Түркістан облысы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті Департаментінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызметтің этикалық мәдениетін нығайту мәселелеріне арналған тақырыптық семинар өтті. Іс-шараны Департаменттің Әдеп жөніндегі уәкілі Нұрбол Нұралыұлы жүргізді.
Семинар қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты ұстаным қалыптастыруға және мемлекеттік органдардағы корпоративтік мәдениетті одан әрі жетілдіруге бағытталды. Кездесу барысында қатысушылар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартымен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарымен, сондай-ақ қолданыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын қолданудың ерекшеліктерін түсіндіретін ақпараттық материалдармен танысты.
Талқылау барысында Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілердің азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін қалыптастырудағы жеке үлгінің маңызды рөліне тоқталды. Қоғамдық орындарда мінез-құлық нормаларын сақтау, масаңдыққа салынбау, адам қадір-қасиетін төмендететін әрекеттерге, жанжал тудыруға және мемлекеттік билік органдарының беделіне нұқсан келтіретін өзге де қылықтарға жол бермеу қажеттілігі ерекше атап өтілді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындар орындарына барудан, лотереялар мен басқа да ойындарға қатысудан бас тарту қажеттігі ескертілді.
Семинардың жеке бөлімі цифрлық этика мәселелеріне және әлеуметтік желілердегі мінез-құлық мәдениетіне арналды. Қатысушыларға орынсыз контент жариялаудың тәуекелдері түсіндіріліп, ойын-сауық орындарынан, шетелдік сапарлардан, аңшылықтан түсірілген фото және бейнематериалдарды, сондай-ақ алкоголь өнімдері бейнеленген контентті жарияламау ұсынылды. Мұндай жарияланымдардың қоғам тарапынан теріс қабылдануы мүмкін екені және қызметкердің кәсіби беделіне зиян келтіретіні ерекше атап өтілді.
Мерекелік күндердің қарсаңында мемлекеттік қызметшілерге сыйлықтар, материалдық сыйақылар және ынталандырудың кез келген түрін қабылдауға тыйым салынатыны қайта ескертілді, өйткені мұндай жағдайлар сыбайлас жемқорлық көрінісі немесе мүдделер қақтығысы ретінде бағалануы мүмкін.
Іс-шараны қорытындылай келе, Нұрбол Нұралыұлы Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасын, мемлекеттік қызмет туралы нормаларды және Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын мүлтіксіз сақтау маңызын атап өтті. Ол жоғары деңгейдегі мінез-құлық мәдениеті мен құқықтық сананы қалыптастыру мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығы, есептілігі және тиімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын айтты.
Департамент қызметкерлеріне осындай оқыту іс-шараларына белсенді қатысып, кәсіби құзыреттерін нығайту және адал әрі ашық мемлекеттік қызметті қалыптастыруға бағытталған корпоративтік құндылықтарды қолдау ұсынылды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті Департаменті.
Түркістан облысы.