полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, мұндай шаралардың оқушылар үшін тәртіп пен жауапкершілікке деген көзқарасын қалыптастыруда үлкен рөл атқаратынын атап өтті.
Осындай кездесулер жас ұрпақтың құқықтық сауатын арттырып, әділдік пен тәртіпті өмірлік ұстаным етуіне жол ашады.
***
Есірткінің зияны сөз болды
«Заң мен тәртіп» идеологиясын насихаттау мақсатында Сайрам ауданының полиция басқармасының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында форум өткізілді.
Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Данышпан Андасбеков, имам Нұржан Абдраманов, полиция басқармасының бастығы Мұхтар Ермеков пен «Жас сақшы» сыныбының оқушылары қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы интернет алаяқтық, буллинг, лудомания, есірткі заттарының зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Шара барысында спикерлер тақырыптар бойынша мазмұнды баяндамалар оқып, алдын алу мақсатында үнпарақтар таратылды.
Кездесу соңында оқушылармен ашық сұхбат форматында сұрақ-жауап ұйымдастырылып, өзекті мәселелер қозғалды.
***
Бейнероликтер көрсетілді
Бәйдібек ауданының IT мектеп-лицейінің ұстаздары мен 300-ден астам оқушыларының қатысуымен, «Заң және тәртіп» қағидатына сай жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында арнайы іс-шара өткізілді.
Аталған шараға Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрдәлует Ажибеков, аудан ардагерлері, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақбаев Оразхан қатысты.
Іс-шара барысында Нұрдәулет Ажибеков жиынның негізгі мақсатын атап өтіп, оқушыларға буллинг, лудомания, дропперлік және нашақорлықтың зияны туралы кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ аталған мәселелердің алдын алу бойынша бейнероликтер көрсетілді.
***
Сахналық қойылым көрсетілді
«Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен, «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде, жасөспірімдермен орын алатын қылмыстар және құқықбұзушылықтардың алдын-алу мақсатында жасөспірімдермен арнайы іс-шара өткізілді» деп хабарлайды Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.
Іс-шараға, Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің бастығы Ердаулет Амантаев, орынбасары Сакен Джайлыбаев, құрметті азамат Төлемісова Роза, Ішкі істер органдарының ардагері, Бөлебай Құнанбеков, сонымен қатар Мақтаарал аграрлық колледжінің студенттері мен жалпы білім беретін мекемесінің 250-ге жуық оқушысы және жас сақшы полиция сыныбының оқушылары қатысты.
Бастапқыда, Құрманбек Жандарбек атындағы Жетісай драма театрінің әртістерімен жасөспірімдерге арналған тәрбиелік мәні бар сахналық қойылым көрсетілді.
Өз кезегінде, Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің бастығы Ердаулет Амантаев жиынның негізгі мақсатын түсіндіре отырып, оқушыларға буллинг, лудомания, дроппер және нашақорлықтың алдын- алу бойынша тақырыптарға жеке дара тоқталып, арнайы әзірлеген бейнероликтер көрсетілді.
Жасөспірімдерге қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша қажетті ақыл кеңестерін жеткізіп, өз ойларымен бөлісті.
Сондай-ақ жиынға қатысқан оқушыларға Алматы, Қарағанды, Қостанай және Ақтөбе қалаларында орналасқан Ішкі істер министрлігіне қарасты арнаулы оқу орындарына түсу ережелері таныстырылды. Жиын соңы аудандық өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен ұласты.
***
Табиғатты қорғау міндетіміз
Түркістан облысы аумағында 20 қазан мен 19 қараша күндері аралығында «Браконьер» жедел-профилактикалық іс- шарасы өткізіледі. Шараның негізгі мақсаты — табиғатты қорғау заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға тосқауыл қойып, оның ішінде браконьерлік, табиғи ресурстарды заңсыз аулау және басқа да құқық бұзушылықтарды анықтау.
Іс-шара барысында полиция басқа да тиісті сала қызметкерлерімен бірлесіп браконьерлік, жасыл желектерді кесу, объектілер мен биологиялық ресурс өнімдерінің заңсыз айналымы фактілерін анықтау жұмыстарын жүргізіп, рейд ұйымдастырады.
Сондықтан полицейлер облыс тұрғындарын табиғатты қорғау заңнамасын сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға шақырады. Табиғи ресурстарды заңсыз өндіру анықталған жағдайда әкімшілік, қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
***
Учаскелік полиция есеп берді
Төлеби аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғалымжан Қуашбаевтың бастамасымен ауыл тұрғындарымен кездесу жиындары жалғасуда.
Кезекті кездесу Тасарық ауыл округінде өтті.
Жиын барысында округке жауапты учаскелік полиция инспекторы Е.Жайлаубаев 2025 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, ауыл аумағындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында қабылданған шаралар туралы баяндады.
Атап айтқанда, мал ұрлығы, жол-көлік оқиғалары, отбасылық-тұрмыстық жанжалдар және интернет алаяқтық фактілерінің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар егжей-тегжейлі талқыланды.
Кездесу барысында полиция бөлімінің бастығы Ғалымжан Қуашбаев ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, әрбір мәселені жеке бақылауға алатынын атап өтті. Сонымен қатар ол азаматтарды құқықтық сауаттылықты арттыруға, күдікті жайттарды дер кезінде полицияға хабарлауға шақырды.
Жиын соңында тұрғындарға интернет алаяқтықтың түрлері, қаржы пирамидасы мен жалған жарнамалардан сақтану жолдары туралы құқықтық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық парақшалар таратылды.
Әзірлеген Ғ. Манан.