Ашықтық – сенім бастауы

Соңғы уақытта сот жүйесіне енгізіліп жатқан жаңалықтар жұртшылықтың бұл салаға деген сенімін күшейтіп келеді. Соның бір мысалы ретінде цифрлық технологияларды атап өтуге болады. Бүгінде сотқа жүгінетін азаматтарға электронды ақпараттық технологияларды қолдануға кеңінен мүмкіндік беріле бастады. Олар өтініштері мен арыз-шағымдарын бұрынғыдай қағаз арқылы емес, «Сот кабинеті», «Е-өтініш» қызмет көрсету жүйелері арқылы жібереді. Бұл сервистердің негізгі ерекшелігі – әрбір азамат немесе оның өкілі өзіне ыңғайлы уақытта, үйінен шықпай-ақ сотқа талап-тілектерін жолдай береді. Іс процесіне қатысушы әр адам Сот кабинетіне кіріп, бейне және аудио жазбалармен танысып, кез келген сот сатысында істі қараудың уақыты мен орны туралы хабардар болады. Істің сотқа қашан түскені, қай күні қарауға тағайындалғаны, қаралған күні, басқа да мәліметтер тараптарға СМС хабарламалар арқылы жолданады.
Халыққа бұл сервис өте ыңғайлы. Бұл сервис арқылы талап қоюға, шағым және өтініш хаттар жолдауға, мемлекеттік баж төлемін онлайн түрде төлеуге мүмкіндік бар. Сонымен бірге электронды сот құжаттарын қарауға, сақтауға, жүктеуге және талап қою туралы ақпараттар мен істің қаралу сатысын бақылап, бейнематериалдарды көруге, апелляциялық шағым, жеке шағым, қадағалау тәртібімен сот актісін қайта қарау туралы өтінішхат, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша сот актілерін қайта қарау және тағы басқа талап-өтініштермен жүгінуге болады.
Бүгінде істердің көпшілігі сотқа электронды форматта түседі. Осыған орай электронды сот залдары жасақталған. Оның негізгі ерекшелігі – ақпараттық жүйе істерді цифрлық форматта сақтай алады. Барлық құжаттар электронды карточкада сақталып, актілері соттың базасына дер кезінде салынып отырады. Бұл жаңашылдық сот жүйесі мен тұрғындар арасындағы қарым-қатынастың ашықтығын қамтамасыз етіп отыр.

Құрасбек РЫСҚҰЛБЕКОВ,
Түркістан облыстық мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының судьясы.

okg.kz

Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Related Posts